21.11.2023, 10:15
Оқылды: 307

Төртінші ұрпақтың тойы

Ақжайық ауданының құрметті азаматы, «Нұртілек» шаруа қожалығының басшысы Нәсіпқали Қайырқомов екеуміз сонау бала кезден бірге келе жатырмыз. Чапаев ауданының «Киров» колхозындағы жетіжылдық мектепті бітірген ұл-қыз Тасқала ауданының көрші Оян ауылындағы орта мектепке келіп оқитын. Нәсіпқалимен сегізінші сыныпта танысып, достасып кеткен едік.

Нариков1

«Сұраса келе, қарынбөле шығады» дегендей, Нәсіпқалимен аталас туыс, құрдас, тағдырлас екенбіз. Әкелеріміз қан майданға аттанғанда, ол да, мен де бесікте жатсақ керек. Біз – әке жүзін елестете де алмай, алақанының жылуын сезінбей өскен ұрпақтың өкіліміз. Нәкең бізбен бір-ақ жыл ғана оқып, колхоздың қара жұмысына «жегіліп» кете барды. Ол тұрмыс тауқыметінің «қамытын» мойнына тым ерте киді. Нәкеңнің «Киров» колхозында істемеген жұмысы қалмаған шығар, сірә. Шарғы бойлы, шымыр денелі, өткір көзді, сөз дегенде «келсең кел» деп тұратын оғыланды елемеу мүмкін емес-ті. Колхоз басшылығы жасы жиырмаға толар-толмас жігітке бір отар қойды сеніп тапсырды. Жоспарлы экономика жағдайында колхоздың ақсақ тоқтысына дейін есептеулі болатын. Нәсіпқали сенімді ақтап, озаттар қатарынан көрінді. Суреті колхоз, ауданның Құрмет тақталарына ілінді. Әртүрлі дәрежедегі сайланбалы құрылымдардың мүшесі болды. Орал ауыл шаруашылығы техникумын сырттай оқып тәмамдап, ірі қара малды бордақылайтын үлкен кешенді басқарды. Сол кездерде Нәкеңнің аты дүрілдеді. Бордақыланған ірі қара малды етке өткізгенде, Нәкең басқарған кешен бірінші орынды иемденіп, облыс бойынша алғаш рет оған «Нива» автокөлігі табыс етілді.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде өңірде су шаруашылығына үлкен маңыз беріле бастады. Төрт түлік басы  мықтап өскендіктен, мал тамағын өндіру, жайылымды кеңейте түсу қажет болды. Мал шаруашылығына маманданған Нәсіпқалиды аудан басшылығы су шаруашылығы саласына жұмысқа жіберді. Миллиондаған текше метр өмір нәрін жинаған Киров су жүйесіне бастық болған Нәкен, Бузулук қаласындағы су шаруашылығы техникумына сырттай оқуға түсті. Сөйтіп, «су атасы Сүлеймен» болуына тура келді. Нәкең бұл бағыттағы шаруаны да дөңгелетіп әкетті. Еңбегі еленіп, сый-құрметке бөленді.

КСРО ыдырап, одақтас республикалар тәуелсіздігін жариялап жатты. Колхоз, совхоздар өмір сахнасынан кетіп, шаруа қожалықтары пайда бола бастады. Коммунизмге бағыт алған жұрт абдырап-абыржып қалды. Өмірден мол тәжірибе жинақтап үлгерген Нәсіпқали қолындағы малдан шаруа қожалығын құрды. Қожалыққа Жомарттан туған немересі Нұртілектің есімін берді. Жылдар өте келе, төрт түлікті өз төлі есебінен көбейтіп, «Нұртілек» шаруа қожалығы қанат жая түсті. Ет, шұбат, қымыз өндіріп, нарықтық экономикаға  тез  биімделді.

Жасы 85-ке таяп қалса да, Нәкең шын мағынасында аттан түспей, бастаған ісін дамытып келе жатыр. Ынталы ұрпақтарын атакәсібіне баулып, ауылдастарын жұмысқа тартып отыр. Еңбек өтілі жетпіс жылдан асып бара жатқан мұндай шаруақор жан облыс көлемінде саусақпен санарлық болар деп ойлаймын. Иә, Нәсіпқали Қайырқомұлының еңбек жолынан хабардар еттім, енді отбасылық өміріне де тоқталып өткенім жөн болар. «Мен бұл өмірде неге қол жеткізсем, бәрі анамның арқасында» деп отырады қазір Нәкең. Бұл баланың ана алдындағы перзенттік парызы жағдайында айтыла салған сөз еместігін бірге келе жатқан мына біз жақсы білеміз. 104 жасында өмірден өткен Қайша анамыз бітімі бөлек жан еді. Жиырма бес жасында жесір қалған ол үш жасар қызы Нәсиманы, жасқа толмаған Нәсіпқалиды тағдыр талқысымен тайталаса жүріп жеткізіп, қатарға қосты. Қызды тұрмысқа берді. Бұғанасы бекімеген ұлы екеуі түтін түтетті. Атақты аға сауыншы болып, колхоздың сүт фермасында еңбек етті. Депутат та болды. Нәсіпқалидың ең алғашқы үлгі алған адамы өз анасы болды. Адал еңбектің адамды асырап қана қоймай, абырой әкелетінін Нәкең бала кезінен санасына сіңірді.

Қайша анамыз Нәсіпқалиға үйлену керектігін жиі айтатын болды. Жиырма жастағы аға шопан төңірегіне танылып қалған-ды. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, ауылдың бойжеткендері Нәкеңе, Нәкең оларға көз салып қалатын. Қайша анамыздың көзі көрші ауылдағы майдангер Меңдігерейдің қызы Қоңыршаға түсіп жүрген екен. Ана ығында өскен ұл бөтен мінез танытпаса керек. Және де оныншы сыныпты бітіріп, институтқа оқуға түсуге мүмкіндігі бола тұра, отбасы жағдайына байланысты ауылда жүріп жатқан Қоңырша аруды Нәкең де ұнатып қалған болатын. Содан Нәсіпқалидың болашағын болжаған колхоз басқармасының төр-ағасы Мұқанбетқали Хайруллин үйлену тойының жоғары дәрежеде өтуін қадағалап, күйеу жігітіне өз ат-шанасын береді. Қоңырша Меңдігерейқызы 1960 жылдың желтоқсан айының 31-і күні Қайша анамыздың қолына келін болып түседі. Бұған, міне, 63 жыл болып отыр. Зулаған жылдар-ай десеңізші. Біздер, сыныптастары мен туыстары Нәкеңнен қол үзген емеспіз. Сағынгерей Әбілхайыров, Әбухан Хайыров, Оңайбек Нығышев, Нәбидолла Хожин, Серік Жанекенов және тағы басқаларымыз «Киров» колхозы, кейінірек «Алғабас» совхозында еңбек еткен Нәсіпқалидың шаңырағында жиі болып жүрдік. Нәсіпқали мен Қоңырша да біздердің шақыруымызды қабыл алып, ат ізін суытқан емес.

Нәкең ағалыққа ерте бет бұрды. Біз әскер деп, оқу деп жүргенде, ол төрт-бес перзенттің әкесі атанды. Өмірлік тәжірибе жағынан бізден мойны озық болды. Біз оған қарап бой мен ой түзедік.

Лидерлік, яғни көшбасшылық қасиет адамға қайдан, қалай келеді? Көп оқыған адамдар бар. Оқығанын тоқып, әжептәуір айта алатын адамдар да кездеседі. Бірақ лидер, көшбасшы емес. Неге? Көп білген бір бөлек те, көпті аузына қаратқан бір бөлек болса керек. Демек, көшбасшылық адамның табиғатында жатады. Бала кезден бойға сіңген халықтық қасиет үлкен рөл атқарса керек. Нәкең еңбек жолын бастаған кездерде ел басына түскен небір нәубеттерді көрген қариялар бар болатын. Оларды шетінен абыз еді демесек те, арасынан өмір құбылыстарын саралап, дұрыс баға бере алатын ақсақалдар кездесетін. Құймақұлақ Нәсіпқали осындай ортада өсіп-жетілді. Нәтижелі еңбегінің арқасында еленіп, елдің сый-құрметіне бөленді. Бұларға қосымша үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Нәкең  торқалы тойда да, топырақты өлімде де қолының ашықтығын танытып келе жатыр. Ол – қуанғандармен  шын қуана, қайғырғандармен шын қайғыра білетін үлкен жүректілігімен ерекшеленген жан. Жоғарыда айтылғандардың бәрі қосыла келе көшбасшы деңгейіне көтеріліп отыр. Нәкеңмен бір рет жүздескен адам, қайтадан жүздесуді аңсап тұратынын Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Илья Жақановтың айтқаны бар еді.

Нәсіпқали мен Қоңырша сегіз ұл-қыздан қырық шақты немере-шөбере сүйіп отыр. Балаларының алды зейнеткер қатарына қосылуда. Әке-шеше барында олар өздерін жас сезінуге құқылы.

Жақында Нәкең мен Қоңырша Жомарт пен Жұмағыздың кенже қызы Айнашты ұзатты. Біздер, үлкендер дүркіреген тойдың төрінде отырдық. Ақ Жайық атырабына аты мәлім ақсақалдың немересін ұзату тойына алыстан-жақыннан көптеген қонақ келді. Қиялды қанаттандыратын, жанды жадырататын, ең бастысы ойландыратын тілектер аппақ қардай жауды. «Әулеттің төртінші ұрпағының тойына жиналып отырмыз. Қайша әжеміз Айнаштың кіндігін кессе, анасы Жұмағыз ақ сүтін берді. Қоңырша апамыз қанатының астына алды, Нәсіпқали ағаның тұңғышы – Ақмарал да Айнашты тәрбиелеп өсірді. Осындай әр жүректің жылуына бөленіп, бақыт құшағында болған Ай-наш өмір бойы бақытты болуға лайық! Барған ортасы осы үрдісті жалғастырып, жас жанұя, бүкіл әулет бақытқа кенелсін деймін», – деп тілегін айтқан еңбек ардагері Меңзипа Жұматова.

Бұл сөздер тойда айтылған тілектердің тобықтай түйіні болды. «Той болады, тойда келетін ой болады» деген екен бірде академик Зейнолла Қабдолов. Сол айтқандай, осынау мақалаАйнаш немереміздің то-йы әсерінен қағазға түскен еді. Қарияларға ұрпағының қызығын көруге жазсын!

Айтқали Нәріков,

ақын,

халықаралық «АЛАШ»

әдеби сыйлығының лауреаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале