14.01.2025, 15:00
Оқылды: 26

Түлектері жұмыстан тарықпайды

Оралдағы А. Иманов атындағы жол-көлік колледжінде «Жұмыс берушілермен ынтымақтастық – колледж дамуының негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерде дуальды оқытуды енгізудің өзекті мәселелері айтылды. Сондай-ақ арнаулы оқу орнын бітіруші түлектерді тұрақты жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік серіктестермен кездесу ұйымдастырылды.

DSC09068

Аталмыш шараны облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Райгүл Қуаншәлиева жүргізді. Сонымен қатар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, «Атамекен» ҰП өкілдері қатысты.

Оқытудың дуальды жүйесі –  техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың тиімді бағдарламасы. Оның ерекшелігі оқу үдерісінің басым бөлігі кәсіпорындарда жүзеге асады. Бұл арқылы бітіруші түлектер дипломалды тәжірибеде дағды мен білімдерін арттырып, практикалық тұрғыда өз мамандығымен шұғылдануға мүмкіндік алады. Өңірімізде 35 колледж бар болса, ондағы білім алушы студенттің барлығы дерлік практикадан өтеді. Дуальды оқыту жүйесі барысында жұмыс берушілер машықтан өтушіні жан-жақты бақылайды. Ебі бар болашақ жас маманның есімін жазып алып, кейін тұрақты қызметке шақырады. Осының нәтижесінде колледж түлектерінің 78%-ы жұмыспен қамтылған.

– Техникалық және кәсіптік бағыттағы мамандар даярлайтын оқу орындарында практикалық білімге басымдық берілген. Орал қаласында орналасқан колледждердің 100-ден аса әлеуметтік серіктесі бар. Ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтары да білім беру ұйымдарынан қажетті маман сұрайды. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС Батыс Қазақстан инновациялық колледжі басшылығымен тығыз қарым-қатынаста. Серіктестік практикадан өтуші студенттердің еңбегін бағалап, қосымша үстемеақы төлеп отыр. Бүгінгі басқосу колледж басшылары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға сеп болады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Насимуллин.

Жиынға қатысқан «Агро Сервис Батыс» ЖШС директоры Армат Бисенов, «Фермер Агро орталығы» ҚБ атқарушы директоры Мұрат Жаркеев, «Диана» Орал тігін фабрикасы» ЖШС директоры Асылхан Орынбеков баяндама жасап, дуальды оқыту жүйесінің тиімділігін атап өтті. А. Иманов атындағы жол-көлік колледжінің арнайы пән оқытушылары шеберлік сағатын өткізіп, оқу бағдарламаларын таныстырды. «Кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестікті дамытсақ, бәсекеге қабілетті, білімді жас мамандар қалыптасады. Біз білім алушыларымызды машықтан өткізу үшін 30-ға жуық кәсіпорынмен келісімшартқа отырдық. Жол-көлік колледжі жыл сайын 120-130 түлекті түлетеді. Олардың барлығы дуалды оқыту жүйесі негізінде білімдерін жетілдірген», – деді аталмыш колледждің директоры Асан Мұстафин. БҚО жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншәлиев бұл іс-шараның маңыздылығын айтты.  Сондай-ақ ол практикалық жұмыстарға студенттер жіберіп, түлектерді жұмысқа орналастыру барысында тұрақты байланыс орнатқан колледж басшылығына алғыс білдірді.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале