9.04.2021, 9:38
Оқылды: 37

Үшінші ғарышкердің құттықтауы

Орал қаласындағы Қазақстан  инновациялық және  телекоммуникациялық жүйелер  университетінде «Ғарыш  –  ғаламдық кеңістік. Ғарыш  марафоны: Қазақстан мен Ресей» атты халықаралық форум өтті.  

FB972C5A-C232-4A9A-A4C1-F489BFF19B81

Адамзат өкілінің ғарышқа ұшып, ғарышты зерттеуге ден қоюының 60 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл шараға қос мемлекеттің аталмыш салаға қатысты белгілі ғалымдары қатысты. «ZOOM» сипатында өткен үшбу халықаралық форумның қарсаңында Қазақстанның Халық Қаһарманы, «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Әскери әуе күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетовтен арнайы құттықтау келді.

«Сіздерді Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш орталығының ұжымы және жеке өз атымнан тұңғыш ғарышкердің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл бү-
кіл әлем 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагариннің ғарышқа самғап, адамзат үшін жұлдыздарға жол ашқанына 60 жыл толуын атап өтуде. Ғарыштық зерттеу саласына приборлар жасауға маманданған өндіріс ошақтары үшін  бұл айтулы оқиғаның мән-маңызы өте зор. Адам баласын жұлдыздар әлеміне аттандыру үшін Кеңес Одағының ғарышты зерттеу саласына қатысты ең таңдаулы мамандары жылдар  бойы қажырлы еңбек етті.

Тәуелсіздік алғалы бері біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы ғарышты зерттеу бағыты бойынша қарышты қадамдар жасауда. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сынды қазақстандық ғарышкерлер бес рет ғарышқа самғап қайтты. Отандық ғарыштық зерттеу саласын өркендетуде В.Фесенков, Г.Тихов, Ө. Сұлтанғазин, Т.Омаров, В.Дробжев сықылды біздің еліміздің әлемге әйгілі ғалымдарының еңбегі зор. Соңғы жылдары жер қыртысына геодинамикалық және геофизикалық мониторинг жүргізу, болуы ықтимал төтенше жағдайларды күн ілгері болжау үшін ғарыштық мониторингтің тәсіл-технологияларын түзу, ауыл шаруашылығы, табиғи қор мен қоршаған ортаның экологиялық ахуалына ғарыштық мониторинг жүргізу бойынша қыруар шаруа атқарылды.  

Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаев ширек ғасырдан астам уақыттан бері ғарыштық зерттеу бағытына жіті көңіл бөліп келеді. Әсіресе, соңғы онжылдықта Қазақстан экономиканың ғылыммен тығыз байланысты жоғары технологиялы секторы – ғарыштық зерттеу бағытында іргелі істер тындырды. Қазіргі заманғы ғарыштық инфрақұрылым қалыптасып, отандық ғарыштық техника мен технологияны жасақтауда да күрт ілгеріледік. Елбасы «Қазақстан 2030 жылы ғаламдық ғарыштық қызмет көрсету бағытында өзінің мүмкіндігін ұлғайтуы шарт. Ол үшін еліміздің бас қаласындағы ғарыштық аппараттарды құрастыру-сынау кешенін іске қосу, ғарыштық мониторингтің ұлттық жүйесі мен жоғары дәлдікті жерсеріктік навигацияның жердегі инфрақұрылымын жетілдіруді аяқтау шарт»  деп баса көрсетті. Ел экономикасын дамыту және Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған бұл міндеттер бүгіндері кезең-кезеңімен нақты орындалуда» дей келе, қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов халықаралық форумның жұмысына сәттілік тілеп, екі мемлекеттің ғалымдарына білім беру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстар бойынша да жаңа жетістіктер тілеген.

 Бекарыс Әлжан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале