Қалиматтың әкесі Қыдыр – елге сыйлы, беделді азамат болатын. Осындай әкеден үлгі алған ұлы да жастайынан ауылдастарымен етене араласып, көпшіл болып ержетті. Оң мен солын айыра білген шағында оқып, жоғары білім алды. Бала кезінен спортпен айналысып, шыныққан жігіттің айналасына өзі сияқты денсаулығы шымыр жастар жиналып, ауылдың шет жағында орналасқан жазық алаңда волейбол ойнайтын. Достарының, жолдастарының арасында оның көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеті бірден байқалып тұратын. Бойлы-сойлы, қарымды жас жігіт волейбол добын ұршықтай үйіріп, биік тордан белінен асыра секіріп, жойқын соққы жасағанда, қарсы жақтағы ойыншылардың допты кері алуға қауқары жетпей қалатын.
Мен оны Казталов ауданының аумағымен көршілес Жақсыбай ауылында өтетін спорттық жарыстар кезінде жиі көретінмін. Содан уақыт өте келе араласып, құраласып кеттік. 2002 жылы Жәнібек ауданына қызмет бабымен ауысқан соң, онымен жақын таныстым. Дәлірек айтқанда, бізді ағайын-туысқандардай араластырған волейбол спорты десем де болады. Біздің облысты Қабиболла Жақыпов басқарған тұста өтпелі кезеңнің қиындығы ел-жұртқа салмақ салды. Сол уақытта аудан басқарған әкімдер де ет пен сүйектен жаралған жандар ғой, зауал шақта олардың да денсаулығы сыр бере бастады. Қаратөбе ауданы әкімі Амангелді Әділов сырқаттанып, ауруханада қайтыс болды. Тайпақ ауданының әкімі Максим Қожамұратов аудан тарағаннан кейін көз жұмды. Марат Ирмановтың денсаулығына өзі басқарған Казталов ауданындағы су тасқыны кезіндегі тауқымет қатты әсер етіп, көп ұзамай дүние салды. Осындай жағдайлардан кейін әкімдердің жоспарлы түрде қаралып, емделіп тұруларын Қабекең арнайы бақылауға алды. Сонымен бірге өңір басшысы тоқсаныншы жылдардың аяғында Елбасының елімізде саламатты өмір салтын орнықтыру жөніндегі қаулысына сәйкес шешім қабылдады. Онда облыс орталығындағы «Денсаулық» волейболшылар тобының негізінде (бұл топта Бөкей ордасы мен Ақжайық аудандарының әкімдері – Нұрлыбек Бірманов, Әлібек Сәтбаев және тағы басқалары ойнайтын) облыс әкімінің кубогі үшін аудандар мен қала әкімдіктерінің арасында жыл сайын волейболдан жарыс өткізіп тұру қолға алынды. Оның алғашқы өткен жарысына Казталов және Теректі аудандары қатыса алмады. Дегенмен келесі жылы атсалысып, Теректі ауданының әкімдігі бірінші, біздің Казталов ауданының әкімдігі екінші орынды иемденді. Казталов ауданының осындай жүлделі орындарды жеңіп алуына жәнібектік Қалимат Қыдыров пен Базарбай Сиғалиев сияқты волейболшылардың көмегі тиген еді.
Аталған азаматтармен 2002 жылы Жәнібек ауданына әкім болып барғанымда қайтадан жолығып, қызметте де, спортта да бірігіп, жұмыс атқардық. Сол жылы аудан әкімдігі атынан облыс орталығында волейболдан өткізілетін жарысқа мұқият дайындалдық. Арамызда Қазбек, Тельман сияқты волейбол десе, ішер асын жерге қоятын шебер ойыншыларымыз бар. Күн сайын тер төгіп жасаған жаттығулар өз нәтижесін берді. Жәнібек ауданының волейболшылар командасы аталған жарыста жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Содан бастап жәнібектік волейболшылар жарыстан үнемі жүлделі орындар алатын болды. Жеңімпаз команданың нақ ортасында Қалимат жүретін еді. Қалекең сол кезде 50-ден асса да, ойын үстінде өзін жас жігіттердей еркін ұстап, шапшаң қозғалатын. Волейболды өмірлік серігі еткен ол Бәйтерек ауданының құрама командасы сапында да әртүрлі жарыстарға қатысты. Өмірінің соңғы шағына дейін спорттан қол үзбеді. Қалимат Қыдырұлы өзі мектеп директоры, ауылдық округ әкімі болып қызмет істеген Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылы тұрғындарының арасында зор беделге ие. Соңғы 20 жылдың жүзінде Орал қаласына қарай қоныс аударып, қала маңындағы Трекин ауылында мектеп директоры қызметін атқарды. Бұл қызметте де ол басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілетін танытып, мектепті жаңа деңгейге көтеруге аянбай атсалысты. Әлденеше рет аудандық мәслихаттың депутаттығына сайлануы – оның адамгершілік ұстанымының жоғары болғандығының көрінісі.
Өзінің толайын деп тұрған 70 жасына сәл жете алмай, дүниеден озып кеткен асыл азаматтың жарқын бейнесі біздің көңілімізде ұзақ сақталады.
Нәсіпқали
Иманғалиұлы,
Орал қаласы