Біздер -
Жетімдерміз,
Жетімдерміз.
Жетім болып жүріп-ақ жетілгеміз:
Дөңгелек жердің шарын допша қуып,
Мазасын тіршіліктің кетіргеміз.
Біздер Жетімдерміз!
Мұқағали Мақатаев
Жетім...Бұрын тұл жетім деген болатын. Әкесі де, шешесі де жоқ баланы тас жетім деуші еді. Содан кейін тастанды балалар көбейді. Қайта құру кезеңінің қиындығына шыдас бермеген талай әйел баласын перзентханада тастап кетіп жүрген замандар еді. Қазір елдің еңсесі тіктелген заманда тастанды бала жоқтың қасы дейді мамандар. Есесіне тірі жетімдер көбейген. Оны жетім деп атамай ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар деп жұмсартып айтып жүр. Бірақ сайып келгенде олар да жетім. Жетімдер үйінде тұрады. БҚО-да бүгінде сондай 745 бала бар.
Жалпы облыс аумағында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бағатын төрт мекеме бар.
«Мейірім» бөбектер үйі. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, Өмірдің қиын жағдайындағы балаларды тәрбиелеу орталығы және «Көшім» арнаулы қызмет көрсету орталығы.
Әр әйелге «мама!» деп жүгіреді
Біз алдымен «Мейірім» бөбектер үйіне бас сұқтық. Ол жерде жаңа туған нәрестеден бастап төрт жасқа дейінгі жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар тәрбиеленеді.
Бұл орталыққа бала екі жолмен түседі. Перзентханада анасы бас тартқан балалар және өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар. Екінші топтағы балаларды учаскелік полицейлер әкелетін көрінеді. Қазір ол жерде 10-нан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
- Бұл жердегі әр бала мейірімге мұқтаж. Мен таңда жұмысқа келісімен бірден балаларға барамын. Есікті ашып қалсам болды «Мама, мама» деп жүгіреді. Олар әр әйелден өз аналарын іздейді, - дейді орталық директорының міндетін атқарушы Светлана Ермекқалиева.
- Қоғамда қордаланған әлеуметтік проблема бар кезде жетім бала болады. Біздің жас қыздарымыздың жыныстық сауаты артпайынша, қоғам әйелдер мәселесін шешпейінше жетімдер үйі де, жетім бала да бола береді, - дейді бізге орталықты көрсеткен Светлана Борисқызы.
Орталық әйелдерді қолдау үшін арнайы топ та ашып қойыпты. Ол топта күндіз жұмыс істейтін, оқитын қыздардың балаларын уақытша алып қалады. Кешкісін баланы анасына тапсырады. Мұндағы мақсат ана мен бала ажырамасын деген ой.
Мекеме жетекшісі Светлана Ермекқалиева:
«Қазір баланы перзентханада тастап кету фактілері өте аз. Менің орталығымда ондай тек екі бала бар. Орталықта екі топ бар. Тастанды балалар және өмірдің қиын жағдайында қалған балалар тобы. Біз ол топты «Үміт» деп атадық. Себебі балалар бір күні анамыз, әкеміз келіп алып кетеді деп үміттеніп өседі», - дейді.
Өкінішке орай балалардың үміті ақтала бермейді. Төрт жастан кейін баланы отбасы үлгісіндегі балалар үйіне жібереді.
37 бала, 37 тағдыр, 37 тарих
Облыстағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы Сара Алпысқызының идеясымен 2003 жылы ашылған. Орталық ауласында 10 үй бар. Қазіргі уақытта балалар ауылында 37 бала тәрбиеленіп жатыр.
- Біздің үйде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 37 бала тәрбиеленіп жатыр. Әр қайсының тағдыры әр түрлі. 37 бала, 37 тағдыр, 37 тарих. Бір-біріне ұқсамайды. Бұл жерде балалар 4 жастан бастап 18 жасқа дейінгі аралықта тәрбиеленеді, - дейді балалар ауылының директоры Роза Нұржанқызы.
Орталық жанынан 2015 жылы жасөспірімдер үйі ашылған. Ол жерде 18-23 жасқа дейінгі жастар тұрады. Ондағы мақсат - студент күнінде балалар қиналып қалмасын, тұратын жері болсын деген қолдаудан шыққан.
Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы деп аталатын бұл мекемеде балалар бір отбасындағыдай өмір сүреді. Бір үйде бір ана сегіз баламен тұрады. Сол сегіз бала өзара бір туған бауырдай үлкендері кішілеріне қамқор болады.
- Бұл жердегі балалардың көбінің ата-анасы ішімдікке салынып кеткен. Біз балалардың аналарын үнемі іздеп отырамыз, әкелерін де тауып аламыз. Сөйлесеміз, отбасы құндылықтары туралы айтып түсіндіруге тырысамыз. Тым құрығанда балаңды сақтап, өсір деген қарапайым қағиданы ұқтыру үшін жұмыс істейміз. Біздің мақсат - баланы қалай да туған отбасына қайтару. Кез келген адам қателеседі. Сол әйелдер естерін жинап, сотқа кері арыз жазып, баласын жинап алып тым жақсы отбасы болып кетуге болады. Әйелдер осыны түсінсе екен, - дейді орталық директоры Роза Нұржанқызы.
Алайда ет бауыры баладан баз кешкендерге отбасы құндылығы туралы айтылған сөз дала атылған оқпен тең. Тіпті сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылған әйелдер де, әкелер де баласын кері іздеп бас қатырмайды екен.
Отбасы үлгісіндегі балалар ауылына бала асырап алғысы келетіндер жиі бас сұғады. Мысалы, былтыр 26 бала, биылға әзірге 9 баланы асырап алыпты.
Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының ауласы жайнап тұр.
- Біздің балалар осы үйлерді өздері ұстайды. Аулаға гүл егеді, жеміс-жидек егеді. Шағын жылыжайымыз бар. Сол жерде өздері еңбек етеді. Қоян ұстаймыз. Балалар бәрін өздері бағады, егеді, суарады, арам шөбін жұлады. Құмырсқа құсап тыным таппайды, - дейді мекеме жетекшісі.
- Педагогтар барынша бала бойына дұрыс тәрбие беруге тырысады. Бала өсе келе өз әке-шешесі туралы сұрап бастайды, - деді мамандар.
- Балалар өсе келе отбасылары туралы сұрап бастайды. Ол кезде баламен ересек адамдарша сөйлесеміз. Олар «мені анам неге тастап кетті, қазір қайда, әкемді білесіз бе» деп сұрай бастайды. Ондай кезде әкең анда, анаң әні. Барғың келсе бара ғой дейміз. Себебі бала 18-ден кейін шешімді өзі шығарады. Бірақ олар ата-аналарына бармайды. Бәрібір осы балалар ауылын айналшықтап жүреді. Себе олар ата-анасынан суып кетеді. Оларға осы өскен ұялары қымбат, - деп қорытты өз сөзін Роза Нұржанқызы.
Әңгімесі таусылған жұбайлар....Тірі жетім балалар
Жалғыз басты әйелдердің көбеюі, отбасы құндылықтарының төмендеуі, ер адамдардың жауапсыздығы осының бәрі-қоғамда тірі жетім балалардың санын көбейтіп отыр.
Облыстағы жетімдер үйлерін аралап шыққаннан кейін осыған көзіміз жетті.
БҚО Білім басқармасының инклюзивті, арнаулы білім беру және балалар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Сәулеш Хамзина:
«Қазір тастанды бала саны азайды. Әйелдер туа сала баланы лақтырып кететінді қойды. Қанша дегенмен халықтың жағдайы түзелді ғой, бірақ тоқтықты көтере алмай ішімдікке үйір болып, баланы тірі жетім етіп жатқан жалғыз басты әйелдер көбейді. Біздің қиындығымыз солар. Сот шешімімен ана құқығынан айырылғанына міз бақпайтындары бар. Керсінше олар одан кейін 3-4 баланы тағы туып түк болмағндай өмір сүре беретіні бізді қынжылтады», - дейді.
- Жоғарыда атап өткеніміздей облыста жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 745 бала болса, соның 513 қорғаншылық (опека) тәрбиеде, 142 бала патронаттық тәрбиеде, 26 бала қабылдаушы отбасында өсіп жатыр, - дейді мамандар.
Жетім баланы отбасына алудың төмендегідей түрлері бар.
Патронтаттық тәрбие, қабылдаушы отбасы, қорғаншылық тәрбие және өз тегін беріп баланы асырап алу.
- Бізде қазір жетім бала дегеннен көрі өмірдің қиын жағдайында қалған балалар деген дұрысырақ болады. Себебі біздегі балалардың барлығының дерлік ата-анасы бар. Тек ата-аналық құқығынан айырылғандар. Біздің облыста қазір өмірдің қиын жағдайында қалған балаларды тәрбиелеу орталығы ашылды. Сол жерде бүгінде 16 бала тәрбиеленіп жатыр. Бүгін тағы үш баланы жібереміз. Біз өз қолымызбен жетім бала санын көбейтіп отырмыз. Бірақ біз бұл қадамға амалсыздықтан барып отырмыз. Енді баланы қайда жібереміз, - дейді Сәулеш Хамзина.
Жоғарыда бізбен сөйлескен Отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Роза Нұржанқызы да - - Қоғамда тәрбиені бірінші орынға қою керек. Әкім, оның орынбасары, мектеп директоры, мұғалімдер, әлеуметтік педагог, психологтар бәрінің мақсаты бір болу керек. Дұрыс тәрбиеленген бала өсіру. Әр отбасыға дұрыс бағыт бағдар, қолдау дер кезінде жасалу керек. Сонда мынадай жетім бала болмайды, бізге жетімдер үйіне балалар келмейді, - деген еді.
«Бала асырап алғысы келетіндер көп»
Облыс бойынша 2021 жылы 34 баланы, 2022 жылы 41 баланы отбасылар асырап алған.
- Бізде бала асырап алу жемқорлыққа жол бермеу үшін ашық деректер базасы ашылды. Қазір бала асырап алу жеңілдетілді. Құжаттары да жеңіл жиналады. Мақсатымыз әр баланың отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасау. Қазір бала асырап алушының жас ерекшелігі де ескерілмейді. Бұрын тек 45 жасқа дейінгілер ғана асырап ала алатын. Бұрын үйі жоқтарға бала бермейтін. Қазір шектеудің бәрін алып тастады. Бастысы баланы баға алатын, өсіре алатын жағдайы бар отбасы болуы керек,- дейді Облыстық білім басқармасы инклюзивті, арнаулы білім беру және балалар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Сәулеш Хамзина.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz