28.09.2023, 10:30
Оқылды: 48

«Түн қатып жүріп, түс қашпай...»

Түнгі сағат 23:00-ден кейін 18 жасқа толмағандардың ата-анасынсыз көшеде жүруіне болмайды. Құқық қорғау саласы мамандарының көше-көшені аралап, тыныштық күзетінде қалғымай қызмет етіп жүр. Осы аталған мамандық иелерінің түнгі жорықтары туралы жазуға бекіндік.

ЖПШ11

Рейд барысын бақылағымыз келетінін ай­тып, Орал қалалық полиция басқармасының Абай полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Айнұр Халиоллаға хабарластық. Ұсынысымызды асықпай тыңдап болған соң Айнұр Нұрланқызы осы күндері қаламызда республикалық «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасының болып жатқандығын, қаласақ түнгі рейдке бірге шығуымызға болатынын айтты. Көздегеніміз де сол еді.

Буынып-түйініп, жақсылап дайындалып, белгіленген уақытта қалалық полиция басқармасы ғимаратының алдынан табылдық. Біз барған кезде сапта тұрған тәртіп сақшыларына командирлері тапсырма беріп жатыр екен. Аталмыш басқарманың жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Рафхат Мұсағалиевтің дауысы саңқ-саңқ етеді. Тәжірибелі маман бізді жылы шыраймен қарсы алып, құқықтық заңнамаларды қысқаша таныстырып өтті. Жедел профилактикалық іс-шараның мақсаты мен қай кодекс, қай бап бойынша шара қабылдайтындарын қысқаша түсіндірді.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сай кәмелеттік жасқа толмағандарға 23:00-ден кейін көшеде жүруге болмайды. Олар ата-анасымен немесе нотариалды куәландырылған сенімхаты бар заңды өкілімен ғана жүре алады. Бірінші рет көзге түскен жасөспірімнің ата-анасына хаттама толтырылып, ескерту беріледі. Ал бір жыл ішінде тағы тәртіп бұзса, ата-анасына 7 АЕК (12075 тг) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер айыппұлды жеті күн ішінде төлемесе, іс ювеналдық сотқа жөнелтіледі. Үшінші мәрте ұсталса, «Қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандар» есебіне алынып, құқық қорғау саласы мамандарының қатаң бақылауында болады. Сонымен қатар ұсталған бала қала тұрғыны болмай, ата-анасы ауылдық жерде тұрса немесе өзге қаладан келсе, онда кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер бейімдеу орталығына жеткізіледі. Ата-анасы немесе туысқандары алып кеткенше сол жердің «қонағы» болады. Сонымен рейд басталды.

ЖПШ22

Полиция капитандары Айнұр Халиолла, Диана Жұмағалиева және Аида Ахметова, полиция лейтенанты Мира Өтеулиева секілді қыз-келіншектерден құралған жасақтың жетегіне ілесіп, түнгі қаланың шулы аймағы – «City Centеr» ойын-сауық орталығын бетке алдық. Жолай Ай­нұр Нұрланқызын әңгімеге тарттық. «Біздің мақсатымыз – хаттама түзіп, айыппұл арқалату емес, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кәмелет жасқа толмаған балалар ата-анасының қарауынсыз көше кезіп жүре берсе, қандай ортаға тап болатыны белгісіз ғой», - деп ағынан жарылды капитан. Әйел заты үшін ең әуелі жігер керек, содан кейін төзім керек. Бізбен емен-жарқын сөйлесіп келе жатқан нәзік жандардың қайсар да табанды екенін байқадық.

Түнгі жорық әне-міне дегенше басталып та кетті. Әйтиев көшесі мен Абай даңғылының қиылысында орналасқан бағдаршамда тұрған бір топ жас қырағы көздердің назарына ілікті. Олардың жанына тез жеткен полиция қызметкерлері өздерін таныстырып, зор ілтипатпен олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын сұрап, танысып шықты. Бәрі он сегізге енді аяқ басқан өрімдей қызжігіттер екен. Әрі қарай біраз жүрген соң, тағы бір жас кезікті. Бұл жолғы «күдіктіміз» қызуқандылау болып шықты. Өзін таныстырудан, құжатын көрсетуден үзілді-ке­сілді бас тартты. Одан кейінгі әңгіме былай өрбіді:

- Жеке сәйкестендіру нөміріңізді айтыңызшы, – деді қайталап полиция қызметкері.

- «Ұмытып қалдым» деп айтып тұрмын ғой! – деді жігіт «Ал не істей аласың маған?» дегендей капитанның бетіне бажырайып қарап.

- Онда ұялы телефоныңыздағы «Kaspi» қосымшасы арқылы көрсетіңіз.

- Интернет қолдануға мегабайтым жоқ, – деді екі қолын қалтасына салып, көкірегін кере түсіп, – Жүре берсем бола ма?

- Жоқ. Ақыры ештеңе біл­мейтін болсаңыз, кім екеніңізді анықтау үшін бөлімшеге барамыз. Ол жерде дерекқор арқылы бәрін анықтаймыз, – деді капитан заңның бәріне ортақ екенін нақтылай түсіп. Абай полиция бөліміне апаруға мәжбүр екенін естіген ол жынын алған бақсыдай жуасып, аты-жөнімен қоса жеті атасын айтып беруге дайын екендігін білдірді. Жеке мәліметін жасыратындай-ақ жөні бар екен, сабазың он сегіздің есігіне жақындағанымен, босағасын әлі аттай қоймапты. Ата-анасына хабарласып, хаттама толтырып, ескерту берілді. «City Centеr» ойын-сауық орталығы қалың нөпір екен. Кіреберіс есік тұсында полицейлер кірген-шыққан өскіндердің құжаттарын тексерді. Кәмелеттік жасқа жетпегендеріне тиісті шара қолданылып, хаттама толтырылып, рейд қыза түсті.

Біраздан соң орталық ғимаратының сыртын барлауға шықтық. Сол маңайдағы үйлердің бірінің ауласында бір топ кісі жиналып қалған. Құқық қорғау саласының қызметкерлерін көріп, жан-жаққа бытырай қашты. Полицейлер де соңдарына түсті. ұстады. Бәрі болмаса да, қолға түскендердің көбі 14-15 жас аралығындағы балалар. Кей­бірінің үстерінен шылымның иісі шыққандай болды. Қызметкерлердің бірі әрі қарай жұмыстану үшін оларды бөлімшеге алып кетті.

- Жастардың негізгі шоғырланатын жері – сауда орталықтары мен компьютерлік залдар. Ертеңгі сабағына дайындалып, өз-өзін дамытып, кітап оқудың орнына осындай жерлерде бос уақытын өткізетіндерге таңғаламын, – деді ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Мира Сәкенқызы. Бір данышпан: «Кітап оқысаң, ең болмаса сөздерді дұрыс жазып үйренесің» депті ғой. Сол секілді өзін-өзі дамытуға ұмтылмайтын қазіргі кей жастарға шынымен де таңғалып та, күйініп те қарайсың.

Үш күн бойы жүргізілген «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442бабына (түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі) сәйкес 32 хаттама толтырылды. Ал аталған кодекстің 127-бабына (кәмелетке толмаған адамның құқығы мен мүддесі бойынша міндетін орындамау) сәйкес 8 хатта­ма толтырылса, 132бап (түнгі уақытта ойынсауық мекемелерінде жүру) бойынша 1 хаттама түзілді.

«Жорығымыз» аяқталған кезде таң да қылаң беріп қалған-ды. «Шаршамадыңыз ба?» деп бір жағынан сынай, бір жағынан жанашырлықпен сұраған Айнұр Нұрланқызы жауабын біліп тұрғандай кө­рінді. Осы кезде қызметі мен отбасын таразының екі басында тең ұстап, бәріне үлгеріп жүрген пагонды қыз-келіншектердің істерін ерлік деп түсіндім. Үйінде өз баласы күтіп отыр, ал олар көшеде жүрген өзгенің ұл-қызының қауіпсіздігі үшін табанынан тозып жүр. Әйтпесе, «Қандай хақыңыз бар?» деп бет бақтырмай тұрған, ана сүті аузынан кеппеген жасөспірімдердің сөзіне шыдау оңай емес қой. Міне, ерлік! Міне, төзім!

*  *  *

...Қоңыр күздің салқын таңын атырып, үйіме қарай аяңдадым. Қарсы алдымнан бір топ жас қыз-жігіт шықты. «Қайран уақыт, қайран жастық» дедім іштей... Әйтиев саябағының алдынан өте бере, орындықта кітап оқып отырған оқушы балаға көзім түсті. Таңмен таласып жүгіруге шыққан болса керек.

Тынығуға отырған кезінде Оралхан Бөкейдің «Кербұғысын» оқып отыр екен.

Қайран уақыт...

Қайран жастық...

 

Әнуар Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале