11.07.2022, 10:15
Оқылды: 57

Ұры алыстан келмейді

«Ұрлық  түбі  –  қорлық» екенін біле  тұрса да, бұл жаман әдеттен арыла  алмай  жүргендер арамызда әлі де бар. Оған биыл ақпан айында ауылдастарының малын ұрлаған казталовтық үш жігіттің екеуі бес, біреуі төрт жыл мерзімге бас  бостандықтарынан  айырылуы дәлел.

жылкы

 Енді бұл қылмыстық оқиғаны өзгелерге сабақ болу үшін тарқатып айтайық. Казталов ауданына қарасты Көктерек ауылының тумалары Нұрхат, Болат және Дархан (аттары шартты түрде алынып отыр) есімді жігіттер алдын ала сөз байласып, бірге ұрлыққа аттанады. Алғашқысында, яғни осы жылғы 25 қаңтар күні Нұрхат пен Болат Казталов ауданының Жаңажол ауылдық округіне қарасты Қайсар қыстағынан 4 қой «олжалап», жәбірленуші А. Сисеновке 240 000 теңге материалдық шығын келтіргені нақты айғақтармен дәлелденді. Ал ақпанның 12-сі күні сол баяғы Нұрхан Дархан  деген  ауылдасымен келісіп, тағы бір  «жорыққа» шығады. Әлгі досы өзара келісім бойынша Қарағай көбігі жағында жүрген жылқыларды Балауса қыстағындағы қораға әкеліп қамайды. Үйірдің ішінен екі үлкен биені ұстап алып, жақсылап сойып, әкелген қапшықтарына тығады. Араға екі күн салып, екеуі етті Орал қаласына жеткізбек  ниетте  көлік күтіп тұрған жерінен жалпақталдық полиция қызметкерлеріне ұсталады. Осылайша қос жәбірленуші Б.Ғұмаров пен А.Тұрсынғалиевке 800 000 теңгеден залал шектіреді.

Сотта үшеуі де тағылған айыпты толық мойындап, тиісті жазаларын алды. Нақтырақ айтсақ, ҚР Қылмыстық процессуалдық кодекстің  387-390, 393, 395-398, 401-баптарын басшылыққа ала отырып, Нұрхат пен Болат ҚК-ның 188-1-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша айыпты деп танылды. Яғни бұл екеуіне 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал енді үшінші «сыбайлас» Дархан ҚР ҚК-ның 188-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен айыпталып, оған 4 (төрт) жыл мерзім кесілді. Десек те, олар сот үкіміне риза болмай, облыстық соттың апелляциялық сот алқасына апелляциялық шағым түсірген-ді. Бірақ облыстық соттың апелляциялық алқасы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетелік, былтыр сәуірде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген отырысына қатысып, барымташыларға қатысты заңды қатайтуды тапсырғаны көпке мәлім. Заң үстемдігі артқанмен, ұрлыққа еті әбден үйренгендер ескі әдеттерін қоя алмай келе жатқанына жоғарыдағы жайлар мысал. Сондықтан бұл кеселмен көп болып күресіп, мұндай баукеспе ұрыларға аяушылық танытпаған абзал. Біреудің үстінен күн көріп, ұрлықпен тірлік кешу – ешкімге абырой  сыйламасы хақ.

Гүлжиһан  Сағитова,

Казталов аудандық сотының судьясы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале