3.11.2021, 12:08
Оқылды: 74

Тұрғындарды қоғамдық көлік мәселесі толғандырады

Кеше Орал қалалық мәслихатының депутаттары тұрғындармен кезекті кездесуін өткізді. Жергілікті тұрғындар шешімін таппай отырған қоғамдық көлік, жол, пәтер иелері кооперативін меншік иелері бірлестігіне ауыстыру мәселелерін көтерді.

WhatsApp Image 2021-11-03 at 11.33.27

Осыған дейін әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырса да көкейдегі сұрағына жауап таба алмай келген тұрғын тағы бір мүмкіндікті мүлт жібермеді. Қонаев шағынауданы тұрғындарының аманатын арқалай келген Эльмира есімді азаматша қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Атап айтқанда, бұған дейін тәп-тәуір жүріп жүрген №8 бен №52 маршрутты желіден алып тастау 7,6,5 шағынаудан тұрғындарына қиындық туғызуда. Ол маршруттардың орнына өте ескі, арасына жарты сағат салып жүретін №33 маршрутты қоюы қазіргі кезде үлкен түйткілге айналып отыр.
Ал кейбір тұрғындар өз аудандарындағы учаскелік полиция инспекторларын танымаймыз деп реніш білдірсе, кейбіреуі округ депуттарымен осы кездесуде ғана танысуда.

Шағынаудандағы футбол алаңының қоршауы тесіліп, жердегі жабындысы жан-жаққа жыртылып жатқанын айтқан тұрғынға қалалық мәслихатының депутаты Айгүл Туркина:
“Ол қоршау өзімен-өзі тесілмейді ғой. Оны тесетін ойын балаларына мына отырған сіздер неге “тәйт, болмайды!” деп айтпайсыздар?” дей келіп, әр тұрғын өз ауласына жауапкершілікпен қараса, мұндай келеңсіздіктің алдын алуға болатынын айтты.

Жалпы 21-ші қазаннан күні кешеге дейін өткен тұрғындармен кездесулерді қорытындылай келе, халық қалаулылары қала әкімімен, коммуналдық мекеме қызметкерлерімен және белсенді тұрғындармен тағы бір қорытынды кездесу өткіземіз деген шешімге келді.
Атап өтейік, аталмыш кездесу мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, Орал каласында жергілікті өзін-өзі баскаруды дамыту жобасы аясында оздырылды. Ал кездесуді Орал қалалық мәслихаты, “Медет/Опора” ҚҚ, “QAZAQSTAN JASTARY” ҚҚ, “Партиялық емес бақылау орталығы” РҚБ БҚФ және ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Назгүл Қожанбаева,

"Nur Otan" БҚО филиалының баспасөз хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале