25.09.2025, 12:30
Оқылды: 52

Туризм фестивалі

Оралдағы «Евразия» туристік-сауықтыру кешенінде Халықаралық туризм күніне орай білім қызметкерлері  арасында  республикалық «Еуропа-Азия – 2025» туристік  фестивалі өтті. 

12e9aed4-2663-4a22-8451-95a5847587e9

Аталмыш фестиваль ҚР Оқуағарту министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚКның ұйымдастыруымен биыл 27-мәрте жүзеге асты. Мұнда өзге өңірлер мен БҚО аудандары командасынан бас-аяғы 200-ге жуық қатысушы бақ сынады. Жарыс бағдарламасы бойынша командалар «А» және «Б» топтарына бөлініп, олар өзара 14 түрлі ойыннан сынға түсті. Оның ішінде қатысушының ептілігін шыңдайтын туристік ойындар, өнер байқаулары, асық ату, тоғызқұмалақ, дойбы, волейбол ойындары бар. Фестиваль қатысушысы Аманжан Әбутәліп 17-20 қыркүйек күндері аралығында өткен байқауда бой сергітіп демалғанын айтып, сала мамандары арасында тәжірибе алмасқанын тілге тиек етті.

7b578f21-d73c-44c1-827f-eae5a38c0dfd

– Менің бұл фестивальге қатысып жатқаныма биыл үшінші жыл. Қазір Бөрлі ауданындағы туризм орталығында қосымша білім беру педагогі болып еңбек етемін. Аудан намысын қорғау үшін 8 қатысушы келдік. Туристік ойындардың берер пайдасы мол. Табиғат аясына шығып, тау басына көтеріліп серуендегенді ұнатамын. Осында үйреніп-білгенімді өмірде де қолданамын. Фестиваль бағдарламасында ақыл-ой зеректігін дамытатын, қатысушының шымырлығын шыңдайтын, әртүрлі өткел-кедергілерде техникалық-тактикалық әлеуетін арттыратын, аспапта орындау мен ән шырқау секілді ойындар бар. Ойыншыларға қауіпсіздік ережелерін сақтауға талап қойылған. Өзім туризм орталығында жұмыс істегендіктен, меңгерген дүниелерімнің бәрін оқушыларыма көрсетемін. Бүгінде 90 оқушыдан тұратын алты тобым бар, – дейді Аманжан Әбутәліп.

Астана қаласынан келген қатысушы Қанат Әбілғазин бас қаладағы балалар-жасөспірімдер туризм үйірмесінде сабақ беретінін айтады.

– Орал қаласына алғаш келуім. Бұрын бұл шаһарды «Қазақстанның Европасы» деп еститін едім. Расымен де, қаланың табиғаты да сұлу, әрі ауа райы да жылы. Туризм арқылы жасөспірімдерді тәрбиелей аламыз. Қазір балалар арасындағы болып жатқан құқықбұзушылықтардың басты себебі – олардың бос уақытын тиімді пайдаланбауында. Үйірмедегі менің тобымда 30-дан аса оқушы бар. Біз жиі серуен ұйымдастырып, спорттық, туристік жарыстарды өткізіп тұрамыз. Астана төңірегі саяхат орындарына толы. Мәселен, Бұйратау ұлттық паркінде демалысты қызықты өткізуге болады. Жасым қырықтың асып, елуге таяп қалса да, бойымда артық салмақ жоқ. Денсаулығым да жақсы. Мен мұны салауатты өмірдің жемісі деп білемін. Барша тұрғынды туристік спортпен шұғылдануға  шақырамын, – деді ол.

Спорт саласының ардагері, педагог Қуаныш Аққалиев «Ақжайық» командасына қолдау білдіруге келген. Ол өз сөзінде өңірдегі туризм бағыты дамып, республика деңгейінде фестиваль ұйымдастырылып, жарыс аясы кеңейгеніне  қуанатынын  жасырмады.

– Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылындағы туризм орталығында 20 жылға жуық директордың орынбасары болдым. Өзім осы аудандағы Қарауылтөбе ауылында туып-өстім. Біздің команда дәстүрлі түрде өтетін бұл фестивальге жыл сайын қатысады. Аудандар арасында 2008 жылдан бастап 2018 жылға дейін «Ақжайық» командасы жеңімпаздар кубогын иеленді. Аудан намысын қорғайтын шәкірттерім үмітті ақтайды деп сенемін, – Қуаныш Ізімғалиұлы.

8bf827b0-ab01-483e-8193-b18b3872c31d

Жарыс қорытындысы бойынша «А» тобында І орынды Бөрлі, ІІ орынды Ақжайық, ІІІ орынды Жәнібек аудандары қанжығалап, үздіктер қатарынан көрінді. Ал «Б» тобы бойынша І орынды Қостанай облысы, ІІ орынды Түркістан облысы, ІІІ орынды Казталов ауданы иеленді. Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар мен алғысхаттар табысталды. Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиев барша қатысушыға алғыс білдіріп, ұстаздық жолдағы  еңбектеріне  табыс  тіледі.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале