Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
- Бүгінгі саммит көне Сиань қаласында өтуде. Мұның зор символдық мәні бар. Өйткені, Ұлы Жібек жолы осы жерден басталған. Біздің елдеріміздің өткен тарихы, бүгіні және болашағы осы жол арқылы тығыз байланысып жатыр.
Сиань – Қытайдың бай тарихи-мәдени мұрасын, сонымен қатар, кемелденген күш-қуатын әйгілеп тұрған қала. Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор және жаһандық экономиканың көшін бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан, Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның орнықты дамуына мүмкіндік береді.
Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың орасан зор экономикалық қуатымен ұштастыру аса маңызды. Бұл қадам көп қырлы серіктeстігімізге тың серпін берері сөзсіз. Біздің еліміз осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын.
Ортақ мүддеге сай келетін ынтымақтастығымыздың маңызды бағыттарына тоқталғым келеді.
Біріншіден тауар айналымын арттыруымыз керек.
Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни, 8 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар, - деді Президент.