14.02.2022, 9:00
Оқылды: 42

Уақтылы тазалауға техника жетіспеуде

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Елдар Садық бастаған жұмыс тобы БАҚ өкілдерімен бірге «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» аутожолының қысқы кездегі күтімін қадағалауға шықты. Жолшылардың айтуынша, Тасқала ауданының қысы қытымыр, ақ түтек бораны көз аштырмайды. Сондықтан табиғаты ерекше аумақтағы аутожолды тазалау «ҚазАвтоЖол» ЖШС күшімен тәулік бойы жүргізілуде.
F42B01B2-A9CA-47F4-9908-C44549ED06E1

– Батыс Қазақстан облысы бойынша республикалық маңызы бар аутокөлік жолдарының жалпы желісі 1414 шақырымды құрайды, оның 203 шақырымы күрделі, 21 шақырымы орташа жөндеуде. Жалпы 1190 шақырым аутожол желісінде күтіп-ұстау жұмысы жүргізілуде. Аутожолдарды күтіп-ұстауға жауапты басты мердігер – «Қазавтожол» ЖШС. Күз айларында көктайғаққа арналған 14 мың тонна құм-тұз қоспасы дайындалды. Аталған серіктестіктің иелігінде 53 техника бар. Бірақ соның ішінде 35 техника жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта қалған техника жөнделіп жатыр. Мердігер қосымша 15 техниканы жалға алған. Соның өзінде техника саны жеткіліксіз болып отыр. Норматив бойынша облыстағы республикалық аутожолдарды күтіп-ұстау жұмысына 84 техника қажет. Осыған байланысты қысқы ахуалға талдау жүргізе отырып, техника жеткіліксіздігінің алдын алу үшін «Қазавтожол» ҰК» АҚ орталық аппараттың қолдауымен желтоқсан-қаңтар айларында қосымша екі мердігермен келісімшарт жасалды. Екі серіктестік аутожолдардың қысқы күтімі кезінде жұмыс күшін қарқынды жұмылдыруда. Келісімшарт бойынша аутожолдарды күтіп ұстау үшін «Асфа» ЖШС 16, «ЖайықЖолҚұрылыс» ЖШС 14 техниканы іске қосты, – деді Елдар Садық.

Орал – Тасқала  аутожолының ұзындығы – 100 шақырым. Оның мәліметі бойынша, осы аутожол 2015-2018 жылдары қайта жаңартылыпты. Жоба аясында жолдың екі жағына қалың қарды тұтып қалуға арналған 7 мың метр темір бетон қалқан орнатылған. Тасқала ауданының ауа райы ерекше болғандықтан, бұрқасын салдарынан темір бетон қалқандар қарға көмілген. Тіпті жол жиегінің екі жағына аттылы адам көрінбейтін қар үйіліп тұр. Тасқала ауылынан РФ шекарасына дейін ұзындығы 34 шақырым бөлігінде жол құрылыс техникасы тәулік бойы жұмыстануда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қа-
уіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты облыс бойынша республикалық маңызы бар аутокөлік жолдары 16 рет (215 сағатқа) жабылды. Оның ішінде қысы қытымыр ауданда орналасқан А-29 «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» аутожолы 8 рет жабылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ орталық аппаратына қарасты 1403 байланыс орталығы бар. Жол-көлік оқиғалары жөнінде деректерді өңдеу орталығының жедел диспетчерлеріне дереу мәліметтер ұсынылып отырады.

– Орал – Тасқала – РФ бағытындағы аутожолда 4 жүк тиеуші, 2 автогрейдер және «МТЗ»-тракторлар жұмыс істеуде. Боран соққаннан кейін жол бетін аршып, көлік қозғалысын ретке келтіреміз. Қыс кезінде жолды уақтылы тазалап отыру оңай емес. Серіктестікке техника жетіспейтіні рас. Сондықтан қосымша техниканы жалға аламыз. Бұрқасын кезінде жүк көліктері мен жеңіл машиналардың жолда тұрып қалмауын қадаға-
лаймыз. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жолдарды уақытша жабуға тура келеді. Себебі біздің техника қар аршып жатқанда, жүк көліктері еріксіз кідіреді, содан ұзын кептеліс пайда болады. Облыс тұрғындары аутокөліктерді бекерге бөгемейтінімізді ұғынса екен. Норматив бойынша қалың қар түскеннен кейін аутожолдар 6 сағат ішінде аршылып болуы тиіс. Кейде үлгере алмай жатамыз. Жұмыс бригадалары тәулік бойы екі ауысыммен қар аршиды. Тасқала ауданының табиғаты ерекше. Бұрқасын, боран, қарасуық жел үздіксіз соғып тұрады. Қалың қар көшкінін темір бетон қалқан тұтып қалады. Одан бөлек ауыр техника жолдың жанындағы қарды тіліп, ор қазады. Осының өзі қардың жол бойына үйіліп қалуына едәуір кедергі болады. Облыс бойынша аутожолдарды күтіп-ұстауға біздің мекемеге 850 миллион теңге қаражат бөлінді, – деді «Қазақавтожол» ЖШС БҚФ бөлім бастығы Аңсар Рахматуллин.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» БҚО филиалы  директоры Зауырбек Қыпшақбаев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдерімен бірлесіп, аутожолдардың қысқы күтіп-ұсталуын қадағалау мақсатында бақылау шараларын тұрақты жүргізіп отырғандарын айтты. «Республикалық маңыздағы жолдар 4-6 сағат аралығында аршылып болуы тиіс. Бүгінгі рейд кезінде Орал – Тасқала аутожолы бойындағы кейбір көліктер тұрағының тазартылмағанын көрдік. Қадағалау барысында жол беткейінде мұздақтардың алынбағанын, құм-тұз қоспасының уақтылы себілмегенін анықтадық. Аутожолдың кейбір бөлігінде қарлар тығыз күйінде жатыр. Мердігерден аутожолдарды уақтылы тазартуды талап етудеміз. Жыл басынан бері облыс бойынша республикалық аутожолдардың қысқы кезеңде талапқа сай болмауына байланысты 12 бұзушылық анықталды. Көктайғаққа қарсы қолданылатын материалдардың бірқатары мемлекеттік стандартқа сай болмай шықты», – деді Зауырбек Қыпшақбаев.

 Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале