12.09.2025, 17:30
Оқылды: 518

Ту ұстау құрметі Бекарыс пен Венераға бұйырды

Қыркүйектің 14-і күні Алатаудың ақбас шыңдарына айрықша үн қосатын ел ішіндегі еңселі думан ауыл спортшыларының олимпиадасына баланатын "Ақбидай" жарысының салтанатты ашылуы өтеді.

Бұл күнді асыға күткен қауымға мерекелік шеру де өзгеше көрік сыйламақ.
Байрақты бәсекенің ашылуында Батыс Қазақстан облысының туын ұстап шығу мәртебесі өңір спортының қос жұлдызына бұйырды.

photo-output

Оның бірі — ұлттық ат спортының айбарлы өкілі, аударыспақтан Қазақстан чемпионы, жасындай жарқылдаған Бекарыс Бейбітұлы. Ол жуырда ғана Шымкент төрінде өткен XVII республикалық додада 74 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Сол сәтте ел сенімін арқалаған жас баһадүр спорт шебері атағына да қол жеткізді.

photo-output

Ал екінші ту ұстаушы — волейбол алаңында талай биікті бағындырған Венера Қосманова. Ол Универсиаданың қола жүлдесін олжалап, студенттік лигада күміс тұғырдан көрінген. Жеңіске құштарлығы мен қайсар мінезі арқасында спорт шеберлігіне үміткер атанған. Венера да өңір спортының абыройын асқақтатып жүрген айбынды өрен.

«Ақбидай» ойындарының қатысушылары бағдарламаға енген 20 спорт түрінде сынға түседі.
Батыс Қазақстан облысынан келген 200-ге жуық спортшы аламан бәйгедей қызу жарыста өңір намысын абыроймен қорғап, ел мерейін үстем етеді деген сенімдеміз.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале