Бәрі де Жаппар иенің қолында ғой, бұйыртсын деп айтайық, енді бір он жыл өтіп, енді бір секірсе, Ғазиз Усағалиұлы Хаймулдин 100-ге толмақ. Әзірге төрдей 90-ға толғалы отыр. Осы жолдарды оқыған жастар жағы «Бұл ақсақал кім екен? – деп ойланып қалуы мүмкін... Ал алдыңғы толқын ағалар ақсақалды жақсы біледі, өйткені ол ағамыздың есімі өткен ғасырдың сонау 60-70-80-90-жылдары жалпақ Жайық жұртына ғана емес, Қазақстанға бек мәшһүр болды.

Ұзақ жылғы қалтқысыз еңбегінің арқасында бүгінде қазақтың қадірмендісіне айналған қариялардың бірі. Ол ондай құрметке алқаусыз еңбегі, жұмыс істеген жерінде тындырған, қалдырған игі істері арқылы ие болған. Ғазекең сонау 1936 жылы 13 қазанда Орда ауданы, Талап ауылында дүние есігін ашыпты. Әкесі Усағали мен анасы Үлпеш колхоздың отымен кіріп, күлімен шыққан нағыз еңбекқор жандар екен. Орта мектепті жақсы тәмамдағаннан кейін Ғазиз Усағалиұлы Чапаев ауданындағы «Коммунизм» колхозында әуелі малшы болып еңбек жолын бастайды. Соңынан трактор айдап, ауылдағы жастардың арасында тыңғылықты істерімен, тапсырылған міндеттерді тиянақты тындыруымен көзге түседі. Көп ұзамай Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Бүкілодақтық еңбек көрігі қызады. Міне, жалындаған жастарды қатарына тартқан осынау еңбек шеруінен комсомолдың жас қайраты Ғазиз Хаймулдин де шет қалмайды. Өзінің темір тұлпарымен күндік нормасын асыра орындап, озат комсомол атанады. Талай мақтауларға ие болады. Ғазекеңнің ерен еңбектері үшін алған мемлекеттік марапаттары бүгінде бір басына жетерлік. Бірақ соның ішінде сонау жас күнінде тың және тыңайған жерлерді игергені үшін алған медалінің орны ерекше. Өйткені ол марапат Ғазекеңнің жалындап тұрған жас кезінде алған тұңғыш жоғары наградасы еді. Сосын да ыстық. Қатарынан озып еңбек етіп жүрген жас жігіттің кеудесінде бір арман бұғып жататын... Ол жоғары оқу орнына оқуға түсіп, ауыл шаруашылығы саласының бір мамандығын игеру еді. Ақыры, 1957 жылы көптен көкейге ұялаған арманға жүрексіне жүріп, құлаш ұрды. Тыңғылықты әзірліктің арқасында Саратов мемлекеттік зоотехниктік-мал-дәрігерлік институтының сынақтарынан мүдірмей өтіп студент атанды. Сөйтіп, 1962 жылы ғалым-зоотехник деген мамандық алып, жұмысқа кірісті. Ол кезде жоғары білімді ауыл шаруашылығы мамандарының тапшы кезі ғой. Сондықтан Ғазиз Усағалиұлының жұмысқа деген ынтасын, адамдармен тез тіл тапқыштығын байқаған алдыңғы толқын ағалар оны жауапты жұмысқа жұмсады. Ол – «Есенсай» совхозының бас зоотехнигі қызметіне тағайындалды. Бұл жұмысына совхоз комсомолдарының жетекшісі қызметі қоғамдық негізде қоса тапсырылды. Сөйтіп, Ғазекең үшін тынымсыз еңбекке толы қарбалас күндер басталды. Жалындап тұрған жас кезі ғой, шаршауды білмейтін, бастаған ісін аяғына жеткізбей тынбайтын. Ауылдағы комсомолдардың «көсемі» бола жүріп, бір күні тың бастама көтерді. Ол сол жылдарда ауданды айтасыз, облыс бойынша жаңа үрдіс еді. Қилыбай деген елді мекен болатын, сол жерден «Қилыбай» атты комсомол-жастар бригадасын құрды. Оған өзі сияқты жалын жастар тартылып, қой малын бағатын комсомолдардың бригадасы «Есенсайда» тұңғыш рет өмірге келіп, жұмысына кірісті.
Ғазиз Усағалиұлының сонау алыста қалған жас кезіндегі жоталы оқиғалардың қатарында тұңғыш космонавт Юрий Гагаринмен кездескені ешқашан ұмытылмайды. 1964 жылы 19 наурызда ВЛКСМ Орталық комитетінің арнайы шақырылған пленумы болды. Ол Кеңес одағының комсомол жастарын ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға үндеген үлкен жиын еді. Міне, осы пленумда атағы алысқа кеткен космонавтымен кездесті. Ашық-жарқын, қарапайым азамат екен. Сенімен күнде кездесіп жүргендей, ескі танысыңдай еш жатырқамайды. Әсіресе күн көзінен төгілгендей шуақты күлкісі айналасына жеңіл аужай сыйлап, өзіне тартып тұрады екен. Біраз әңгіме-дүкен құрды. Иық түйістіріп тұрып суретке түсті. Несін айтасыз, ол кездесу естен кетпес сәт болып қалды...
Көп ұзамай, Ғазиз Хаймулдин «Есенсай» совхозына директорлыққа тағайындалды. Бұл 1966 жыл еді. Жас директор ауылдың тек шаруашылық жағына ғана көңіл бөліп қойған жоқ, мәдени-тұрмыстық мәселелерін де естен шығармады. Ол кезде бұл совхоз мал шаруашылығымен қатар, егін егумен де айналысатын.
Совхоз қай-қай жағынан да өсіп, өркендеп сол кездегі Тайпақ ауданының іргелі шаруашылығына айналды. Облыста да озаттардың қатарынан табылды. «Есенсайдың» атағы алысқа кеткен сол жылдарда оның директоры тағы бір тың бастаманы қолға алды. Енді ылғи қыз-келіншектерден тұратын механизаторлар бригадасын ұйымдастырды. Оған ауылдың бұған дейін тракторшылар курсында оқып, механизатор мамандығын алған қыз-келіншектері комсомолға тән жастық жігермен жарқылдап кірісті. Көп ұзамай бұл бригаданың аты әуелі, ауданға сосын облысқа белгілі бола бастады. Олар өндірістік көрсеткіштерін асыра орындап, социалистік жарыстың алдыңғы шебінен көрінді. Арада бір-екі жыл өткенде осы бригададан тракторшы Райхан Мамаева Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VІІІ шақырылымына депутат болып сайланды. Иә, ол есенсайлық қыз-келіншектер бригадасының аты дүркіреген жылдары еді. Тіпті тракторшы Райхан механизаторлардың бүкілодақтық жарысына қатысып, жер жыртушылардың конкурсында жеңімпаз болып оралды. Осыдан кейін оның атына арнайы су жаңа трактор берілді. Осындай жоталы істердің басында, әрине жас директор Ғазиз Хаймулдин жүріп еді. Ол кезде жұмысымен жарқырап көзге түскен жас мамандарды бір орында көп отырғызбайтын, қызмет бабында жоғарылата беретін. Хаймулдинді де директорлығында ұзақ ұстамады. Арада 3-4 жыл өткенде Ғазекеңді Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы етіп тағайындайды. Бұл жұмысын да жақсы атқарғаны ғой, арада екі жыл өтер өтпесте Тайпақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жоғарылатылды. Ауданның ауыл шаруашылығына тікелей жауапты қызмет-тұғын. Осы жұмысын алты жыл абыроймен атқарды. Тайпақ ауданы әсіресе, «Тайпақ» қаракүл совхозы ол кезде каракүл елтірісін өндіруден Қазақстан бойынша жалғыз совхоз, одаққа мәшһүр шаруашылыққа айналған еді. Тіпті бұл шаруашылықтың аты алтын және күлгін түсті елтірі өндіруден Кеңес одағының «Алтын кітабына» енгізілген еді. Сол кезде ғой, «Тайпақ» қаракүл совхозының директоры Жақия Исатаев екеуі 1975 жылы Самарқанд қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік симпозиумға қатысатыны. Онда жержүзі елдерінде өндірілген өнімдердің көрмесі болды. Тайпақтың көрмеге қойылған елтірісі талайлардың таңдайын тақылдатып, таңғалдырды. Бұған дейін де тайпақтық елтірінің атағы талай жерге белгілі болып қалған еді. Сондықтан Самарқандтағы көрмеге бұларды арнайы ұшақпен алып барғаны да біраз жәйттен хабар берсе керек. Тайпақ ауданы сол жылдарда ауыл шаруашылығы саласында талай жетістікке жетті. Мал шаруашылығы қарыштап дамыды, егін шаруашылығы да одан қалыспады. Аудан республика бойынша социалистік жарыстарда дүркін-дүркін жеңімпаз атанып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алып отырды.
Партия сол жылдарда Ғазиз Усағалиұлын ең қиын учаскелерге жұмсап отырыпты. Қайда жұмсаса да, барған жерін түлетіп, жұмысын ілгерілетуден талмаған. Тайпақ аудандық атқару комитетінің төрағасы болып он жыл еңбек еткенін де ұмытпайды. Тіпті артта қалған шаруашылықты қиындықтан шығару үшін директорлыққа да жұмсалыпты. Қайда қызметке барса да, абыроймен атқарып, соңына із қалдырудан танбаған. Соның арқасы ғой, әр жылдарда аудандық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайланғаны. Сиездерге делегат болып қатысқан. Кеудесіне талай орден-медальдар ілінді. Ал Х шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғаны оның өз еңбегімен қандай биіктерге көтерілгендігіне нақты дәлел бола алады. Тайпақ топырағында депутат ретінде Ғазекең қандай белгі қалдырды десек, ауыз толтырып айтатын істер жетерлік. Соның ішінде 120 орындық аурухана, 750 орындық селолық техникалық училище, Индерден Калмыковқа газ құбырын тарту сияқты жоталы істер бар.
Ғазекең – бүгінде зейнеткер. Өмірлік серігі Жұбанышева Ақкенже апамыз – өмір бойы ұстаздық еткен жан. Талай шәкірттер тәрбиелеп, бүгінде Ғазиз ағамыздың төбесінен құс ұшырмай мәпелеп отыр. Ұлдары – Руслан жоғары білімді маман. Келіндері – Гүлзира Сүлейменқызы денсаулық саласының қызметкері. Немерелері – Айгерім мен Айжан жоғары білімді мамандар, Бекхан университетін бітірген.

Ғазекең зейнетке шықса да, қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұған дейін облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі болды. Облыс өміріне белсене атсалысып, талай жиындардың мінберінен өз ойларын ашық айтады. Жастармен де кездесіп тұрады. Соңғы жылдары жиі айтып, ылғи мәселе етіп көтеріп, ақыры қолға алынған Зауральный каналын жайдан-жай айтып жүрмеген екен. Қарғын су ма, жәй су ма, әйтеуір олардың қасына канал салынса, Зауральный жаққа жетуі оңай деп жүргені сол ғой... Көзімен көргендіктен, көзі жеткендіктен айтқан болатын. Оны кезінде облысты басқарған Нәжімеден Есқалиевке айтып, екеуі бірге жүріп, сол жақты аралап, дәлелдеп, сол каналды тарттырып еді ғой. Қандай су болса да, каналмен аққан су ешкімді мазаламай, елді дүрліктірмей Зауральныйға жетіп, тіптен мол болса, әрі қарай Каспийге барып құймай ма?.. Оған дейін жолшыбай, қанша шаруашылықтың жерінен өтеді, ол каналды жағалай қанша малшы-шопан отырады, жер құлпырады, мал азығы дайындалады дегендей керемет болады ғой... Азынабай – Тайпақ аймағы, төңірегі жан-жануарға, малға, құсқа толар еді. Ғазекең Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесіне жылда, көктемде түсетін қарғын судың пайдасы шаш етектен екенін әлі күнге дейін талмай айтып келеді. «Ол үшін дейді ақсақал анау Көнеккеткеннің, Қамыстыкөлдің тұсында Ащы деген өзен бар. Міне, сол Ащының өзінен бе, бойынан ба, әлде соның айналасынан ба бір қойма жасаса шіркін... Әрі қарай Азынабай – Тайпақ дегенің әзір, даяр тұрған суландыру жүйесі ғой, ештеңеге бас қатырудың қажеті жоқ. Ештеңені жаңадан жасаудың қажеті жоқ, реконструкциядан өткен, пайдалануға дайын тұр. Ал анау су қоймасын, тіпті Ащыдан жасай алмасақ, сол Азынабай – Тайпақтың өзінен жасап алсақ та, керім болар еді...». Азынабай – Тайпақ аймағын абаттандыру бұл енді Ғазекеңнің өмір бойғы арманы. Қол созым жерден қол бұлғап әлі күнге үміттендіріп келеді...
Тоқсандай төбе жасқа келіп жатқан ақсақалға осының бәрі аз жұмыс па?! Әрине, аз емес! Ғазекеміз енді бір секірсе, 100-ге келмек, сол күнге жеткізсін дейік, ағайын. Өйткені көргені де, түйгені де, тындырғаны да мол осындай ағалардың ортамызда жүргені жақсы ғой!
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»