Серік Қазиханов – мұғалім. Ол кісі 30 жыл бойына С.Сейфуллин атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында математика пәнінен сабақ беріп келеді. Бүгін ардақты ұстазға облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрмет көрсетіп, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағын табыстады.
- Ұстаз деген ардақты атты арқалап жүрген барша адам құрметке лайық. Мен бүгінгі алған атағыңызбен сізді құттықтаймын. Бұл біздің облыс үшін үлкен мәртебе. Сіздің еңбегіңізді ақтайтын дарынды шәкірттеріңіз көп болсын, - деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Бұл атақты бұған дейін 2021 жылы біздің облыстан нөмірі 35-ші мектеп-лицейінің мұғалімі Зинаида Сухина алған екен.
Айта кетейік, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылдан бастап беріліп келеді.
- Бүгінгі марапатқа ие бола отырып оның жауапкершілігін де сезінемін. Осы марапат үшін Мемлекет басшысына ерекше алғысымды айтамын. Барша ұстаздарды мерекемен құттықтаймын, - деді марапат иесі Серік Қазиханов.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген Жанат Көшкінбай,
Сержан Кенжебаев, облыс әкімдігі