20.11.2019, 13:30
Оқылды: 123

Үздік кітапханашылар анықталды

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымы бір жыл бойы атқарған жұмысын «BiblioQOSHEMET-2019» атты салтанатты шарамен қорытындылады.

IMG_3050

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында өткен шараға аудан-ауылдардағы кітапханашылар мен мәдениет қызметкерлері қатысты.

– Өңірдегі 700-ге тарта мәдениет мекемесінің 374-і – кітапхана. Кітапхана – ауқымы кең, күрделі, өзіндік маңызы бар жұмысы қалыптасқан саланың бірі. Бүгінде техника қарыштап дамып, ақпарат ағыны артқан заман болса да, кітаптың өз құндылығын жоғалтпайтынына көзіміз жетіп келеді. Дегенмен заман талаптарына сай жұмыс істеуіміз керек. Қазіргі уақытта кітапхана аутоматтандыру, цифрландыру бағытына мән беруі керек. Оқырмандарға кітаптың қадір-қасиетін ұғындыру, кітапқа жанашыр жандардың санын және қызығушылығын  арттыру үшін тың идеялармен жұмыс істеуіміз керек, -деді жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Басқарма басшысы Жәнібек аудандық орталық кітапхананың кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінің жетекшісі Асылай Габдушова мен Шыңғырлау аудандық Ащысай ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Жұмақыз Байсалованы ҚР Ұлттық кітапханасының  «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен, ал Сырым аудандық Мұқадес Есламғали атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнұр Уәлиахметова мен Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімінің жетекшісі Гүлназ Хамзинаны «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Шарада кітапханамен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан мекемелер тарапынан да кітапханашыға алғыс хаттар берілді. Сонымен қатар кітапханада жыл бойы жүзеге асырылған жобалар қорытындыланып, үздік кітапханалар мен кітапханашылар марапатталды.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале