Украинаның Жоғарғы Радасы украиналық олигархтардың саяси және экономикалық ықпалын шектеу туралы заң қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап.
279 депутат "Экономикалық немесе саяси салмағы елеулі адамдардың (олигархтардың) шамадан тыс әсер етуімен байланысты ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы іс -қимыл туралы" заңды қолдап дауыс берді. Енді заң жобасы ел президенті Владимир Зеленскийдің мақұлдауына жіберіледі.
Заңға сәйкес, президент, премьер-министр және орталық банктің басшысы сияқты жоғары лауазымды тұлғалар олигарх деп танылған адамдармен кез келген мәмілені жариялауы керек. Заң олигархты анықтап, билікке осы критерийлерге сәйкес келетін адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Құжаттың жарамдылық мерзімі шектеулі 10 жыл екені көрсетілген.
Олигархтарға саяси партияларды қаржыландыруға немесе мемлекеттік активтерді жекешелендіруге тыйым салынады. Зеленскийдің айтуынша, бұл ережелер Украинаны ондаған жылдар бойы елдің саяси жүйесін бүлдірген қуатты кәсіпкерлерден қорғау үшін қажет.
Заң Украинада Ұлттық Қауіпсіздік және Қорғаныс Кеңесі (ҰҚКК) құрастыратын арнайы "Олигархтардың тізілімін" құруды көздейтіні айтылды.
Tengrinews.kz