Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Ұлттық кітап – ұлт болмысы» атты облыстық форум өтті.

Бұл форум 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған. Ең әуелі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков сөз алып, кітап оқудың маңыздылығы туралы әңгімелеп, «Кітапхана» атты өлеңін оқып берді. Содан кейін облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов кітапханашыларды мерекемен құттықтады.
– Ұлттық кітап күні құтты болсын! Бұл мереке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес Үкімет қаулысымен бекітілді. Осы күнді айтулы мейрамға айналдыру өз қолымызда. Кітапханалар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шаралар жалғасын таба берсін! Мемлекет басшысы: «Біз өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуымыз қажет. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген болатын. Демек, жауһар туындылардан жастар рухани нәр алса, ел келешегі кемел болмақ. Осы бағытта кітапханашыларға үлкен міндет жүктеледі. Қоғам рухани тұрғыда жетілген сайын басқа салалар да алға басады. Форумға қатысқан жас мамандардың жұмыстың заманауи түрлерін үйреніп, өздерінің кәсіби дәрежелерін арттыратынына сенім білдіремін. Бұл алдағы уақытта креативті шешімдер қабылдап, жаңа жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Бала жүрегіне кітап арқылы жол табудың небір әдіс-тәсілін меңгерген кітапханашылар қатары көбейе берсін! Шығармашылық табыстар, биік белестер тілеймін! – деген Медхат Мұсаұлы ұлттық әдебиетті жыл бойы белсенді түрде насихаттағаны үшін Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы Айдана Сафиянова, Бөкей ордасы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі оқырмандарды қамту бөлімінің меңгерушісі Меңдіғаным Еркеғалиева және Тасқала аудандық балалар кітапханасы абонемент бөлімінің кітапханашысы Гүлжан Жамолованы дипломмен марапаттады.
Өз кезегінде Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхана директоры Шолпан Оразаева алдағы уақытта кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында көптеген іс-шара өткізілетінін жеткізді. Кәсіпкер, «Jaiyk books» оқырмандар клубының жетекшісі Дәурен Жұмагелдиев, «Zerek oky» орталығының жетекшісі Манарбек Жұмабаев және «Қазақстан дауысы. Балалар» музыкалық мегажобасының финалисі, жас әнші Мөлдір Базарбай кітап құндылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
– Балалардың дүниетанымын қазақы түсінікте қалыптастыру үшін ата-бабамыздың рухани мұрасын, шығыс әдебиетін оқытуға күш саламыз. Ғасырлардың сүзгісінен өткен аңыз-қиссаларды, жыр-дастандарды, әдеп құндылықтарын, халық ауыз әдебиетін бала жасынан оқыған жан ақыл-есі толыса бастаған уақыттарда бей-саналы түрде өнер-білімге, ғылымға өзі-ақ үйір болады. Кәсіпкер Тұрарбек Тілемісұлының қолдауымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның «Алаш заңгерлері» кітабының 500 данасын білім ордаларына сыйға тарттық. Бүгінде оқушылар, студенттер және ұжымдар арасында кітап оқу бәйгелерін, зерделеу жұмыстарын ұйымдастырып келеміз, – деді Манарбек Сайынұлы.
Жиын «Oi orda» кітапханалық питчингіне жалғасып, бірқатар кітапханашы жұмысы туралы әңгімеледі. Жетістіктері жайында айтты. «Biregei» көшбасшылар алаңында бір-бірімен емін-еркін пікір алмасты. Сондай-ақ «Ойлан. Шабыттан. Жүзеге асыр» кәсіби тренингіне, «Kitap симфониясы» акустикалық кешіне қатысты. Томирис, Баян сұлу, Қыз Жібек, Тоғжан, Ботагөз секілді әдеби кейіпкерлердің кейпіне еніп, соларға ұқсап киінген кітапханашы мамандар форум жұмыстарына белсенді түрде атсалысты. Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева іс-шара қатысушыларын алғысхаттармен марапаттады.
Әлкеш Қалқаман,
Орал қаласы