Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 25 қазан – ұлттық мемлекеттік мереке – Республика күні болып белгіленді. Қазақстанның тарихында атаулы күн қайта жаңғырады. Бүкілхалықтық мерекеге байланысты облыс бойынша 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ерболат Исанов хабарлады.
Барлық ауданда ҚР Президентінің мемлекеттік наградаларымен марапаттау рәсімі, салтанатты жиналыс пен мерекелік концерттер өтеді. Мемлекетті дамыту, саяси мәдениетті жаңғырту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады. Республика күні қайырымдылық айлығымен тұспа-тұс келіп отырғаны да есепке алынды. Экологиялық акциялар өткізу де жоспарда бар. Облыстық ассамблеяның қолдауымен этномәдени бірлестіктер патриоттық челлендждерді іске қосады, – деді Ерболат Исанов. Брифингте облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев салтанатты жиын, мерекелік концерт, театрландырылған қойылым, кітапхана көрмелері мен музейлерге экскурсия және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
– Бірқатарын тілге тиек етсек, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйытқы болуымен 22 қазан күні сағат 16.00-де Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында мерекелік концерт өтеді. Қалалық жастар сарайының ұжымы Тұңғыш Президент алаңында 25 қазан күні сағат 18.00-де «Менің елім, менің Қазақстаным» мерекелік концерттік бағдарлама ұсынады. Республика күніне орай Теректі ауданының орталығында тарихи-өлкетану музейі және Бәйтерек ауданында «ШЫҢ» сазды-драма театрына арналған ғимарат салтанатты түрде ашылады. Осы театр ұжымы А.Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған «РУХ» қойылымын сахналайды, – деді Қуанышбек Жанболатұлы.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz