31.10.2024, 16:45
Оқылды: 115

Хакатон бәсекелестікті шыңдайды

Жақында республика бойынша жүлде қоры 50 000  АҚШ долларын құрайтын Decentrathon 2.0 көп локациялы ең үлкен хакатон өтті. Іс-шара еліміздің 17 аймағын қамтыды. Бұл іс-шараға Ақ Жайық өңіріндегі университеттер мен колледждерден 63 адам қатысты. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің акт залына жиналған хакатонға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев онлайн-трансляция арқылы құттықтап, сәттілік тіледі.

b45e2cfd-b634-4bc6-b46a-fd1d46842877

– Әлем жарықтың жылдамдығындай  жылдамдықпен өзгеруде және жасанды интеллекттің арқасында көп нәрсеге қол жеткізудеміз. Әйгілі физик Стивен Хокинг жасанды интеллект құрудағы табыс адамзат тарихындағы ең үлкен оқиға болатынын айтқан еді. Бүгінде жасанды интеллект бүкіл әлемді, соның ішінде Қазақстанды да түрлендіруде. Болашақ жасанды интеллектіде екені сөзсіз. Еліміз жаңа заманда жетекші орынға шығуға ниетті. Мемлекет басшысы «Қазақстан IT-елге және аймақтағы технологиялық көшбасшыға айналуы тиіс» деген болатын. Президент жасанды интеллект элементтерін азаматтар мен бизнестің тірлігіндегі барлық салаға жаппай енгізу міндетін қойды, – деді Жаслан Мәдиев.

Спикер Үкіметтің еліміздің цифрлық дамуындағы көшбасшы позициясын сақтап қалуы және елдің технологиялық әлеуетін арттыруды жалғастыруы үшін бар күшжігерін салып отырғанын жеткізді. Биыл жасанды интеллектті дамыту бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында Generative Nation ұлт қозғалысы басталды. Бұл бастама елдегі жасанды интеллектті дамытуға бағытталған бірқатар білім беру және зерттеу, стартаптарды қолдау бағдарламаларын қамтиды. Generative Nation қозғалысының негізі – адами капитал. Бұл – жұмыста, мектепте және күнделікті өмірде жасанды интеллектті күнделікті қолдану әдетін қалыптастырған халықтың кең бөлігі. Бірақ адами капиталдың негізгі құрамдас бөлігіне инженерлердің әлемді өзгертетін өнімдерді жасау қабілеті кіреді. Ең жақсы технологиялық бастамалар инженерлер мен келешегі зор таланттардың сала ойыншылары қойған маңызды мәселелерді шешуге жұдырықтай жұмылғандарында пайда болады.

– Decentrathon – бұл бірінші ауқымды IT шара және осы жылы Generative Nation қозғалысының негізгі оқиғаларының бірі. Бұл қазірдің өзінде дәстүрге айналып, елдің технологиялық әлеуетін дамытудағы маңыздылығын дәлелдеп үлгерді. Болашақта біз барлығына бірдей мүмкіндіктер беру үшін Қазақстанның барлық аймағын қамтуға бағытталған бастамаларды дамытуды жалғастырамыз. Осы хакатонға қолдау көрсеткен серіктестерімізге, әсіресе, Astana Hub-тың аймақтық өкілдіктеріне алғысымды айтамын.

Сондай-ақ биыл 20-дан астам жоғары оқу орны біздің шараға қолдау көрсетті. Мұндай бастамалар ұлттық ауқымда болуы тиіс. Олар жас таланттарға технология мен жасанды интеллекттің дамуына үлес қосуға мүмкіндік бере отырып, барлық аймақты қамтуы керек. Біз елімізде хакатондар керемет AI қауымдастығын құруға мүмкіндік береді деп есептейміз, – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Astana Hub-тың өңірлік менеджері Омарбек Тәшім хакатонның әзірлеушілері мен технология әуесқойлары үшін ашық екенін айтады.

– Болашақты өзгертетін шешімдерді құруға және жасауға дайын болсаңыз, Decentrathon 2.0 сіздің платформаңыз дер едім. Бұл хакатон Қазақстанның 19 қаласында өтуде. Оған IT саласына қызығушылық танытқан 2500-ден астам қатысушы, өңірімізден 19 команда қатысуда. Хакатонның негізгі мақсаты – қосымшалардың, шешімдердің немесе тұжырымдамалардың прототиптерін әзірлеу, үзіліссіз жұмыс істейтін жаңа өнімнің толыққанды нұсқасын жасау, AI, Blockchain, GameDev және Telegram mini apps салаларында стандартты емес шешімдерді іздеу. Қатысушылар төрт бағыт бойынша – жасанды интеллект (AI), блокчейн технологиясы, GameDev ойынын және Telegram шағын қосымшалары бойынша жұмыс істейді. Жалпы жүлде қоры –  осы төрт бағыт бойынша өндірістік серіктестер бөлген 50 000 АҚШ доллары. Олар қатысушыларға тапсырмалар береді, олар өз шешімдерін ұсынады. Олар 48 сағатта IT жобаларын әзірлеп үлгеруі керек, – деп түйіндеді сөзін Омарбек Тәшім.

Хакатонның ұйымдастырушылары – Astana Hub технопаркі, Jaiq Hub IT хабы және Blockchain Center зерттеу зертханасы. Decentrathon 2.0 – технологиялар әлеміндегі маңызды оқиға. Өткен жылы байқауға 9 облыстан 1500-ден астам адам қатысқан. Ал биылғы шара Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен технопарктерін қоса алғанда, 17 өңірді және Астана, Алматы қалаларын қамтыды. Қатысушылар қомақты ақшалай сыйлық үшін бәсекеге түседі, саладағы жетекші компанияларға жобаларын ұсынып, IT сарапшыларының жетекшілігімен білімдерін шыңдайды, тәжірибе жинақтайды.

Тоқетерін айтсақ,  бұл күндері экономикада, денсаулық сақтау, білім, ғылым, бизнес және басқа да салаларда  ақпараттық технологиялар қолданылуда. Оларға сұраныс артуда. Жұмысты оңтайландыратын, аутоматтандыратын инновациялық шешімдер өндіріске, күнделікті тірлігімізге енгізілуде. Ақ Жайық өңірінде де IT саласын дамытуға ниетті жастар баршылық. Бұл сайыстың жастар арасындағы бәсекелестікті шыңдайтыны кәміл.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале