11.10.2023, 13:00
Оқылды: 95

Тоғыз кандидат тіркеуден өтті

Кеше кешкі сағат 18:00-де Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандары әкімдерінің сайлауына ұсынылған кандидаттарды тіркеу үдерісі аяқталды.

сайлау

Нәтижесінде Бөкей ордасы ауданы бойынша Нұрлыбек Дауымов, Нарынбек Кереш, Мейрамбек Ғилманов, Қаратөбе ауданы бойынша Қадыржан Сүйеуғалиев, Ермек Сайынов, Қанат Мұқанов, Тасқала ауданы бойынша Мэлс Нәріков, Бекжан Тоғжанов және Талғат Шәкіровтың кандидатурасы нақты тіркелді. Бұл туралы БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асланбек Ғұбашев мәлімдеді.

– Тоғыз үміткер үгіт-насихат жұмысына кірісті. Қалған кандидаттардың тіркелмеу себептері әрқилы. Кейбіреуі үлкен бәсекелестікті сезініп, өз арызы негізінде кандидаттықтан шығарылса, кейбіреуі құжаттарын толық тапсырмады, кейбіреуінің кандидатурасы сайлау талаптарына сәйкес келмеді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес жоғарыда аталған үш ауданда учаскелік сайлау комиссиялары 15 қазаннан бастап жұмысына кіріседі. Олардың тарапынан кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіне толыққанды жағдай жасалады. Қай жерге үгіт-насихат материалдарын ілуге болатыны, қандай ғимараттарда кездесулер өткізілетіні нақтыланды. Алдағы уақытта кандидаттардың сайлаушылармен кездесу кестесін сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп жасайды. Барлық ақпарат www.gov.kz ресми сайтында жарияланып отырады. Сайлау алдындағы үгіт 4 қарашада сағат 00:00-де аяқталады. 4 қараша – толық тыныштық күні, – деді Асланбек Зиннатұлы.

Сонымен қатар Асланбек Ғұбашев саяси науқан кезінде, әсіресе, әлеуметтік желілерде пікір жазғанда кандидаттардың жеке басындағы мәселелерді қаузамай, шама келсе, бағдарламасына баса назар аударуға, олардың іскерлік, адами болмысына нұқсан келтірмеуге шақырды.

Айта кетейік, 6 қазан күні өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов пилоттық режімдегі Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандары әкімдерінің сайлауына 16 үміткер (барлығы ер адам) ұсынылғанын тілге тиек еткен болатын. Соның тоғызы осы саяси науқанда сынға түспек.

 

Марлен Ғилымхан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале