12.03.2024, 12:45
Оқылды: 53

Үкімет басшысы қандай азық-түлік бағасы қымбаттағанын айтты

Бүгін Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

3af76427-e179-4113-ae73-33234deab559

Фото: t.me/KZgovernment/9873

Осыған дейін Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,2%-ды құрағанын мәлімдеді. Қаңтар айында көрсеткіш 3,9% болған.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 3,2 трлн теңге кіріс түсті – жоспар 102,5%-ға орындалды. Республикалық бюджет 1,9 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 1,3 трлн теңгеге толықтырылды. Есепті кезеңдегі мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6%-ға орындалды.

Премьер-Министрдің айтуынша, барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында байқалып отыр.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өңірлерге инвестициялар тарту, құрылыс қарқынын арттыру, ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.

Үкімет басшысы қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отырғанын, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет екенін айтты.

«Министрліктер мен өңірлердің бірінші басшылары Жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласы тиімді үйлестіруі керек», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.

«Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», — деді Үкімет басшысы.

Жалпы өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр.

«Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек.

Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет.

«Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды тапсырамын», — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Олжас Бектенов инвестициялар тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Қазіргі кезде тозу деңгейін азайту үшін электрмен, жылумен және сумен жабдықтау желілерінде белсенді түрде жұмыс жүргізілуде.

primeminister.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале