Жақында әлеуметтік желінің «Ютуб» арнасында Тимур Балымбетов қазақтан шықққан тұңғыш антрополог, тарих ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Оразақ Смағұловпен сұхбат жүргізді. Ғұмыр жасы тоқсаннан асқан аса көрнекті ғалым осы сұхбат барысында мынандай дерек-дәйекті алға тартты:
ХХ ғасырдың елуінші жылдарында әлемнің үш мемлекетінде (АҚШ, КСРО, Жапония) адамның ұзақ өмір сүруі қандай жағдайларға байланысты екендігіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Үш елдің ғалымдары үшбу бағыттағы жұмыстарды бірі-бірімен ешқандай байланыссыз жүргізген көрінеді. АҚШ ғалымдары Калифорния қаласы тұрғындарының, КСРО ғалымдары Абхазия халқының, ал жапон ғалымдары Хансю аралын мекендеген отандастарының тыныс-тіршілігіне жіті назар аударған. Кейін үш елдегі аталмыш ғылыми-зерттеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін өзара пікір алмасқан ғалымдар ұзақ өмір сүрудің негізгі қағидалары жөнінде төмендегідей тұжырымға келген екен:
Әр адам өз халқының ұлттық тағамдарын барынша тұрақты тұтынуы керек. Бұл, әсіресе, зейнет жасына жеткеннен кейін айнымас дағдыға айналуы шарт.
Терлеп жұмыс істемеу.
Таза ауада көп серуендеу.
Әрине, экологиялық тұрғыдан таза күнделікті дәм-тағам, мәнді демалыс, уақтылы ұйықтау, не болса соған жүйкеңді жұқартпау сықылды маңызды факторларды да ұзақ өмір сүрудің негізгі шарттарының қатарына қосуға әбден болатындығына ешкім сөз таластыра қоймас.
Бауыржан Әлжанұлы,
zhaikpress.kz