24.02.2026, 10:30
Оқылды: 18

Ұстаз тәлімі

Жақында Оралдағы М.Өтемісов  атындағы БҚУ-да  қоғамдық  даму  департаментінің  директоры,  шешендіктанушы  ғалым,  педагогика  ғылымдарының  докторы, профессор, академик  Абат  Қыдыршаевтың  «Шешен  сөйлеймін  десеңіз!..»  атты  шеберлік сағаты өтті.

bdb867f7-1924-496d-8df5-91c656fbed91 (3)

Ұлағатты ұстаздың ұйымдастырған іс-шарасына университет оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ шаһардағы А. Байтұрсынұлы атындағы №10 орта мектеп және Орал «Білім-инновация» лицейінің оқушылары қатысты. Академик Абат Сатыбайұлы алдымен ғылым жолындағы қажырлы еңбегімен қоса, қызықты оқиғаларымен де бөлісті. Ол Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Тайланбай ауылында дүние есігін ашқан. Орта мектепті тәмамдаған соң сол кездегі А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. Алғашқы еңбек жолын өзінің туған жеріндегі білім ұясында бастап, кейін Орал педагогикалық институтына арнайы шақыртумен қызмет орнын ауыстырған. Батыстағы іргелі оқу ордасында еңбек ете жүріп, түрлі баспалдақтардан өтіп, қызметтік лауазымы да өскен. Сатыбайдың Абаты 1995 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасын бітірген. Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева Қыдыршаевтың білімін ұштауға мол үлес қосып, әрі ғылым жолында бағыт-бағдар сілтеген.  Көркем сөздің майталманы шәкірт зейінін арттырған шамшырағы Нұржамал апаны былайша  еске  алды.

– Әлі есімде 1995 жылы «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғаған едім. Ұлт ұстазына айналған Байтұрсынұлы 1989 жылы «халық жауы» деген жаладан ақталғаны жалпыға мәлім. Оның әдістемелік мұрасы жөнінде ғылыми еңбек жазғанда біраз қиындықтарға тап болдым. Әсіресе, ол туралы деректер мен рухани қазынасы іздегенге оңайлықпен таптыра қоймады. Табылған күннің өзінде еңбектерінің басым бөлігі төте жазумен сақталған екен. Оны қазіргі әліпби жүйесіне негіздеп, ғылыми жұмысымызға енгіздік. Ғылыми жетекшім Нұржамал Оралбаева ілім-білімге құштар жастық жігерімді жани түсті. Сол кезеңдерде тірлік қамын күйттеп, кандидаттық диссертацияммен қатар бес жұмысым болды. Үсті-үстіне үйілген қауырт жұмыстардан қанша жерден шаршасам да, сыртыма сыр білдірмей, «мұқалдым», «қажыдым» деп көрген емеспін. Осының нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасын жан-жақты ашып,  жоғары баға алып, филология  ғылымдарының кандидаты  атандым. Орал шәріне аттанғалы жатқанда ұстаз-анам Нұржамал апа «Сен қалай да доктор дәрежесін алуға тиіссің. Менде керемет тақырып бар. Бәлкім, Алматыда тағы аялдай тұрсаң қайтеді?» деп ұсынысын айтқан. Мен отбасымды сағынғанымды айтып, бірақ күндердің бір күні қайта ораларыма уәде беріп, жол жүріп кеттім, – деп әңгіме тиегін ағытты ол.

Арада біраз жыл өте, яғни 1999 жылы Нұржамал Оралбаева әуелдегі уәдесін сұрамаққа Абат Сатыбайұлына қоңырау шалады. Сөйтіп, ол шешендіктану ғылымын ілгерілетуге үлес қос деп жас ғалымға қолқа салған көрінеді. Бір қызығы, Алматыдағы аға буын ғалымдар жас зерттеуші Қыдыршаевтың шешендіктану бағытын жандандырамын деген ниетіне алғашында сенімсіздікпен  қараған.

– Докторлық диссертациялық жұмысты дайындау үшін ғалымға үш жыл уақыт беріледі.  Бірақ мен оны бас-аяғы 1,7 жылда толық аяқтап шықтым. Менің жанымды сол жылдарда бір ғана мәселе қынжылтты. Біздің ата-бабамыз от ауызды, орақ тілді, даудың басын бірауыз  сөзбен қайырған шешен болған. Ал екі мыңыншы жылдары шешендіктану ғылымының түр-түсі тұрмақ, теориясы да жоқ еді. Осылайша осы ғылым жолына білек сыбана кірісіп, зерттеу жүргіздім. Нәтижесінде 2004 жылы «Шешендіктану» оқулығы жарық көрді. Таралымы 2000 данамен басылып шыққан бұл оқулық көптің назарын өзіне аударды. Оқытушылар мен сөз өнеріне ынтық жастардың сұранысы бойынша күні бүгінге дейін бес мәрте қайта қатталды. Соңғы нұсқасы 2026 жылы жаңа мұқабамен оқырманға ұсынылды. Оқулығымның сұранысқа ие болғаны мені одан әрі шабыттандырып, шешендіктануға қатысты бірнеше оқу құралының жарық көруіне сеп болды. Кейін есімі елге етене таныс ғалымдар Оразбаева Фаузия мен Оралбаева Нұржамал апайлармен бірлесіп, шешендіктану ғылымының мектепке, жоғары оқу орындарына арналған оқу бағдарламасын әзірледік. Шешендік өнер қазаққа ғана тән дүние емес, оны әлем ғалымдары да зерттеп, адамға әр заманда да қажет екенін дәлелдеп кеткен. Өзім ежелгі грек философы Аристотельдің еңбектерін жиі оқып тұрамын. «Аристотель» сөзі – грек тілінен аударғанда ұлы мақсат деген мағына береді. Сол себепті ұлымның есімін Мақсат деп қойдым. Ұлымның атына заты сай, қазір ол Италияда білім-білігін жетілдіруде, – дей келе, жастарды оқып білуге, ізденіске шақырды.

Абат Сатыбайұлы шеберлік сағатқа қатысқан жас шәкірттерге шешен сөйлеудің сегіз тараудан тұратын 100 қағидасымен таныстырды.

Содан соң ұстаздан тәлім алып жүрген талантты студенттер мәнерлеп өлең оқып, Қыдыршаев құрастырған оқу құралдары жөнінде ақпарат айтты. Іс-шара соңында М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың оқытушысы, филология факультеті деканының орынбасары Нәби Әли мазмұнды кездесу ұйымдастырып, өмірлік тәжірибесімен бөліскен Абат Қыдыршаевқа алғыс айтты.

Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале