15.04.2025, 15:30
Оқылды: 312

Үш ордендi жеңіс сардары

Әкеміз Нүптіғали Сейітжанов 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Атырау облысы Құрманғазы ауданының (бұрынғы Орал облысы Орда ауданы) Сүйіндік елді мекенінде дүниеге келген. Жас кезінде Орда ауданы Карл Маркс колхозында еңбек еткен.

WhatsApp Image 2025-04-15 at 16.05.52

Ұлы Отан соғысы басталғанда жергілікті әскери комиссариатқа бірнеше рет өтініш жазып, 1942 жылы Кеңес әскері қатарына алынады. Батыс майданның құрамындағы Еділ әскери округіне қарасты 26-армияның №152 атқыштар бригадасының сапында кіші командир ретінде соғысқа кірген. Ресейдің Ульяновск қаласындағы танкистер даярлайтын училищенің 6 айлық курсын  тәмамдап, кіші лейтенант шенімен Мәскеу әскери округінің 14-бригадасында взвод командирінің орынбасары болған. Одан әрі бірінші Беларусь майданының құрамындағы 33-армияға қарасты Могилев 64-атқыштар дивизиясының 406-дивизионында взвод командирінің орынбасары болып, Белоруссияның Минск, Бобруиск қалаларын, Польша аумағын фашистерден азат етті. Біздің әкеміз жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны және көрсеткен ерліктері үшін екі рет Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, сондай-ақ «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдары мен Жоғарғы бас қолбасшы И. В. Сталиннің алғысхатымен марапатталды.

Майдан даласында бірнеше рет жараланып, далалық госпитальде емделіп, жан алысып, жан беріскен шайқастарға қайта кіреді. 1945 жылдың мамыр айынан 26-танкистер полкінің арнайы взвод командирі қызметін 1946 жылдың желтоқсанына дейін атқарды. Әкеміз қан майданнан жеңіспен оралып, бейбіт еңбекке араласты. Ол 30 жыл ішінде Орда, Жәнібек, Казталов аудандарының ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектордан бөлім бастығына дейін көтеріліп, қалтқысыз қызмет атқарды. Ішкі істер министрлігіндегі мінсіз қызметі үшін әкем Кеңес одағының 17 медалімен қоса Қазақ КСР ІІМ-нің құрмет грамоталарымен марапатталды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысхатын және естелік ретінде қолсағат алды. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Казталов ауданы әкімшілігі және аудандық ішкі істер бөлімі басшылығының қолдауымен маңызды іс-шара өтті. Ұлы Отан соғысы және құқық қорғау саласының ардагері, полиция полковнигі Нүптіғали Сейітжанұлы Сейітжановқа Казталов аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.

фото жеңіс 2

Ардақты анамыздың аты-жөні – Ырысқаным Әділбаева. Әкем екеуі 1947 жылы отау құрып, екі қыз, үш ұл сүйді. Өкінішке қарай, үш бірдей бауырымыз мәңгілік мекеніне аттанды. Үйдің үлкені Балқия Нүптіғалиқызы қазір 77 жаста. Ал мен үйдің кенжесімін. Аға-әпкелерім сан саланы қамтыған еңбекқор адамдар еді. Бүгінде Нүптіғали әкеміздің екі немересі ата жолын жалғап келеді. Лунара Талғатқызы Сейітжанова тергеуші болып қызмет атқарды. Қазір доғарыстағы майор. Менің  ұлым Дархан Нүптіғали – Ішкі істер қызметінің аға сержанты.

Өмірін ел қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға арнаған әкеміз 1997 жылы дүние салды. Біз, кейінгі ұрпақ осындай жаужүрек, батыр әкенің ұрпағы екенімізді мақтан тұтып, асқар тауымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деп, сарқылмас сағынышпен еске аламыз.

 

Сейітжановтар әулетінің атынан жеңімпаз сардардың ұлы

Ғаммат Сейітжанов,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале