20.02.2024, 10:00
Оқылды: 151

VIP нөмірдің бағасы қанша?

Бүгінде тұрғындар арасында қымбат автокөлікке ғана емес, оның VIP нөмірлеріне де қызығушылық танытатындар да көбейген. Облысымызда VIP нөмірлер қанша тұрады? Атаулы нөмірлер қалай рәсімделеді? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО филиалының директоры Надир Құрымбаевпен тілдескен едік.

надир

Қандай нөмірлерге сұраныс көп?

Елімізде VIP нөмірлерді сату тәжірибесі 2014 жылы енгізілген еді. Сатылымнан түскен қаржы мемлекеттік қазынаға аударылуда. Надир Шамұратұлының (суретте) айтуынша, соңғы үш жылда облыста жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеуі бар 1854 дана нөмір сатылған. Осылайша  көлік иелері атаулы нөмірлерге 519 083 563 теңге жұмсаған. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы  142 127 223 мың теңге (536 нөмір), 2022 жылы 128 372 560 теңге (467 дана), 2023 жылы 248 583 780 теңгеге VIP нөмір сатып алған. Былтыр 010, 020, 030, 040, 050, 070, 080, 090, 707 нөмірлері жоғары сұранысқа ие болған. Бұл нөмірлердің бағасы 57 АЕК-ті (2024 жылы 210 444 теңге) құрайды. Осы арада айта кетсек, VIP нөмірлер ішіндегі ең қымбаты – сандар қатары бірдей келетіндер. Атап айтқанда, 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сандары қымбат тұрады. Мұндай нөмір үшін әрбір көлік иесі 285 АЕК (2024 жылы 1 052 220 теңге) төлеген.

Тапсырыс берілген нөмірлер 15 күн ішінде басылып шығады. Осы орайда Надир Шамұратұлы  өңірдегі көлік жүргізушілер үшін қуанышты жаңалықпен бөлісті. Орал қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына автокөлік нөмірлерін басып шығаратын  станоктар орнатылып жатыр екен. Аппарат толық орнатылған соң тапсырыс берілген нөмірлер бір күнде иесіне табысталады.

Смартфон арқылы тапсырыс беру

Мемлекеттік тіркеуден өтетін барлық көлікте мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі болуы керек. Сонымен қатар көлік иелері ерекшеленуі үшін қажетті сандар мен әріптердің комбинациясын өзі таңдай алады. VIP нөмірлерді онлайн түрде де eGov.kz порталы мен eGov Mobile арқылы тапсырыс беруге болады. Ол үшін қосымшаға өтіп, жүйеге кіресіз. Кейін «Қызметтер тізбесі» бөліміне өтіп, «Жүргізу және көлік» тармағын таңдайсыз. Ашылған бөлімде «Автокөлікке VIP нөмірге тапсырыс беру (жоғары сұраныстың мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі)» қызметін таңдайсыз. Жеке деректерді толтырып, көлік нөміріңіздің сандары мен белгілерін жазыңыз. Айта кетейік, аймақ коды өзгермейді, ол тұрып жатқан қалаңызға байланысты өзгереді. Кез келген мәнді енгізіп, «Іздеу» түймесін басқан кезде мұндай комбинация тегін немесе жоқ деп шығуы мүмкін. Сонымен қатар енгізілген жиынтық қымбат нөмірлерге жатпайтын болса, көлік нөмірін жоғары сұранысқа байланысты өзгертуді сұрайтын хабарлама көрсетіледі. Мәселен, біз «007 GBE 07» нөмірін тексеріп көрдік. Бұл нөмір 228 АЕК-ті, яғни 841 776 теңгені құрайды екен. Әрі қарай егер қажетті нөмір бос болса және құны көңіліңізден шықса, «Жалғастыру» батырмасын басып, мемлекеттік тіркеу нөмірлі белгісін алғыңыз келетін қаланы, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын таңдайсыз. Осыдан кейін «Төлемге» бөліміне өтіп, нөмірдің құнын өтейсіз. Жасалған тапсырыстың нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде көрсетіледі. Ал дайын VIP нөмірді тек өзіңіз белгілеген халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кетесіз. Бұл – смартфон арқылы тапсырыс беру жолы.

Жоғары сұраныстағы нөмірлерге Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып та тапсырыс беруге болады. Операторлар өтінішіңізді қабылдап, сұранысыңыз бойынша нөмірдің бос немесе бос емес екенін айтып, құжаттарды рәсімдейді.

– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында бұрын VIP нөмірлер сатылатын арнайы сөре болатын. Себебі тұрғындар арнайы нөмірлерге тапсырыс беріп, нөмірді алар кезде ғана ақшасын төлейтін еді. Кейін тапсырыс берген нөмірлерді қаржылық жағдайларына байланысты алмай қалатындар көбейді. Содан сол нөмірлерді сатылымға шығарып жүрдік. Ал қазір нөмір алуға өтініш жазғаннан кейін оның ақшасын бірден төлемесеңіз, тапсырысыңыз қабылданбайды, – деді Надир Құрымбаев.

Осы орайда айта кетсек, көлік иелері бұрынғы VIP нөмірлерін жаңадан алған көлігіне алты ай ішінде қайта рәсімдеуге құқығы бар. Автокөлік сатылған жағдайда клиент өз атындағы VIP нөмірін ХҚКО-да сақтай алады. Егер көлік иесі 30 күн ішінде дәл осындай нөмірмен жаңа көлікті тіркемесе, қымбат нөмірді сақтап қалу үшін үстіне 10 мың теңге төлеуге мәжбүр болады.

 

Көлік нөміріне қатысты айыппұлдар

 

Көліктерді, тракторларды, өздігінен жүретін машиналарды, трамвайларды, троллейбустарды, мотоциклдерді және өзге де көлік құралдарын мемлекеттік нөмірсіз басқаруға болмайды. Заң бұзылған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, көлік иелері айыппұл арқалайды. Нақтырақ айтсақ, егер көлік нөмірі көрінбейтіндей лас күйде болса немесе өзінің белгіленген орнында орналаспаса, көлік белгісі стандарт талаптарына сай келмесе – 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде, ал бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынады.  Ал жүргізуші нөмірі жоқ, әлі тіркелмеген не қолдануға тыйым салынған нөмірмен көлік айдаса, 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Жалған немесе қолдан жасалған нөмір таққан жеке тұлғаларға 55 380 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің түрін өзгерту, оларды жасырып тұратын құрылғылар қолдану, яғни жалған нөмірмен көлік жүргізуші 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерiнде айыппұл төлейді немесе бiр жыл мерзiмге жүргізуші куәлігінен айырылады. Өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе көлік айдауға қатысты басқа да құжаттары жоқ жүргiзушi көлiк айдаса, ескерту жасалады не 5 АЕК (18 460) көлемінде айыппұл салынады. Жүргізуші куәлігін алмаған (жүргiзіп-үйренуден басқа), сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушi көлiк айдаса, ол 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталанса – 30 АЕК (110 760 теңге). Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік айдаса, 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады. Ал бір жыл ішінде қайталанса, 70 АЕК (258 440 теңге) айыппұл арқалайды немесе жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Басқару құқығы жоқ адамға не көлiк құралын басқару құқығынан айырылған адамға көлiкті айдауға беру – 50 АЕК (184 600 теңге), бір жылда екінші рет қайталанса, 70 АЕК (258 440 теңге) айыппұл салынады.

 

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале