Қала күні қарсаңында Оралдың Деповской көшесінде мемлекеттік-жекеменшік əріптестік аясында салынған 90 пəтерлі үйдің құрылысы аяқталды.
Іргетасы екі жыл бұрын құйылған 9 қабатты үйді "Болашақ-Т" ЖШС жеке инвестициясы есебінен 683, 478 миллион теңге қаржыға салды. Оның ішіндегі 1 бөлмелі 16 пəтер баспаналары апатты деп танылған тұрғындарға еш ақысыз берілді. Бұндай жоба облыста тұңғыш жүзеге асып жатқанын облыс əкімі Алтай Көлгінов қоныстойға арналған шара барысында атап өтті.
- Жаңа ғана Зашаған кентінде 9 қабатты үйде орналасқан 180 пəтердің кілтін иелеріне тапсырдық. "Нұрлы жер" бағдарламасы ауқымында биыл Оралда 14 көп қабатты үй, яғни, 1600 пəтер беріледі. Аудандарда баспаналар салынып жатыр. Келесі жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 2700 пəтер салуды жоспарлаудамыз. Елбасымыздың баспанаға мұқтаж адамдарға қамқорлығы айқын сезілуде. Облыс орталығында 40-тың үстінде апатты, 200-дей ескі үй бар.
Осы мəселені біртіндеп шешудеміз. Міне, Деповской көшесінде апатты үйлер орнына жаңа үй салынды. Абаттандыру жергілікті бюджет есебінен жүргізілді. Мемлекеттік-жекеменшік əріптестік аясындағы мұндай жоба өңірімізде тұңғыш жүзеге асуда, - деді облыс әкімі.
Шара кезінде облыс әкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пəтер кілттерін тұрғындарға табыстады. "Болашақ-Т" ЖШС директорының міндетін атқарушы Асқар Қосжановтың сөзінше, қалған 74 пəтер "Тұрғынүйқұрылысжинақ банк" салымшылары мен инвесторға пəтердің келісімді құнын бөліп төлеуге келіскен тұрғындарға беріледі.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz