Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін бекітілген ұлттық қордан балаларға қаражат аудару туралы жаңа заңға пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: aqorda.kz
«Бүгін Мемлекет басшысы өте маңызды заңға қол қойды. Бұл — Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы құжат. Осылайша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген негізгі бастаманың бірі — „Ұлттық қор — балаларға“ атты жобаны жүзеге асырудың заңнамалық негізі қалыптасты. Енді келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жас жеткіншектердің арнаулы есепшотына аударылады», - деп жазды ол Telegram парақшасында.
Оның айтуынша, балалар кәмелет жасына толған соң бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға жұмсайды.
«Президент осы заңға халқымыздың саны 20 миллионға жеткен күні қол қойды. Мұның символдық мәні бар деуге болады», - деп атап өтті Ерлан Қарин.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.