Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 50-ден астам қызметкері облыстық қан орталығында республикалық «25 мың құтқарылған өмір» атты донорлық қан тапсыру акциясына қатысуда.
Аталмыш акция төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына орай «Құтқарушылар күнін» мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылды.
– Әлемде жыл сайын миллиардтаған адам қан құюға мұқтаж. Сондықтан біздің қызметкерлердің бұл игі ісі өмірі үшін күресіп жатқан әр адамға үлкен көмек болады деп сенемін, – деп атап өтті департамент басшысы, генерал-майор Ж.Жұмашев. Мәселен, азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері, майор Иван Вакуленко 15-ші рет қан тапсырыпты.
«Менің қаным резус факторы «теріс», бірінші қан тобына жатады. Қанның бұл тобына әрдайым қажеттілік бар. Денсаулығымда кінәрат боламағандықтан, қан тапсырғаннан кейін ешқандай да жайсыздық сезінген емеспін. Керісінше науқас жандарға қолдау білдіруге дайынмын. Орталықтың қызметкерлері де білікті, кәсіби шеберлікпен қызмет көрсетеді», – деді аға офицер.
Облыстық қан орталығының дәрігері, донорлық кадрларды жасақтау бөлімінің меңгерушісі Ағайна Халиуллина төтеншеліктердің донорлық қолдауына ризашылығын білдірді. Оның сөзінше күн сайын өңірдегі медициналық мекемелерден қанға тапсырыс түсіп тұрады. Әсіресе тромбоцит пен теріс қан тобына сұраныс көп. Ал бұл қажеттілікті өтеу үшін осындай акциялардың маңызы зор болып отыр. Жалпы орталық басшылығы немесе түрлі мекемелер жыл сайын донорлық қан тапсыру бойынша акция өткізіп отырады. Қазір облыста 10 мыңнан астам адам донор ретінде есепте тұр. Олардың көпшілігі негізінен 30-50 жас аралығындағы ер адамдар екен. Донорлардың арасында 40-тан көп қан тапсырғандар бар.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер