4.02.2021, 22:34
Оқылды: 272

Төбедегі қардан сақ бол!

Тұрғын үйлер мен ғимараттардың төбесіне жиналған қар, шатырлардың жиегінде «ілініп» тұрған мұздақтар адам өміріне қауіп төндіруде.  

 қар

БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Ихсановтың сөзінше, жоғарыдан құлаған мұздақтар адамдарды жарақаттап, тіпті өмірін қиюда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баян етті.

– 2018 жылы бір адамның төбесіне сүңгі түсіп, мерт болды. Жыл басынан бері облыс аумағында шатырдан қардың құлауының бір дерегі тіркелді. Көп қабатты үйдің төбесіндегі қар баланың басына түскен. Тұраққа қойылған автокөліктерді де басып қалады. Қатер аяқ астында екенін ұмытпаған абзал. Тұрғындарды осындай жазатайым оқиғалардан сақ болуға шақырамыз. Ғимараттардың қабырғаларына, балкондардың астына жақын тұрмауға, жүрмеуге тырысу керек. Шатырдан мұздақтар  немесе қалың қар құлауы мүмкін жерлерді айналып өткен жөн, - деді Бақытжан Мағзомұлы.

Қыстың қызығы қар десек те, оның да өзіндік қаупін көріп отырмыз. Сол үшін ғимараттардың шатырларына жақындамау және балалардың сондай аумақта ойнауына жол бермеуге тырысу керек. Спикер айтып өткендей, төбесінен қар түсуі мүмкін нысандар арнайы қызыл ала лентамен қоршалады. Осындай ескертуге назар аудару қажет. Адам шатырдан құлаған мұздан немесе қардан зардап шеккен жағдайда тез арада «Жедел жәрдем» шақыру керек.

 

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале