17.05.2022, 10:15
Оқылды: 272

Түйсігі терең талант һәм тылсым суреттер

«Өмірім менің, жалғасасың,

Мен асықпаймын,

Сен асығасың.

Тіпті, менен алыстап,

Әлдебір майдан ашып,

Алысасың, жұлысасың.

Мен саған ілесе алмаймын.

Сен салтанат-құрметке ие боласың,

Менің қолым жетпеген дәулет пен атаққа Сен ие боласың!» деп жырлаған авангард суретші, театр қайраткері Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығына қызығушылық танытатындар күн санап көбейіп келеді. Оның туындылары алғаш көргеннен-ақ тұңғиығына тарта жөнеледі. Авангардизм ағымы оңай шағылатын жаңғақ емес. Сондай қиын жанрда нағыз талант, шынайы шебер ғана қалам тербей алады.

F087B4ED-B5AC-46F6-B87F-EC9003E8E7A9

Суретшінің 600-ге жуық картинасы Америка, Жапония, Англия, Швейцария, Түркия және басқа да мемлекеттердің азаматтарына сатылған. Шәкәрім мен Абайды жата-жастана парақтаған талант иесі тәспіні қолынан тастамаған. «Зипа, нәркес, назиқа және құшнұр» мақаласында «Қазақта қоңыр деген кеңістік бар. Май қоңыр, наз қоңыр, әсем қоңыр» деп жазған суретші қоңыр түсті қатты ұнатқанға ұқсайды. Ол 1937 жылы 3 ақпанда Бөкей ордасында дүниеге келген. Балалық және жастық шағы Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов аудандарында өткен. Отбасымен бірге көп жыл бойы Жалпақтал ауылында тұрған. Сол жерде қазіргі таңда суретшінің ескерткіші бар. Биыл әйгілі өнер иесінің туғанына – 85 жыл.

Орал қаласындағы Қасым Аманжолов көшесінде орналасқан қылқалам шеберінің кезіндегі шеберханасы 1995 жылдан бастап Сәкен Ғұмаров музей-үйі ретінде іске кіріс-ті. Мұражайдың меңгерушісі Жанболат Мұханғалиев суретшінің негізгі мамандығы актер-режиссер екенін айтады. Алайда ол бейнелеу өнерін ерекше жақсы көрген, беріле айналысқан. Қазіргі таңда 12 қызметкер жұмыс істейтін мұражайда 30-ға тарта картинасы сақталып тұр. Кіші және үлкен зал бар. Бұл музей 2021 жылы облыстық «Рухани қазына» фестивалінде «Үздік облыстық мемлекеттік музей» атанған.  

– Шындығында суретшінің әкесі – мәдениет майталманы Мұхамеджан Ғұмаров. Ол болашақ суретшінің өз-өзін жан-жақты дамытып, ой-өрісін кеңейтуіне септігін тигізген тұлға, – деп мұражай меңгерушісі әңгімеге бас қойды.

– Сәкеннің Мәрия есімді сыңары бар. Аналары өмірден озып, Сәкенді Мұхамеджанның туған ағасы Нәжімеден, ал Мәрияны нағашылары асырап алған. Суретші өз әкесін «Көке» деп өскен. Бұл туралы Ұлдай Сариеваның «Көке» атты кітабында толық баяндалады. Дала, құм және текемет бейнесі Сәкеннің көз алдында жатталып қалған. Кейін балалық шағындағы көркем көріністерге картиналарында жан бітірді. Ол өзін-өзі шыңдап, мектеп қалыптастырды. Замандастары оның өр мінезді болғанын айтады. Нарынның түрлі кейіпке енген қызыл-жасыл құмына телміріп өскен ұл: «Құмда бәрі де сақталған. Бөкей құмы – бұл өткен ғасырлардың магнитофондық жазбалары іспеттес. Ол ұрпақтар арқылы кейінгіге жетпек», – дейді естеліктерінде. Суретші 1995 жылы 6 қаңтарда 58 жасында жүрек талмасынан көз жұмды. Сол жылдың 20 маусымынан бастап бұл ғимарат музей ретінде іске кіріскен. Мұнда суретшінің жеке заттары, құжаттары мен суреттері қойылған. Осы қос бөлмеде ол небір терең мазмұндағы туындыларды өмірге әкелген. Бұл – Қазақстан бойынша суретшінің шығармашылығына арналған жалғыз музей, – дейді Жанболат Жүсіпұлы.

Қылқалам шебері бірден танымал, бірден атақты болмаған. Оған атақ кештеу келген. Әуелі шетелде танылған. Ең алғаш 1990-1991 жылдары украиндықтар мойындаған. Бұдан соң Киев, Екатеринбург, Қырым, Сочи, Юрмала, Мәскеу, Вильнюс, Алматы және Орал қалаларында кеңінен насихатталған. Бес жылға жетер-жетпес уақытта 40-қа жуық көрме өткізген. Картиналарын арқалап, 1959 жылы Мәскеуге барған. 1962-1963 жылдары Мәскеудегі Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институты (ГИТИС) және 1964-1965 жылдары Ленинградта музыка, театр, кинематография институтында (ЛГИТМИКС) оқыған. Көптеген талантты суретшілермен кеңесіп, жұмыстарымен танысқан. 1961 жылы Орал қаласындағы А.Островский атындағы орыс драма театрында әртіс-режиссер болып жұмыс істеген. 1960-1964 жылдары облыстық телеарнада бас режиссер ретінде қызмет атқарған. Сол кездері аяулы жары Гүлсара Уәлиқызын жолықтырған.

23F8A688-4AE5-4E8F-A8E0-B015661ABC8C

– ҚР Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі Сәкен Ғұмаров теңеу, меңзеу арқылы ойын еркін жеткізген. Аңыз-әңгіме кейіпкерлері, тарихи тұлғалар картиналарында көрініс табады. Туындылары көпшілікке түсініксіз көрінуі мүмкін. Ол тылсым дүниелерді, адамның ішкі жан әлемін бейнеледі. Түрлі сын-пікірлер айтылды. Алайда қылқалам шебері түбі талайды таңғалдыратынын іштей сезген шығар, талантын тұншықтырған жоқ. Жан сүйетін жұмыспен отыз жыл шұғылданды. «Мен есімді білгелі сурет салумен айналысамын. Белгілі бір тақырыппен өзімді шектемеймін. Өзім еркін болғандықтан, тақырыптарым да еркін, әр түрлі. Балалық шаққа деген махаббат тәрізді, импрессионисттерді ұнатамын. Олар – Пикассо, Брак, Пауль Клес. Алайда нақты біреуінің маған әсері болды деп айта алмаймын. Мен беймәлім, жұмбақ нәрсені ұғынуға құмармын. Өзіме белгісіз әлемді тануға ұмтыламын. Сурет салған кезімде маған әдемі әуен әсер беріп тұрады» деген Сәкен Ғұмаров суреттерін сөзбен ұғындыру аса қиын шаруа. Дегенмен, мұражай қонақтарына суретшінің сырын ашуға, идея-ойлардың мән-мағынасын түсіндіруге бек тырысамыз, – дейді мұражай меңгерушісі.

 Ғажайып картиналарда – ғарыштық бейнелер

 Оның бағыты – поставангардизм. Шығармашылығын «Бағзы түркілер дәуірі», «Бестиарий», «Бастар мен денелер», «Астральды», «Ой орамы» топтамаларына жіктеген. Сондай-ақ аталған топтамалардан бөлек пейзаж, натюрморт, портреттер мен арабескілері бар. Орхон-Енисей жазбаларына арналған автопортретте өткенге үңіліп, тарихтан тәлім алуға болатынын көрсеткен. «Бестиарий» топтамасында жан-жануарлар әлемінің бізге беймәлім тұстары бейнеленген. «Табиғат шапағындағы терек» картинасы жай кескін емес, тірі ағза секілді. «Бастар мен денелер»топтамасында «Мың сан шұғылалы сәулелер» атты картина бар. Сенім, үміт, махаббат секілді ұғымдарға осы картина арқылы тереңірек үңілуге болады. «Наурыз немесе Жылан жылында» қазақтың жылан жылдарында кешкен нәубеттері салынған. Азаттыққа деген ұмтылысты да аңғаруға болады. «Астральды» топтамасындағы туындылар «Кімсің? Қайдан келдің? Қайда барасың?» секілді жауап қату қиынға соғатын сауалдардың төңірегіне тоғысқан. «Ой орамы» топтамасындағы, «Қол жетпес арман» және «Құстар» картиналарындағы кескіндер дүниеде кездейсоқ ештеңе жоқ, не нәрсе де уақытымен орын алады деген мағынаны білдіреді. «Құдіретті көгершіндер шоғыры», «Билеп жүрген қаңқа мен құрттар композициясы», «Түн. Тышқандар биі», «Куәгер дала», «Тасқа айналған естелік» картиналары көңілге түрлі ой салады.

Ол шығармалары арқылы өмірдегі шындықты іздеді. Мына төрткүл дүниенің жаратылу себебін анықтауға талпынды. Туындылары жұмбақ қалпында қалды. «Субстанция» сериясымен 1986 жылы салынған «Жаратқанында» жердің, жалпы дүниенің қалай пайда болғаны суреттелген. Суретші діни кітаптарға сүйену арқылы осындай картинаны өмірге әкелген. «Шолпан-нысан» 1980 жылы салынған. Космос кеңістігіндегі ғажайып бейнелерді көргіңіз келсе, осы картинаға назар аударыңыз. 1989 жылы салынған «Жаңбырда тек бар ма?» картинасының атауы да ерекше. Бұл суретте аспан мен жерді байланыстырып тұрған қыз бала бейнеленген. Адамның жаны өлгеннен кейін тәннен ұшып шығатыны, тәннің жер қойнауына тапсырылатыны суреттелген. Сол секілді жаңбыр да көктен түсіп, жерге сіңбек. Суретшінің негізгі ой-идеясы – бәрінің Жаратушының ықтиярлығымен жасалытынын жеткізу. Картинада «Есть ли отец у дождя, всему свое время, время рождаться и время умирать» деген жазулар бар. Ал сөздерді Шәкәрімнің көзіне жазу арқылы естігенді емес, көргенді айту керектігін жеткізгісі келген екен. «Естіген – өсек, көрген – дерек» деп есептеген. Жазушы-публицист, мемлекет қайраткері Камал Смайылов «Жеті қыр, бір сыр» кітабында Сәкен Ғұмаров жайлы біраз сөз қозғаған. Оның: «...Сәкен Ғұмаров адамдардың бейнесін көп сала бермейді. Олардың арман-мұратын бірде аққу, бірде көк бөрі, бірде қыран сипатында бейнелейді. Енді бірден-бір ғажайыбы – көп дүниелердің орта тұсында көз жүретін. Кәдімгі көз. Бірақ ол көздің поэтикалық, пәлсапалық сипаты басым еді. Бұл бір жеке әңгіме. Ол арнайы талдауды қажет етеді. Сәкенде нақты тақырып деген сирек, бола да бермейтін. Оған шексіздік, мәңгілік, мистикалық, романтикалық сарындар тән» деген сөзі менің ойымды нақтылай түскендей.  

1992 жылы Еуропаға танылған оралдық суретшіні алматылықтар талай мәрте қонаққа шақырған. Көрме ұйымдастырып, шығармашылығын насихаттаған. 1993 жылы Сәкен Ғұмаров Алатаудың баурайында өткен халықаралық суретшілер семинарына қатысқан. 1994 жылы ауырып жүрсе де, Алматыға көрме өткізуге барған. Алайда қатты сырқаттанып, ауруханаға түскен. Ем алу барысында «Жұлдыздар және Эрос» атты триптихты салып шыққан.  

– Күнделікті күйбең тірліктен шаршап, бір сәт ой сергіткіңіз келсе, мұражайға келіңіз. Сырбаз суретші туындылары мың құбылған тіршілікке өзге көзқараспен қарауға көмектеседі. Суретшіге шалқар шабыт сыйлаған өзінің даласы, боз жусаны. Оның картиналарындағы туған жер құбылыстары жаныңды тебірентпей қоймайды. Ол жұмбағы мол ғалам жайлы сыр шертеді. Сәкен табиғатқа жақын болды. Бұл оған сурет салу кезінде сәтті шешімдерді қабылдауға септігін тигізді. Алдағы уақытта мұражайды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жобасын сызып, дайындап қойдық. Әрине, бұл болашақтың еншісіндегі шаруа, – дейді Жанболат Мұханғалиев.

 Ғұмаров галереясы – «Jýsan» банкінде

 Бүгінгі таңда Орал қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Ғұмар Қараш көшесінің қиылысында орналасқан «Jýsan» банкінің орталық кеңсесінде Сәкен Ғұмаровтың абстрактілі өнер қоры жасақталған. Бірінші және екінші қабаттағы қабырғаларға ілінген картиналар ғимаратқа ерекше ажар беріп тұр.

– Мен суретші оқыған мектепте оқыдым. 1993 жылы 58 картинамен Сәкен Ғұмаровтың галереясын аштық. Оның «Қағанат» атты суреті өте сәтті шыққан. Әрине, суретшінің шығармашылығын әркім әрқалай түсінеді. Ол аргалитпен көп жұмыс жасады. Өзі түстер ойлап тапты. Виктор Киянский екеуміз 1995 жылы «Звёздные ритмы Сакена» деген кітап жаздық. Мен оның поэзиясына баса назар аудардым. Жусан аңқыған суреттер «Jýsan» банкіне 2019 жылдан бастап қойылды. Ал 1993-2019 жылдар аралығында бұл галерея «БТА» банкінде болды. Ғаламат суретші аз ғұмырында 1000-ға жуық картина жазды, – деді «Jýsan» банкі облыстық филиалының директоры Мирғат Ахметов.

Жалпақтал ауылындағы мәдениет үйінде де суретшінің галереясы бар. Аталмыш мекеме директоры Жанат Қалиұлының айтуынша, Сәкен Ғұмаровтың 10 картинасы ғимарат қабырғаларында ілулі тұр. Осылайша түйсігі терең таланттың тылсым суреттері насихатталып, ой нысандары зерттеле бермек.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале