24.02.2026, 15:46
Оқылды: 53

Түркістанда университеттің ботаникалық бағында қызғалдақтар бүр жарды

"Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Ботаникалық бақ" ғылыми-зерттеу институтында қызғалдақтар қауызын ашты. Жылыжай кешенінде өсірілген гүлдер ғылыми жобалардың нәтижелілігін және жүргізілген селекциялық жұмыстардың тиімділігін айқындайды", - деп хабарлайды ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі.

_gluster_2026_2_24_aaf79383ab46ed8082d27f06841c5f2e_1280x720

Фото: www.gov.kz

2022-2024 жылдар аралығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында "Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп, қолданысқа енгізу" ғылыми жобасы жүзеге асырылды. Аталған жоба шеңберінде қызғалдақтың жерсіндірілген және перспективті сұрыптарын өндіріске енгізуге ғылыми негіз қалыптасып, селекциялық жұмыстарға арналған бастапқы материалдар қоры жасақталды.

Қазіргі уақытта ботаникалық бақтың жылыжайында қызғалдақ өсіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Биыл қызғалдақтың 7 түрлі сұрыпынан 7000 дана пиязшық отырғызылды.

_gluster_2026_2_24_e681bbd276390bda64a515c21937a7a5_1280x720

Биылғы маусымның ерекшелігі – бұған дейін қызғалдақтарды ғылыми зерттеу тобы өсіріп келген болса, осы жылы ботаникалық бақтың жұмысшы мамандары өсіріп шықты. Бұл ғылыми әзірлемелердің тәжірибелік деңгейде тиімді игерілгенін және технологиялардың тұрақты түрде өндірістік үдеріске енгізілгенін көрсетеді.

Ботаникалық бақта өсірілген қызғалдақтар жыл сайын наурыз айындағы мерекелік іс-шаралар аясында университеттің ардагер оқытушылары мен серіктестеріне табысталады. Сонымен қатар ғылыми жоба нәтижелерін коммерцияландыру бағытында өнімді нарыққа шығару мүмкіндіктері қарастырылған.

Университет ғалымдары қызғалдақ өсіру, жерсіндіру және селекциялау бағытындағы зерттеулерді кезең-кезеңімен жалғастырып, отандық гүл шаруашылығын дамытуға жүйелі түрде үлес қосуды көздейді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале