Достық үйінде «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» жобасын жүзеге асыру бойынша құрылған жұмыс тобының отырысы өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған аталмыш жоба қоғам арасында табыстылықты, бәсекеге қабілеттілікті насихаттап, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан үлгі болар азаматтардың өмірлік тәжірибелерін, еңбек жолы мен дарынын көрсету мақсатында жүзеге аспақ.
Шараға облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Нәжімеден Есқалиев, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов қатысты. Отырыс барысында сөз алған Ғайса Хамидоллаұлы жұмыс тобына тиісті талаптарды түсіндіріп, жобаға жан-жақты атсалысу қажеттігін айтты. Басқосу барысында еліміздегі 100 жаңа есім тізімінің қатарына кіретін жандарға қойылатын талаптар сөз болды. Сондай-ақ шараға қатысушылар жаңа есімдерді іріктеу, саралау сәтінде өңірдегі түрлі саланың тізгінін ұстаған білікті мамандар мен үлгілі жандардың қамтылуы керектігін бірауыздан мақұлдады.
Гүлсезім БИЯШЕВА
zhaikpress.kz