28.07.2022, 17:31
Оқылды: 63

Туризм түйіткілдерден көз ашпай тұр

Біздің өңірде туризм саласы дамуы кенжелеп қалған салалардың бірі екені жасырын емес. Туризмді жетілдіре түсу үшін инвестиция тарту мәселесінен бұрын қарапайым инфрақұрылым дамымай қалған. Мысалы, турнысандарға баратын жол, жеткен соң тамақтанатын не демалатын орын, тіпті әжетхана да жоқ. Ал қалаға өз бетімен қонаққа келген турист демалыс күні облыс аумағындағы туристік нысандарға баруы үшін дайын тұрған турларды таңдап жүріп сатып ала алмайды. Өйткені, демалыс күні турлар ұйымдастыру қызметін көрсететін турфирмалар атымен жоқ. Бұл қызметті ұсынатын бір ғана адам бар, ол – Айболат Құрымбаев есімді азамат. Сол себептен де жақында өткен облыс әкімінің аппарат кеңесінің жұмысына БҚО туризм ассоциациясының төрағасы, туризм саласының жанашыры ретінде Айболат Құрымбаевты шақыруы, оның ескертулері мен ұсыныстарын тыңдауы қуантарлық жағдай болды.

WhatsApp Image 2022-07-28 at 18.04.12

Айболат Шамұратұлы тек мәселені көтеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге түйіткілдерді шешу жолдарын да ұсынды. Ең алдымен туризмді дамыту мақсатында мемлекет тарапынан шығындардың бір бөлігін өтеу және субсидиялаудың мемлекеттік шараларына қатысты пікірін білдірді.

Айта кетейік, БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сәйкес, жол бойындағы сервис объектілерін, оның ішінде кемпингтер мен санитариялық-гигиеналық тораптарды дамыту үшін мемлекет тарапынан шығындардың бір бөлігін өтеу және субсидиялау бойынша келесідей мемлекеттік шаралар бар.

Мәдениет және спорт министрлігі арқылы:

  • әрбір интурист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау (15 000 тг);
  • тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу бойынша шығындарды өтеу (25%).

Жергілікті атқарушы органдар арқылы:

  • туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (10%);
  • туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне сыйымдылығы жүргізушінің орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу (25%);
  • кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (10%);
  • санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстау бойынша шығындардың бір бөлігін субсидиялау (83300 тг) (2022 жылға 35,4 млн.тг қарастырылған, алайда Министрлікпен ережелерге енгізілетін ұзақ мерзімді өзгерістеріне орай қаражат игерілмеу қаупі бар);

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ арқылы:

  • Қазақстан Республикасының аумағында әуе көлігімен 2 жастан 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жолаушыларды қоса алғанда тасымалдау кезінде туристік өнімге енгізілген билет құнын субсидиялау (Kids Go Free).

Айболат Құрымбаевтың айтуынша,жоғарда айтылған жеңілдіктер туралы өңірдегі туризм саласының кәсіпкерлері биыл ғана білген. Тым кеш білгендіктен биылғы жылға тапсырыс беріп үлгермеген, келер жылы қосылу жоспарлары бар. Ал туристерге арналған субсидиялаудың өз қиындықтары бар. Ол субсидияны алу үшін облысқа келген турист тек 1 күн емес, кемінде 4 күн болып, 3 күн қонуы қажет. Сол кезде ғана субсидия алуға өтініш бере алады. Осыдан бөлек, ол туристер міндетті түрде e-hotel, e-qonaq деген сайтқа тіркелуі қажет. Егер осы жүйелер толықтай жұмыс жасаса облыста туризм саласында қызмет көрсететін әрбір кәсіпкердің келген бір туристке 15 000 теңге субсидия алуға толық мүмкіндігі бар екен. Ол үшін өңіргекелген туристерді кемінде 4 күн кідіртугебарлық басқармалар, аудан әкімдері, кәсіпкерлер бірігіп жұмыс жасауы керек. Сонымен қатар биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан жақсы бастама-Kids Go Free жобасы.Аталған жоба балалардың ұшақта ұшу ақысын 100% өтейді.Бірақ біздің облыста бұл жоба жүзеге аспай отыр. Өңір оқушылары басқа аймақтарға турфирмалар арқылы баруы қажет. Ал турфирмалар қойылатын талаптарға сай келуі керек. Яғни, туристік жолдама алу арқылы ғана жүзеге асырылады.

Өңірімізде туристерді тарту үшін ең қарапайым істердің өзі жолға қойылмаған. Айболат Құрымбаев облысымызда «Оқиғалар күнтізбесі» атты облыс деңгейінде өткізілетін мәдени, спорттық және басқа да шаралар туралы ақпарат еш жерде жарияланбайтынын айтты.

- Сол себептен қала тұрғындарына да, келуші туристерге де қай жерде қандай шаралар өтетіні туралы алдын ала айта алмаймыз. Шаралар туралы мәліметті алдын ала жариялау сол шараларға жергілікті тұрғындарды, қонақтарды, туристерді тартудың бір жолы,-дейді А.Құрымбаев.

Сонымен қатар шетелдік туристерді тартудың да өз жолы бар. Айболат Шамұратұлының айтуынша, шетелдік туристерді қызықтыратын үлкен шаралардың бірі Наурыз мейрамы болса, екіншісі осыдан екі жыл бұрын өткізілген «Жайық қыраны» бүркітшілер сайысы. Сайысты өткізу тәжірибесі бар, сайысқа Самара, Ульяновск, Пермь, Казань, Набережные Челны қалаларынан туристер келген, әлі де келуге дайын. Мысалы, Казталов ауданында «Қызғалдақтар фестивалін» өткізу сияқты жақсы бір тәжірибе басталған және өте жақсы деңгейде өтеді екен.

- Осындай шараларды шаралар күнтізбесі жоспарына енгізіп, жыл сайын дәстүрге айналдырып, барлық сала бірігіп өткізген дұрыс. Өйткені, қызығушылық артуда. Біз алты ай бұрын жоспарлап Ресейдің туристік ақпарат беретін ресурстарына жеткізсек, олар өздерінің жылдық жоспарына қосып, бізге туристерді алып келеді. Ал біздің мақсатымыз келген туристерді 4 күн кідірту. Көршілес елдің туристері қызғалдақтарды көру үшін Самарадан Калмыкияға барады. Біздер қасында тұрып ұйымдастыра алар едік.Сөйтіп жоғарыда аталған субсидияны алуға мүмкіндік пайда болар еді, - деген сала маманы бұл мәдениет және спорт басқармасына ұсынысы екені жеткізді.

Келесі бір келелі мәселенің бірі облысымыздағы туристік нысандарға жеткізетін жол бойында сілтемелердің болмауы. Сонымен қатар туристік нысандарға жеткен кезде олардың не атауы, не сипаты, не ол туралы мәліметтің мүлдем жоқтығы немесе бар ақпарат тақталары мен сілтемелердің жаңартылмауы. Осының салдарынан өз бетімен келген турист не нысан екенін түсініп, біле алмайды. Бұл да облысымыздың туристік аймақ ретінде тартымдылығын төмендететін баяндаған Айболат Шамұратұлы мәселені шешу жолдары туралы өз ойын да білдірді.

- Әрбір ауданда бірнеше туристік объект бар. Сол бар туристік объектілерге әр аудан басшылығы тарапынан өз бюджеті көтеретіндей көлемде қамқорлық жасалса жақсы болар еді. Мысалы, Теректі ауданында өткен жылы Арман Кәрімұлы аудан әкімі болған кезде бірнеше нысанға жол сілтемелерін, ақпараттық тақталарын орнатып, барғанда отыратын орындарын жасап қойған еді. Бұл келген туристерге өте ыңғайлы, әрі қолайлы. Яғни, туристік нысанға баратын жол көрсетілген, ол туралы мәлімет бар, үш тілде жазылған, картасы қойылған, отыратын, от жағатын орындар да дайын. Бар туристік нысандарға ол туралы мәлімет, сипаттама беретін ақпараттық тақта, билбордтар орнату қажет. Мысалы, Ақжайық ауданында В.Чапаев атындағы Ақжайық тарихи-өлкетану музейі бар. Бірақ, Атырау – Орал тас жол бағытында Чапаев ауылында музей бар екені туралы ешқандай ақпарат жоқ. Егер сілтеме болса жолаушылар, туристер музейге ат басын бұруы әбден мүмкін. Бөрлі ауданындағы Миргород ландшафтық қорықшасына қызығушылық өте жоғары. Джип-турлар сол жерден басталып, әрі қарай Шыңғырлау ауданына жалғасып кетеді. Сол жақтағы тау, төбелерге барып, фотоға түсіреді. Мысалы, Торыатбасы, Шатырлы, Айдарлы, Алақантау деген таулар бар, бірақ ешбір нысанның жанында атауы мен мәлімет берілмеген.Қорықшалардың көбінде билбордтар орнататын орындар бар, бірақ билбордтары еш жаңартылмаған.Бәйтерек ауданындағы Шолохов саяжайына туристерді апарамыз, бірақ бұл жерде Шолохов болғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ, Тіпті атақты жазушының фотосуретін де таппайсың. Ал саяжай өте жақсы, тап бір сол заманға толықтай түскендей боласың.Әрбір ауданда бір маршруттан болса ол жергілікті халық үшін, аудан кәсіпкерлері үшін қаржы табудың көзі, - деді Айболат Шамұратұлы

Облысымыздың туристік әлеуеті зор, ең жасыл, ең таза деген статусқа ие өңірдің біріміз. Туризмнің түрлі бағыттарын да дамытуға мүмкіндік мол. Айболат бұл жайында, - Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында Құныскерей үңгірі деген нысан бар. Алайда, үңгір құлап, құмға толып, көміліп қалған. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Егіндікөл бұлағы бар, шөл қандыратын салқын суы денсаулыққа да шипалы. Қалдығайты өзенінің бойында судың жағасында жақсы жағажайлары бар. Шыңғырлау ауданы Ақсуат ауылындағы Сарқырама, Қаратөбедегі Егіндікөл ауылы, Шыңғырлаудағы Сегізсай ауылы, осы үш ауылдың агротуризмді, ауылдық туризмді дамытуға әлеуеті мықты. Осы бағытта жергілікті тұрғындарға келген қонақтарды қалай қарсы алу бойынша тренингтер өткізуге болады.

Өткен жылы Сарыөмір және Хан ордасында осындай тренингтер өткізгенбіз. Қолөнершілеріміз бар, киіз басу және тағы басқа бағыттағы қолөнер шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алсақ, бұл тағы да туристерді тартып, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді, - дейді.

Туристерді тартудың тағы бір жолы шекаралас аймақтарда орналасқан шипажай, демалыс орындарымен байланысты нығайтып, сенбі-жексенбі күндері экскурсия өткізуді жолға қою.

- Бөкейордасы Ресей Федерациясымен шекаралас жер, екі жағынан екі объект бар. Біреуі Эльтон бальнеологиялық, яғни балшықпен емдеу шипажайы. Ол жылына 5000 адам қабылдайды. Олардың емдеу күндері 13 және 21 күнге созылады. Ем алушылардың ең азы екі апта, ең ұзағы үш апта болады. Олардың демалыс күндері қолдары бос, емдеу шараларын алмайды. Сол уақытта Хан ордасы музей қорығына алып келіп, аралатуға болар еді. Тәжірибе бар, осыған дейін жұмыс жасалды. Демалушылар қашықтығы 90 шақырым жерде орналасқан өзге мемлекетке барып, басқа мәдениетті көру, тарихын білуге өте белсенді қызығушылық танытады. Екіншісі, Астрахань облысында Богдинско-Баскунчакский қорығы. Бұл жерге де келушілер көп. Егер екі жақты шекара ашылып, жұмысы қалпына келтірілген жағдайда туристер келуге дайын, - деп атап өтті Айболат Құрымбаев.

Сонымен қатар облыста өтетін түрлі деңгейдегі байқаулар, фестивальдар, симпозиумдар, сайыстар, жиналыстар, съездер, форумдар және т.б. шараларға қонақтар, қатысушылар келеді. Осы шаралардың бағдарламасына қала ішілік экскурсия енгізуді, оған міндетті түрде ең болмағанда бір музейге апаруды ұсынды Айболат Шамұратұлы.

Қазір төлем мен есеп айырысуға қатысты барлық процесстердің автоматтандырылған заманы. Туризм саласындағы есеп айырысу, төлемдер жүргізу де бұл жағынан ақсап тұр екен.

- Облысымызда бірнеше қорықша бар, соларға аудандық мәслихат кіру жарнасын бекітеді, бірақ кіру жарнасының ақшасын төлеу өте қиын. Оны төлеу процесін мобильдік қосымша арқылы жүзеге асыруды реттесек, аудандық бюджет кірісінің қаржысы автоматты түрде толығып отыратын еді.QR кодтар да жетілдіруді қажет етеді. QR кодтар бар, жұмыс жасап тұр, оларды тексеріп көрдік. Бірақ, QR кодтар BatysMura.kz атты жеке сайтқа кетеді, сайт «Дана» ЖК-ға тиесілі. Ол не себептен олай екенін түсінбедік, - деп процесстерді автоматтандыру, ашықтық пен есептілікке қатысты да ұсынысын жеткіздіАйболат Шамұратұлы.

Сонымен қоса Айболатты мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің құрамында соңғы уақытта жұмыстанып, экспедиция кезінде табылған Кіші жүз хандары Есім хан, Айшуақ хан, Жантөре хан, сонымен қоса Ақжайық, Қаратөбе, Сырым ауданы аумақтарында орналасқан Қашар сойған, Жұмыр сасық, Үкі бидің кесенелері, 30-ға жуық кесенелердің бір де біреуі осы мемлекеттік қорғау тізіміне енгізілмегені, сәйкесінше мемлекет қорғауына алынбағаны мазалайды. Оның айтуынша, 2020 жылы тарихи-мәдение мұраны қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында бұл мәселе көтерілген, алайда сол кездегі елдегі пандемияға байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалған.

Осыдан бөлек Бөкейордасы тарихи кешенінде өкінішке орай қазіргі геосаясат ахуалына байланысты археологиялық бөлім, көрме жоқ екен. Кешендегі экскурсия «1801 жылы 11 наурыз күні бізге жер бөлінді, аудан құрылды сол уақыттан бастау алады» деген сөздермен басталады. Археологиялық қазба жұмыстары аяқталған соң Хан Ордасы музей қорында археологиялық бөлім ашылса деген ұсынысын білдірді.

Сонымен қатар сала маманын туризм саласының қазіргі жағдайы ғана емес, оның болашағы, саланы мамандармен қамтамасыз ету, болашақ мамандарды қазірден бастап дайындау да алаңдатады.

-Облысымызда туризм мамандарын дайындайтын үш колледж, бір жоғарғы оқу орны бар. Біз өз жұмыстарымызды жоспарлап жасаудамыз, бірақ оларды да шақырып, олармен бірлесіп, ақылдасып, жұмыс жасаған дұрыс деп ойлаймын. Сала студенттері осы нысандарды біліп, сол жерде жұмыстануға дайын болу керек деп есептеймін,-дейді А.Құрымбаев.

Альфия Шамаева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале