
Ұшу кезінде уайымдайтындарға сарапшы дәліз жағындағы орынды таңдауға кеңес береді. Оның айтуынша, бұл жағдайда жолаушы өзін еркін сезінеді және қажет болған жағдайда орнынан еш кедергісіз тұра алады.
"Дәліз жағындағы орын өзіңізді тым қысылғандай сезінбеуге көмектеседі. Дегенмен, көліктегі жүрек айну жағдайындағыдай, кейде терезе жанында отыру да көмектесуі мүмкін, себебі көкжиекке қарау дене сезімін теңестіруге септігін тигізеді", - деп түсіндірді Рики Дюрранс.
Турбуленттіліктен қорыққанда қай орынды таңдаған жөн?
Егер мазасыздықтың басты себебі турбуленттілік болса, онда қанат тұсындағы орындарды таңдаған дұрыс.
"Егер сізді мазасыздықтан гөрі турбуленттілік көбірек алаңдатса, онда қанат тұсы - ең тиімді таңдау. Турбуленттіліктен толықтай қашып құтылу мүмкін болмаса да, қанат - ұшақтың ең тұрақты бөлігі", - дейді Teletext Holidays саяхат сарапшысы.
Оның сөзіне қарағанда, ұшақтың орта бөлігінде турбуленттілік кезіндегі шайқалу артқы жағына қарағанда азырақ сезіледі.
Қатты қобалжитындарға арналған орындар
Ұшу кезінде ерекше қатты қобалжитын жолаушыларға Рики Дюрранс бортсеріктердің көз алдында болатын орынды таңдауды ұсынды.
"Егер сіз ұшу кезінде қатты мазасыздансаңыз, жиналмалы орындықта отыратын бортсеріктердің көру аймағындағы орынды брондаған жөн. Олар ұшу бойы сізді үнемі жұбатып отыра алмайды, бірақ жаныңызда тәжірибелі мамандардың барын білу көңілге сенім ұялатады", - деп түсіндірді ол.
Қай орындарды таңдамаған дұрыс?
Сарапшы ұшудан қорқатын жандарға ұшақтың ең артқы жағындағы орындарға сақтықпен қарауға кеңес берді.
"Ұшақтың ең артқы бөлігінде турбуленттілік кезіндегі шайқалу қаттырақ сезіледі. Сонымен қатар қонғаннан кейін шығу үшін ұзағырақ күтуге тура келеді", - деді Рики Дюрранс.
Сонымен қатар мұндай орындықтардың арқалығы шектеулі деңгейде қозғалуы немесе мүлдем қозғалмау мүмкін, сондай-ақ олар әжетхана мен ас бөлмеге жақын орналасады. Жолаушылар ағыны көп болғандықтан, мұнда шу да көбірек болуы ықтимал.
Сондықтан ұшу кезінде мазасызданатын жолаушылар орын таңдағанда аяққа арналған орынды ғана емес, орындықтың қанатқа, әжетханаға, ас бөлмеге және бортсеріктерге қатысты орналасуын да ескергені жөн.