ҚР Орталық коммуникациялар қызметінің БҚО филиалы алаңында «Президент ұсынған конституциялық реформа – қоғамды демократияландырудың шынайы қадамы» тақырыбында баспасөз брифингі өтті.
Оған ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов, саясаи ғылымдар кандидаты, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың стратегиялық даму және сапа департаментінің директоры Олег Юров қатысып, елдегі жаңа саяси өзгерістер мен бағыттар турасында өз ойларымен бөлісті.
- ҚР Президентінің билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесі қоғамда қолдау тауып, облыс жұртшылығының арасында қызу талқылануда. Өйткені бұл шешім мемлкеттің қоғамдық саяси өміріндегі маңызды қадам болады деп сенеміз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 25 жылда Елбасының көреген саясатының арқасында көптеген құжаттар қабылданып, реформалар кезең-кезеңмен сәтті жүзеге асып келеді. Соның арқасында біздің мемлекет өзінің тұрақты жүйесін қалыптастырып үлгерді. Жүзеге асқалы отырған конституциялық реформа мемлекет пен қоғам үшін жаңа белес болмақ. Елбасы өз Үндеуінде 40-қа жуық өкілеттік Үкімет пен Парламенттің құзырына өтеді деп атап кетті. Өкілеттіліктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске аспақ. Әзірге қай сала қай органның қарауына берілетіндігі белгісіз, бірақ бұлардың барлығы тиісті жұмыстар атқарылғаннан кейін, халықтың пікірлері талқыға салынғаннан кейін ғана шешілетін болады. Осыған орай жоғарыдан бастап, жергілікті жерлерде де түсіндіру жұмыстары қолға алынып, іс-шаралар жүзеге асатын болады, - деді Ербол Салықұлы.
Бұдан кейін сөз алған Елена Тарасенко мемлекеттік билік жүйесіндегі елеулі өзгерістер жаңа экономикалық саясат пен жаңа қоғамды қалыптастыруға зор мүмкіндік туғызатынын атап өтті. Жаһандық үрдістер мен әлемде болып жатқан түрлі өзгерістер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын тигізбей қоймасы анық. Соған орай, Елбасының бұл шешімі заман талабы мен ұрпақ болашағы үшін жасалып отырған тарихи маңызды қадам болатынына баса мән берілді.
Спикерлер брифинг соңында үндеуге үлес қосу басты міндетіміз болмақ, - деп ой түйді. Жиын соңында спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ләззат ШАҒАТАЙ