Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ақпараты бойынша 2023-2024 оқу жылында тілдерді оқытуды кезең-кезеңімен енгізу мақсатында қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптарда «Әліппе/Ана тілі» пәндері, ал «Орыс тілі» оқу пәні екінші сыныптан бастап оқытылады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Орыс тілінде оқытатын сыныптарда бірінші сынып оқушылары «Қазақ тілі» және «Букварь» пәндерін оқитын болады. «Шет тілі» оқу пәнін барлық бірінші сынып оқушылары үшінші сыныптан бастап оқиды.
«Тілдерді оқытуды кезең-кезеңімен енгізу тәсілі өткен оқу жылынан бастап іске асырылуда. Бұл тәсіл білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беретіні маңызды», - деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева.
«Тіл және әдебиет» білім беру саласы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның әдістемелік-нұсқау хатында толығырақ берілген.