Облыс экономикасын дамытудың бір жолы – туризм саласын жандандыру. Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, кейінгі бес жылда сыртқы және ішкі туризм бойынша келушілер саны 15%-ға артқан. 2023 жылдың 2-тоқсанына дейін жыл басынан бері облысқа 55,2 мың адам келген. Осының ішінде басқа елден келген туристер саны – 5,8 мың адам.
Батыс Қазақстан облысы десе, бетпақдаланы елестетіндер де табылар. Десек те, табиғат аясында тыныққысы келетіндер үшін жазира, жазық даламен қатар, өзен-көл, тал-тоғай, бұйрат құмда сейілдеуге, тіпті тау-тасқа да шыға алады. Еліміздің інжу-маржаны саналатын – Шалқар көліне шомылуға жазғы маусымда алыс-жақыннан біраз қауым жол тартады. Өкінішке қарай, көл жағасы әлі күнге жабайы туризм сипатынан арылмады. Жағалау бойында жыл сайын тігілетін киіз үйлер ескіргелі қашан? Кейінгі онжылдықта Теректі ауданын, тіпті облысты басқарған әкімдердің бәрі дерлік уәде еткенімен, Шалқар көлінің маңына туристік база салу, инвестор тарту – түйіні тарқатылмаған толғақты мәселе болып тұр.
«Хан ордасы» Батыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени, сәулет-этнографиялық мұражай-қорығы – Бөкей ордасы ауданында орналасқан тарихи-мәдени нысанның бірі. Бұл кешен 2017 жылы Қазақстанның 100 киелі нысанының тізіміне, 2018 жылы «Қазақстан Республикасының 2019-2023 жылдарға арналған ішкі және кіру туризмін дамыту» (ТОП-50) мемлекеттік бағдарламасына енді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Хан ордасы» мұражайқорығы» жобасы аясында 2021-2022 жылдары мұражай құрамындағы аурухана-стационар ғимаратын (1852 жылы салынған) және мемлекет қайраткері С. Меңдешевтің үйін (1842 ж.) 55 млн теңгеге қалпына келтіру (реставрация) жұмысы жүруде. Биыл мұражай-қорық аумағында жаңа визит-орталығының құрылысы аяқталмақ. Жобаның құны – 431 миллион теңге.
Алты мұражай орналасқан «Хан ордасы» кешеніне былтыр 22 500-ге жуық адам келген. Республиканың түкпір-түкпірінен тарихи нысанды көруге ат арытып келетіндер көп. «Әттеген-айы», облыс орталығынан шалғайдағы ауданға дейін бірнеше жылдан бері жүргізіліп жатқан асфальт-бетонды жолдың құрылысы уақтылы аяқталар емес.
Оған қоса Хан ордасы ауылына дейінгі жергілікті жолдың жағдайы мүшкіл. Үшкір-үшкір тікен тастар көліктерді тұсаулайтын 21 шақырым жолдың бетіне әлі күнге бір тамшы асфальт-бетон қоспасы тамбады.
Тақтайдай тегіс жол туристер тартудың бір кепілі екені анық. Өңірдегі автожолдар желісін жөндеу – ұзаққа созылып келе жатқан кешенді мәселенің бірі. Жергілікті маңыздағы жолдарды былай қойғанда, республикалық деңгейдегі трассалардың әбден тозығы жеткен. Жуырда Президент пәрменімен Көлік және ирригация министрлігі өз алдына жеке «отау құрды». Жаңа министрлік үшін бел шешіп кірісетін шаруа шаш-етектен. Автожолдар құрылысында кінәрат-кемшілік өте көп. Өңірлердегі автожолдар торабының сапасы ала-құла. Көлігімізбен ел аралаған кезде жол жайына қанық болғанбыз. Оңтүстік өңірлерде әр туристік нысанға дейін тақтайдай тегіс жол тартылған. Мәселен, Түркістан қаласынан шыққан жолаушылар ұзын автобустармен алыстағы ауылдарға да емін-еркін жете алады. Арыстан баб кесенесіне барсаң да, Укаш атаға зиярат етсең де, тегіс асфальт көз алдыңда сайрап жатады. Шымкент қаласына сапар шексең, ол жақтан атақты Ақмешіт үңгірін адаспай табасың. Ал Ақ Жайық өңіріндегі киелі де көрікті жерге бару түгілі, кейде қайбір елді мекенге аман-есен жетудің өзі қиямет-қайым сапарға айналады.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының дерегі бойынша ішкі туризмді дамыту мақсатында туроператорлар 27 туристік маршрутты ұсынады. Аталған басқарма мамандары облыстағы көрікті жерлер және киелі орындар, туристік маршруттар, демалыс базалары мен қонақүйлер туралы толық ақпарат https://www.visit-uralsk.kz сайтына енгізілгенін айтты. Күні кеше ғана іздеу жүйесінен тексеріп көргенімізбен, сайтты шолып шығу мүмкін болмады, ең болмаса бастапқы беті ашылмады. «Өңірдің логистикалық әлеуетін ескере отырып, Сырым, Казталов, Бәйтерек, Теректі және Шыңғырлау аудандарында 2,3 млрд теңгеге ашылатын А, В және С класты 6 кемпингтің құрылысы (123 жұмыс орны) жүргізілуде. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан филиалы жол бойына сервис нысандарын салу үшін 22 бос алаң ұсынды, оның ішінде 4 объектіні жеке кәсіпкерлер пайдаланады», – делінген басқарма жолдаған хатта.
Инвестициялық жобалар
2022 жылы 5,3 млрд теңгенің 5 жобасы жүзеге асты (138 жұмыс орны):
1) Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағында Феррис дөңгелегін орнату (Орал);
2) «Green Park» демалыс және су ойын-сауық саябағы құрылысы, 1-кезең (Бәйтерек);
3) «Nur-Er» ат спорты кешенінің құрылысы (Орал);
4) В класындағы кемпинг құрылысы (Шыңғырлау);
5) «NURBERGEN HEALTH RESORT» қонақүйінің құрылысы (Теректі).
Биыл 8,6 млрд теңгенің 5 жобасы іске қосылмақ (175 жұмыс орны):
1) «Green Park» демалыс және су ойын-сауық саябағы құрылысы, 2-кезең (Бәйтерек);
2) «Рахат» қонақүйінің кеңейтілуі (Орал);
3) «West Plaza» қонақүйінің құрылысы (Орал);
4) «Ақжол» демалыс базасының құрылысы (Теректі);
5) Хан ордасы мұражай-қорығында визит орталығының құрылысы (Бөкей ордасы ауданы).
Мемлекеттік бағдарлама ауқымында туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау шаралары:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығынының бір бөлігін субсидиялау – 83 300 тг/айына;
2) жол бойындағы сервис нысандарын салуға жұмсаған қаражатының бір бөлігін өтеу – 10 %;
3) туристік қызмет нысандарын салу, жаңғырту бойынша шығынның бір бөлігін өтеу – 10 %;
4) жүргiзушiні қоспағанда, 8-ден астам орындығы бар аутомобиль көлік құралдарын сатып алуға жұмсаған қаражаттың бір бөлігін өтеу – 25 %.
Бүгіндері танымал туристік маршруттар бойынша «Ғылыми зерттеулерге жәрдемдесу қоры» жеке қорының директоры Айболат Құрымбаев (суретте) бірнеше бағытта экскурсия ұйымдастырып жүр.
А. Құрымбаев – «БҚО туризм ассоциациясы» ЗТБ төрағасы, тарих магистрі, «TourWestKaz» мекемесінің басшысы.
Орал қаласында қолөнер шеберлерінің басын қосып, мереке-мейрам кезінде көрме өткізеді. Ұдайы қоғамдық, мәдени, тарихи, танымдық іс-шаралардың белортасынан табылатын, бірнеше жылдан бері туризм саласының «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» азаматтың айтары көп.
– Біздің облыста билік буындары туризмді табыс көзі деп санамайды. Оған бір себеп – туристердің экономика саласына қосатын үлесін нақты есептеу мүмкін емес. Келген мейман дүкендерден күнделікті азық-түлік, керек-жарағын сатып алады, жанармай бекетіне тоқтайды, қонақүй, пәтер, хостел жалдайды. Осыған қатысты есеп-қисап айқын болмағандықтан, бейжай көзқарас басым деген ойдамын. Облыс аумағы арқылы туристер өтіп жатыр. Бірақ олардың саны қанша екені беймәлім. Қанша турист аяқ суытып, аялдайтыны да белгісіз. «Театр – киімілгіштен басталады» деген тәмсіл бар. Дәл солай облысымыздың шекара бекеттерінен бастап ақпараттық тақта тұруы тиіс. Орал – Орынбор, Орал – Саратов, Самара – Шымкент, Орал – Атырау, Орал – Ақтөбе бағытындағы трассалар бойында музейге, тарихи нысанға, қонақүйлерге сілтеме жасайтын билбордтардың болғаны абзал.
Ақпараттық сүйемелдеу болмағасын, туристер легін тарту ісі кенжелеп тұр. Ашығын айтайық, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары туризмді дамыту тұрғысынан көш ілгері. Маңғыстау облысында туризм басқармасы – өз алдына бөлек мекеме. Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына қарасты туризм және сыртқы экономикалық байланыстар бөлімі бар. Шынтуайтында, осы бөлім мамандары экономикалық байланыс бағытына баса мән береді, ал туризм ісімен шұғылдануға уақыты да жоқ. Сондықтан үш жылдық жоба жасақтап, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйым басқаратын туристік ақпарат беру орталығы болуы керек. Ол орталық қаладағы көрнекті ғимараттың біріне орналасуы тиіс. Егер ғимарат сыртында і әрібіне ұқсас белгі болса, халықаралық тәжірибе бойынша туристер арнайы орталықтың жан-жақты ақпарат беретінін біледі. Осы орайда Ақтөбе қаласындағы «Visit Aqtobe» туристік-ақпараттық орталығымен тәжірибе алмасуға болар еді.
БҚО туризм ассоциациясының төрағасы ретінде облыс және қала әкімдерімен кездесіп, туризм нарығын дамытуға қатысты жобалар ұсындым, ұсыныс-пікірімді ортаға салдым. Әзірше бірде-бірі қолдау көрсеткен жоқ. Осы тұста айта кетейін, балалар туризмін ішкі туризмге жатқызуға болмайды. Сөз жоқ, туристік лагерьлер мен орталықтар жасөспірімдердің мамандық таңдауына, дүниетанымын кеңейтуге, жорықтарға дайындалуына септеседі. Әйтсе де, осындай ұйымдарды бөлек мектеп, тәлім-тәрбие орталығы деп санау керек. Биыл Туризм және спорт министрлігі құрылды. Енді осы ведомстводан серпін болады деген үміттемін. Бірақ туризм кәсіпкерлік саласына жақын дүние. Сондықтан бірден іргесін ажыратып, бөліп алып кетпей, байыпты қадам жасау керек.
Біздің облыстың туризм саласына арнаған бюджет көлемі өте аз. Менің білуімше, 15 миллион теңге ғана. Автожол салу керек деп айтпаймын. Ең болмаса өңір бойынша туристік нысандарға бағыттайтын жол сілтемелерін көбейтсе екен. Мәселен, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына баратын бағытқа «Құныскерей үңгірі» деген нұсқау белгі орнатсын. Шыңғырлау ауданындағы Қоңыр ауылының тұсында «Сарқырама» деген жазу болсын. Жол белгілерін жасауға аудан бюджетінен 100-200 мың теңге бөлуге болады. Тіпті Орал қаласының өзінде Хан тоғайына бағыттайтын көрсеткіш тақтайша жоқ. Жалпы әр аудан саяхатқа арналған бір машрутты таңдап, осы бағытта экскурсияны жандандыруға, жан-жақты насихаттауға көңіл бөлгені дұрыс деп есептеймін. Жол бойына бағыт-бағдар көрсететін сілтеме, туристік нысан орналасқан жерге ақпараттық билборд, ас-су ішетін орын, шағын әжетхана салса және нысанды күтіп ұстау жұмысын жыл сайын қадағалап отырса, жеткілікті, – деді Айболат Құрымбаев.
Хан тоғайы
- Ассоциация жетекшісі өңірде оқиға туризмін (событиний туризм) дамыту керек деп санайды. Мәселен, біріншіден, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні өтетін мерекелік іс-шараларға қатысу, екіншіден, «Қансонар» бүркітшілер сайысын тамашалау туристер үшін тартымды. Ресейлік туристер Қала күні немесе шоу сипатындағы думан қызық болмайтынын, одан гөрі халықтың төл мәдениеті, ұлттық бренді болып есептелетін жеке-дара этникалық құндылықты айқындайтын элементтермен танысқысы келетінін ашық айтады екен. «Әдеттегідей, облыста іс-шаралар күнтізбесі бекітіледі. Бірақ маңызды шараларды, турасын айтқанда, әкімге арнап қаңтарып қояды. Міндетті түрде облыс әкімі келіп құттықтамай, іс-шара басталмайды. 22 наурыз күні тігілген киіз үйлер әкім аралағасын барып ашылады. Мерекелік іс-шаралар негізінен әкімнің келуіне емес, қала қонақтарына, турист тартуға бағытталуы тиіс», – дейді Айболат Құрымбаев.
P.S.
Ақ Жайық өңірі – туристік нысандарға бай өлке. Шыңғырлаудағы Торыатбас тауы, Қаратөбе ауданындағы Аққұм шөлі, Бөрлі ауданындағы Айдарлы тауы, Теректі ауданындағы Сәуір ата жары, Тақсай ханшайымы кесенесі, Орал қаласындағы «Алаш», «Сая», «Романтика», «Бублик» туристік базалары және басқа да тамаша нысандар енді-енді таныла бастады. Сұлулығына көз тоймайтын көрікті жерлер жаныңды жадыратып, тәніңді сергітеді. Казталов, Жәнібек, Жаңақала ауданындағы киіктер жосыны саяхатқа шыққан көптеген адамға таңсық, экзотикалық көрініс болар еді. Тарихи жерлер, киелі нысандар туралы аңыз-әңгіме, хикаялар кеңінен таралса, туристерді қызықтыратын бірден-бір фактор болатыны анық. Сөзбұйдаға салмай, туристік инфрақұрылым желісін жандандыру – жергілікті атқарушы құрылымдардың тікелей міндеті. Облыс үшін туризм нағыз табыс тайқазаны болуы тиіс.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»