8.06.2020, 18:29
Оқылды: 44

Үнемделген қаржы тиімді жұмсалады

Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асу барысы, сондай-ақ электронды сауда алаңы мен өңірлік «Еңбек балапан» жобасын талқыланған жиын өтті. Онлайн режімде ұйымдастырылған аталмыш шараға облыстық басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.

Akimat 3

Басқосуда талқыланған алғашқы мәселе - «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде жүзеге асып жатқан  жобалар төңірегінде еді. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Шәкімовтің айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында тұрғындарды жұмыспен қамту үшін өңірде 178 жоба жүзеге аспақ. Оған 35,5 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінде 157 жобаның мердігері анықталуда.

– Облыстық құрылыс басқармасы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ғимараттар мен нысандар салатын мекеме-кәсіпорындарды қолдау үшін өндіріске қажетті құрылыс материалдарының көлемін есептеп,  жергілікті тауар өндірушілерге  жолдады. Нақтырақ айтсақ,  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынатын 178 нысанға 3, 642 млн. дана  кірпіш, 410 мың дана керамикалық кірпіш, 6845 тонна цемент, 8 786 шаршы метр стеклопакет, 48 792 шаршы метр профнастил, 1 511 тонна темір, 205 014,0 текше метр қиыршық тас қажет. Өңірімізде силикат тастарды «ЗККСМ» АҚ, керамикалық қызыл кірпішті «Жапаркулов» ЖК, стеклопакеттерді «Стеклосервис» ЖШС,  полиэтилен құбырларды «УТПК» ЖШС мен «KazConstructionGroup» ЖШС, профнастилді «Агран» ЖШС,  бөлмеаралық есіктерді «EURASIAN TREND» ЖШС-лар өндіруде. Аталмыш кәсіпорындар өнімдерді белгіленген мерзім ішінде дайындап бере алады. «Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында салынатын жобаларды оңтайландыру бойынша алдын ала есепке сүйенсек, 886,7 млн. теңге үнемделмек. Мысалы, Орал қаласы бойынша 65 жобаны жүзеге асыру үшін 11,2 млрд. теңге бөлінетін болса, оның 35 жобасынан 199,2 млн. теңге үнемделмек. Яғни Орал қалалық №33 мектептің ғимаратын қайта бұзбай (демонтаж), жылыту жүйесіне термореттегіш орнатпай, оның орнына ғимараттың сыртын қызыл керамикалық кірпішпен қаптау жоспарлануда. Жолдарды қайта жаңарту бойынша 14 700 шаршы метр съезді азайту жоспарлануда және үнемделген қаражатқа Орал қаласының әкімдігі 49 сауда павильонын сатып алуды және орнатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ С.Датов көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына дейінгі желек жолды абаттандырмай, жаяу жүргіншілер аймағын ұзарту, яғни «Настеньки» дүкеніне дейін төсемтас (брусчатка) төселмек, –  деді Тимур Шәкімов.

Akimat

Сондай-ақ ол аудандарда салынатын ғимараттардан оңтайландырылатын қаржы туралы да деректер келтірген болатын. Айта кетсек, Бәйтерек ауданында  3 млрд. теңгеге тоғыз жоба жүзеге асатын болса, 15,4 млн. теңгесі оңтайландырылады деп күтілуде. Бөрлі ауданында  2,7 млрд. теңгеге жеті жоба жүзеге асырылып, 71,7 млн. теңге оңтайландырылмақ. Оңтайландырылған қаражат сол аудандағы өзге де нысандардың құрылыс жұмыстарын жүргізуге, яғни сол ауданның игілігіне жұмсалмақ.
   Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жоспарланған сегіз жобаның жетеуі жүзеге асырылуда. (М.Бегалиева атындағы орта мектебінің күрделі жөндеуі, М.Бегалиева атындағы орта мектебінің екі ғимарат арасына жабық өтпел құрылысы, «Ақбота» балабақшасының күрделі жөндеуі, Балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының күрделі жөндеуі, Мұратсай ауылындағы су құбырының реконструкциясы, Б.Жәнекешев атындағы орта мектеп жанындағы интернатының  күрделі жөндеуі және Үштерек ауылындағы бастауыш мектебінің күрделі жөндеуі). Жасалған келісімшарттардың жалпы құны 739,4 млн. теңгені құраса, оның 210,0 млн. теңгесі (28 пайызы) игерілген. Осы жобаларға 202 жұмысшы қабылданады деп жоспарлануда.

– Ауданда  құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жеті жобаға оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 28,6 млн. теңгенің (3,4%) жұмыстары қайта есептеліп, жобалау барысында ескерілмей қалған бірқатар жұмыс түрлеріне ауыстырылды. Қазіргі таңда мердігерлермен, авторлық  және техникалық қадағалаушы ұйымдармен бірлесіп тиісті құжаттар жасақталуда. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлердің өнімін пайдалануға ұсыныстар бердік. Мысалы, ауданымызда «Утеев Р.З» жеке кәсіпкері пластикалық терезелер шығарады. Аталған кәсіпкердің өнімін қоюға аудандық  балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығына жөндеу жүргізіп жатқан мердігер келісті. Аталған ғимаратқа 125 шаршы метр терезе ауыстыру жоба бойынша қарастырылған. Ауданда құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген мердігерлер 10,6 млн. теңгенің отандық өнімдерін сатып алды, – деді аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Ал Казталов ауданы әкімі Альберт Есалиевтің айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда сегіз жоба жүзеге асырылуда. Барлық жобаның құны 1,9 млрд. теңге болса, содан 178,5 млн. теңге көлемінде үнемделмек. Жобаларды жүзеге асыру барысында  549 тұрғынды жұмысқа орналастыру көзделсе, бүгінде аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 128 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

                          Электронды сауда алаңы

Облыстағы сауда-саттық операцияларына қатысу үшін өңірімізде  «Электрондық сауда алаңын дамыту» жобасы іске қосылды. Жобаны «Ақжайық» ӘКК» АҚ  жүзеге асыруда. Жиын барысында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жобаның тиімділігіне тоқталған болатын.

Оның айтуынша, электрондық сауда алаңы - ақпараттық алгоритмдер негізінде жұмыс істейтін ең ашық жүйе. Сауда алаңы арқылы мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған мердігердің сатып алуларына мониторинг жүргізуге және жергілікті шағын, орта бизнесті тарту схемаларын құруға мүмкіндік бар.  Сонымен қатар кәсіпорындардың бюджет қаражаттарының нақты даму деңгейін анықтап, сатып алуларда тиімді және ашық бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Болашақта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жарияланған барлық мемлекеттік сатып алу конкурстарында мердігелерге бюджет қаражатын жұмсаудың айқындылығын қамтамасыз ету үшін «БҚО электрондық сауда алаңына» (сайт: www.btp.kz) тіркелу міндеттелмек.                             

«Еңбек балапан» жобасы

Жиында талқыланған келесі мәселе - нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы еді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың айтуынша, биыл бірінші маусымға дейін облыстағы 13156 тұрғын жұмыспен қамту орталығына жолығып, оның 7549-і бағдарлама аясында жұмыспен қамту шараларына жолданған. Ал 800 адам ұзақ және қысқа мерзімді техникалық және кәсіптік білім беру курстарына тіркелген. Былтыр кәсіпкерлікті дамыту бойынша 1037 тұрғын  4380,0 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алса, биыл бірінші маусымға дейін 68 тұрғын 291,1 млн. теңге көлемінде несие рәсімдеген.

Akimat 2

– Сондай-ақ биыл өңірімізде құс шаруашылығын дамыту және табыс-кірісі аз, жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Еңбек балапан» жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның мақсаты – облыста құс шаруашылығын кеңінен дамыту және жұмыссыз жүрген, табыс-кірісі аз отбасыларды кәсіпкерлікке тарту халықтың нәтижелі жұмыспен қамтылуын арттыру, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайту. Жоба қолданыстағы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар беру механизмі арқылы жүзеге асатын болады. Бұл бағдарлама шеңберінде биыл 625,1 млн. теңгеге 1179 грант бөлу жоспарланып отыр. Жоба 11 маусымнан бастап Шыңғырлау ауданынан бастап жүзеге асады. Яғни «Зеленый Лук» ЖШС  туғанына бір күн болған 2000 бас балапанды Шыңғырлау ауданына апарады. Аудан орталығында анықталған бірыңғай оператор «Ғайни» ШҚ балапандарды қабылдап алып, 13 грант алушыға одан әрі жеткізеді. Одан кейін 18 маусым күні Тасқала ауданына жеткізіледі. Ауданда «ЛУЧ» ШҚ бірыңғай операторы болып анықталды. Аталмыш ауданда 12 грант алушы балапанмен қамтамасыз етілмек. 30 маусым күні жоба Бәйтерек және Қаратөбе ауданында жалғастырылады. Қазіргі таңда кесте жасақталып, маусым айында кезең-кезеңімен аудандарға және Орал қаласына балапандарды жеткізу жоспарлануда. Әзірге облыстың сегіз ауданында және Орал қаласында жүзеге асыру көзделуде, –  дейді Алтай Есмағұлұлы.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ғали Есқалиев аудан-ауылдарда жүзеге асатын жобаларға ең бірінші аудан әкімдері жауапты екенін және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандардың сапасын жіті қадағалау қажеттігін тапсырды.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале