Біздің парызымыз - қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайда азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл мен үшін бұлжымас ұстаным», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті өкінішке қарай бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қанша азаматымыз қаза болғанын айтты. «Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз. Қазақта «өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз - қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.