23.04.2025, 22:00
Оқылды: 111

Ұлттық кітап күніне орай БҚАТУ-да дәстүрлі шара өтті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Кітапхана түні» өтті.

DSC08524

«Парасат» ақпараттық білім беру орталығы ұйымдастырған дәстүрлі іс-шара биыл Ұлттық кітап күнімен орайластырылды. Кешке келген шақырулы қонақтарға ыстық ықыласын білдірген университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының қолдауымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні ретінде белгіленгенін атап өтіп, жастарды кітап оқуға үндеді. «Парасат» орталығының директоры Айгүл Есенаманова «Қанша ғасыр өтсе де, қанша дәуір алмасса да, кітап өзінің құндылығын жоғалтпайды» деп, атаулы мерекенің маңызы зор екенін жеткізді.

DSC08555

Бұдан әрі Жастар коворкинг орталығында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Мұнайдар Балмолдамен кездесу өтті. Кездесу барысында білім алушыларға тележурналист әрі қаламгер М.Балмолданың өмір жолы мен шығармашылығы таныстырылды. Бұдан әрі кеш қонағы сөз алып, өзінің шығармашылық жолы, еңбектері туралы әңгімеледі. Ал кітапхананың оқу залында ақын Нұрлан Сәдірдің «Қазақтың Аманжолы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Қоғам қайраткері, саясаткер Аманжол Зинуллиннің есімі Жәңгір хан университетімен тығыз байланысты. Осы жоғары оқу орнында білім алып, кейіннен еңбек етіп, түрлі лауазымдық міндеттерді абыроймен атқарған тұлға – университеттегі көптеген оқытушылардың ұстазы болған жан. Кітап авторы Нұрлан Сәдір жастарға қоғам қайраткерінің өмірі мен азаматтық істері туралы айтып берді.

DSC08576

«Кітапхана түні» шарасы аясында түрлі интеллектуалды ойындар, кітап көрмелері, кітап алмасу үрдісі, қолөнер шеберлерінің шеберлік сабағы, караоке ұйымдастырылды.

БҚАТУ медиа орталығы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале