Жаз мезгілі төскейді малға толтырып, егінді жайқалтқан, бақша баптап, көкөніс жинайтын шаруа еңбегі қызатын шақ. Көбіміз байқай бермейтін механизаторлар да шілденің шіліңгіріне қарамастан маңдай теріне малшынып, еңбек етуде қазір. Өмірінің жиырма жылын механизаторлыққа арнаған Болат Биғалиев те осы күні қызған еңбектің қақ ортасында жүр. Бәйтерек ауданы «Асан ауыл» ЖШС-де қызмет жасайтын ол тракторшы болғанына еш өкінбейді.
Болат Биғалиев 1974 жылы Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылында дүниеге келген. Әкесі Жасқайрат пен анасы Тәрбиенің екінші ұлы. Туған жерінде мектепті аяқтасымен еңбекке араласады. Кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанған.
-КСРО құлдырап, ел іші аласапыран боп жатқан шақта Жамбыл облысы Отар ауылында әскери борышымды өтедім. Оқуға түсіп, білім алатын мүмкіндік болмады. Әскерден келісімен ауылдағы шаруашылықтың біріне жұмысқа орналастым,-дейді Болат Жасқайратұлы.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау көп елді есеңгіреткені рас. Жосалыдағы жұмысында да береке болмаған соң ғасырлар тоғысында бақытын іздеп, қала маңына жақындаған ол «Асан ауыл» ЖШС-не жұмысқа орналасады. Жастайынан техникаға құмар болған Болат ағамыз жұмысты әп дегеннен дөңгелетіп ап кетеді. Оның үстіне әскерде БМП жүргізушісі қызметін атқарғаны тағы бар.
-Әкем өмір бойы мал баққан шопан болса да, менің техникаға деген қызығушылығымды құптайтын. Өсе келе еңбекке араласқанда да трактор тілін білгенімнің пайдасы көп болды. Серіктестікке жұмысқа орналасқанымда да таңсық техникаға тап болмадым. Аз-мұз ақауын өзім жөндеп ап, жұмысты тоқтатпайтынмын,-дейді білікті механизатор.
Осы еңбекқорлығы ұнаса керек серіктестік басшысы Бейбіт Асанов Болат Жасқайратұлын қасына алдырып, Жосалыдан Погодаевқа көшіп келуге ұсыныс жасайды. Білікті маманның қадірін білетін Батнияз қарттың баласы оған үй де алып берген.
-Екі мыңыншы жылдардың басында көп адамға үй түгілі жөні түзу жұмыс табудың өзі қиын еді. Бейбіт Батниязұлының ұсынысын бірден қабыл алдым. Туған жерімді қанша қимасам да, Погодаев та қазақ елінің бір бөлігі ғой деген оймен көшуге келістім,-дейді ол.
Содан бері табаны күректей жиырма жыл болған. Погодаевқа келген жылы жасқа толған қызы осы күні колледжді аяқтап, қала дәріханаларының біріне фармацевт болып орналасқан. Еңсесін тіктеп, шаруасын дөңгелеткен Болат ағамыз осы күні ауылда қалған ата-анасы мен бауырларын да қасына көшіріп алыпты.
-Көп қандасым тракторшы, механизатор еңбегінің бағасын білмейді. Далада тек шала білімді, ештеңеге жарамайтын адамдар еңбек етеді деп ойлайды. Шын мәнінде нағыз адал еңбек далада. Кейде аналарымыз тентектік қылған не оқымаған ұлына "Білім алмасаң, жүресің май-май тракторшы болып" деп ұрысып жатқанын есту маған ауыр тиеді,-дейді Болат мырза.
Бір орында табан суытпастан еңбек етіп жүрген оның басқа ауылдастары секілді Атырау не Ақсай қаласындағы шетел фирмаларының біріне кету туралы ой келмепті. Ісіне адалдығынан болса керек әр жылдары өңір басшылары атынан түрлі алғысхаттар мен «Үздік механизатор» аталымына ие болған. Ал 2015 жылы «Nur Оtan» партиясының XVI сиезіне делегат ретінде қатысқан. Кіл басшылық қызметте жүрген азаматтармен бір вогонда барғанын осы күні күле еске алатын Болат аға сол жылы өзінің жұлдызды сәтін өткергендей.
-Астанада болғанымызда Оралдан жай механизатор сиезге келе жатқанын тілшілер біліп қалса керек. Қонақүйге барысымен маза бермеді. Өзімді тракторшы-механизатор емес, бейне бір спорт не кино жұлдызындай сезіндім. Айнала толған камера, сұрақтарын жаудырған тілшілер. Мен сияқты қарапайым жұмысшы үшін ол да бір құрмет. Сол сәтте мамандығымның қаншалықты құрметті де қадірлі екеніне көзім жетті. Қандай іс болса да, оны адал атқарған адам бақытқа кенеледі. Тракторшы болғанымды мақтан тұтамын. Механизатор болғаным үшін құрметтен басқаны көрмедім,-дейді ол.
Кей замандастары әлі күнге дейін еліміздің жаңа астанасын көруді армандап жүргенде ол жаққа барып, бір сәт болса да жұлдыз атанғанын күле еске алатын ағамызды басшысы Бейбіт Асанов көпшілікпен бірге пойызбен елге аттандырмай, елордада біраз қыдыруға мүмкіндік берген.
-Сиез аяқталып, барлығы елге аттанарда басшым келіп, енді елордаға қашан келесің? Қал, түрлі мұражайларды аралап, жаңа ауыл шаруашылығы техникасының көрмесіне қатысайық деген ұсынысын тастады. Қалдық. Бас қаланың біраз көрікті жерлерін араладым. Бұл Бейбіт Батниязұлының мырзалығы ғой,- дейді кейіпкеріміз.
Осы күні механизатордың үздігі атанған Болат Биғалиев әріптестері арасында сыйлы. Қашан да езуіне күлкі үйіріліп тұратын жігіт ағасы трактор тізгінін ұстағанын мақтан тұтады. Және әр адам өзі таңдаған мамандықты сүю керек екенін өзінің ізін басқан әріптестеріне үнемі айтып отырады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz