31.05.2021, 16:23
Оқылды: 70

Тор қапас болған тоталитарлық режим

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары күніне байланысты іс-шаралар қалалық зираттағы ескерткішке гүл шоғын қоюдан басталды. Бейіт басына зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және еңбек ардагерлері барды. Облыстық орталық мешіттің бас имамы Бақытжан Сабыралиев Құран оқыса, Спасо-Преображенский шіркеуінің өкілі, Приуралье округінің қызметшісі Владимир әкей де діни рәсім жасады.

5E9E8F3A-BB2C-44EB-A479-A631FD7B1FF0

«Саяси репрессия мен қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Тарихтағы қателік болашақ үшін сабақ болуы тиіс. Мамырдың 31-ін жалпыхалықтық аза тұту күні деп есептеймін», – деді Орал қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Ольга Исаева. Танымал күйші, домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев большевиктік саясат салқыны тиген әулет өкілі екенін айтты. «Қазан төңкерісінен кейін Жаңақала ауданының аумағын жайлаған арғы аталарыма қысым күшейді. 1928 жылдан бастап қырда отырған шаруалардың қорасын тінтіп, мал-мүлкін талан-таражға салу көбейді. Тіпті тышқақ лақ көзден таса қалмасын деп, шолақ белсенділер пішен сыртына айыр ұшын да тығып қараған екен. Дүрмек кезінде көпшілікті үрей буғаны сондай – ағайын-туыс, көрші-қолаң арасында дау туып, тіпті бір-бірінің құмда жасырған малы бар екенін айтуға дейін барған. Малы талауда, басы дауда қалған қазақтар Ресейдің Волгоград, Астрахан облыстарына, одан әрмен Башқұртстан жеріне жан сауғалады. 1931 жылы менің әкем Қуанғали, оның інісі Ораздәулет мен қарындасы Жұмазия Астрахан аумағына барып қоныс тепті. Алтын орда хандығының орталығы болған осы тарихи жерде туып-өстім. Атамекен ыстық қой, Қазақстанға қайта оралдық», – деді күйші.

Сол күні облыстық қазынашылық ғимаратының қабырғасына Қазақстанның орталық атқару комитетінің мүшесі Есет Тоқсановқа (1899-1938) арналған ескерткіш-тақта орнатылды. Есет Мырзағалиұлы 1929-31 жылдары осында тұрған екен. Ескерткіш-тақтаның ашылуына байланысты өткен шараға қоғам қайраткерінің ұрпағы, облыстық онкологиялық диспансердің директоры Ерлан Тоқсанов қатысты. «Есет Мырзағалиұлы Жаңақала мен Орда біріккен кезде, аудандық атқару комитетін басқарған. Ол кезде облыс бойынша орталық атқару комитетінің мүшелігіне екі адам ғана тағайындалатын. Коммунист көсемдер құрметіне ұлдары мен қызын Вилен, Марлен, Клара деп атады. Осылайша Кеңес үкіметіне жан-тәнімен беріле қызмет еткен Есет Тоқсановты озбыр үштік 1938 жылы «халық жауы» деп айыптап, ату жазасына кесті.

Атам халықты ашаршылықтан алып қалу жұмысына белсене атсалысқан. Бірде осындай қарбалас шаруамен жүрген кезде колхоз төрағасының үйіне түседі. Сол шаңыраққа жеті жасар бала келеді. Үлкендер жылы қабақ танытып, ас-ауқат береді. Қаршадай ұл домбырамен ән әуелетіп, өнер көрсетеді. Талант талабына риза болған атам жөн сұраса келе, баланың әке-шешесі аштық зардабынан қаза тапқанын біледі. Есет Тоқсанов көкөрімді жетімдер үйіне орналастырып, кейін қал-жағдайын сұрасып, қамқорлаған екен. Сол талантты бала әйгілі дирижер, халық әртісі Шамғон Қажығалиев еді. Күйші Дина Нұрпейісованың Алматыдағы өнер байқауына қатысуына жәрдемдесіп, кеңінен танылуына себепші болған. Елге шарапаты тиген атам туралы архив құжаттарымен танысуға егемендік алғаннан кейін рұқсат етілді», – деді Ерлан Виленұлы.

C1CEAF72-6927-4F80-9436-85052649E6BB

Қаланың орталық көшелері мен тарихи ғимараттарда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған бірнеше іс-шара өтті. Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі ауласындағы Алашорда қайраткері Ж.Досмұхамедов кеудемүсіні мен М.Өтемісов атындағы БҚУ жаратылыстану және жағырапия факультетінің ғимаратына орнатылған Шахзада Шаноноваға (Қаратаева) арналған ескерткіш тақта алдына гүл шоқтары қойылды. Н.Назарбаев даңғылының бойында қойылған көрнекті тұлғалар Ғұмар Қараш пен Жаһанша Досмұхамедовке арналған ақпарат тақталары таныстырылды. Тұтас ұлтқа зобалаң болған тоталитарлық режимнен зәбір шеккендер туралы ақиқат құпиясы ашыла түспек.

 Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале