Ақжайық ауданы Есенсай ауылында “Өрле, жастар!” аудандық еріктілер форумы өтті. Аталған шараға ауданның 18 ауылдық округінен жастар ісі жөніндегі кеңесші маман және 50-ге жуық ерікті қатысты.
Аудан әкімдігінің қолдауымен және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастырыуымен өткен шараға облыс көлеміндегі мекеме басшылары, атап айтқанда, БҚО қоғамдық даму басқармасының жастар ісі жөніндегі бөлімінің басшысы Мирфат Талғатұлы, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ихсанұлы, “Жастар рухы” ЖҚ БҚО филиалы төрағасының орынбасары Ерлік Мерекеұлы және “Зияткер” БҚО әлеуметтік кәсіпкерлер ұйымының, Халықаралық білім академиясы секілді бірқатар жобаның негізін салушы Дидар Қожагелдіқызы спикер ретінде арнайы шақырылды.
Меймандарымыз аудан жастарымен ашық түрде сұхбаттасып, сұрақтарына жауап берді.
Форум бағдарламасы тек сессиялық отырыстармен шектеліп қоймай “Жастар рухы” жастар қанаты еріктілерінің таза ауада өткізген “Team building” және “BasTime” интеллектуалдық ойындарымен толықты.
Форум қатысушылары өзара топқа бөлініп, өз интеллектуалдық қабілеттерін тексерді.
Сонымен қатар мекеме басшылары Есенсай ауылындағы 91 жастағы тыл ардагері Күнсұлу әжейдің үйіне барып, Қариялар күні мерекесімен құттықтап, батасын алды.
Аудандық мәслихат депутаты Әлішер Мағзомовтың демеушілігімен қайырымдылық айлығы аясында ауылдағы аз қамтылған отбасының балаларына велосипед тарту етілді.
Шараның жабылу салтанатында Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Талғатұлы сөз сөйлеп, барлық қатысушыға сертификат табыстады.
Жұмажан Ғұмаров,
Ақжайық аудандық жастармен жұмыс
жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы