Қыркүйектің 30-ы күні түнгі сағат 00.00 шамасында Орал қаласындағы түнгі клубтардың бірінің жанында ер адамдар төбелескен, деп хабарлады БҚО полиция департаменті.
БҚО ПД жедел басқару орталығының инспекторлары сыртқы бейнебақылау камералары арқылы бейтаныстар жанжалын бірден байқаған.
Оқиға орнына тез келген полиция қызметкерлері мас күйінде бір-бірімен төбелескен төрт ресейлікті ұстады. Бұл факт бойынша материал жиналып, куәгерлерден жауап алынды. Жанжалға қатысқандар Абай полиция бөліміне жеткізілді.
Тәртіп бұзғандарға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық»), 440-бабы («Қоғамдық орындарда мас күйінде болу») және 437-бабы («Тыныштықты бұзу») бойынша іс қозғалды.
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен аталған кодекстің 434-бабында көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Ресей Федерациясының 1992 және 1995 жылдары туған 2 азаматына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуға жаза тағайындалды.
Облыстық полиция департаменті азаматтық сот РФ азаматтарының ҚР аумағынан шығару мәселесін қарайтынын хабарлаған еді.
Бүгін мамандандырылған әкімшілік сот «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» ҚР Заңының 28-бабы бойынша ҚР заңнамасын бұзған төрт шетелдікті республика аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Оның үшеуі – Саратов облысының тұрғындары болса, біреуі Башқұртсан Республикасының Уфа қаласынан келген екен.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz