13.02.2024, 10:00
Оқылды: 9

Халық министрі

Жаңақала – әлемге танымал өнер алыптарымен бірге құтты қойнауынан көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерін ұшырған киелі мекен. Осы өңірден жеті бірдей министр шыққанын айтқанымыз жөн.

84a908e7-d14f-4373-b857-b809efbc6a98

Атап айтсақ, С. Мендешев, А. Дауылбаев, Н. Залин, І. Еділбаев, М. Бутин, М. Сапарғалиев, А. Ғиният.

Бүгінгі әңгіме арқауы төрт дүркін министр болған, елімізде қаржы, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға орасан зор үлес қосып, қажырлы еңбегінің нәтижесінде Халық министрі атанған Ахмет Дауылбаев жөнінде болмақ. Аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, адал еңбегімен халқының шексіз махаббатына бөленген Ахмет Дәкішұлының қысқа ғұмырында атқарған ерен істері жөнінде оның кенже қызы Роза Дауылбаеваның «Воспоминания о будущем» деген еңбегінде толық баяндалғандықтан, осы мақалада Ахаңның өмір, еңбек жолымен оқырманды қысқаша таныстыруды  мақсат еттім.

30cddcff-876c-4039-be81-463746bbae2c

Ахмет Дәкішұлын Абай атындағы опера және балет театрынан соңғы сапарға шығарып салу рәсімі. Алдыңғы қатарда академик Қ.Сәтбаев пен Қазақ КСРО Президиумының төрағасы Н.Оңдасынов 

Ахмет Дәкішұлы 1903 жы­лы 30 қарашада Бөкей губерниясы, Жаңақала уезі, Жаңақазан ауылында балықшы отбасында дүниеге келген. Ауқатты жандардың малын баға жүріп, ауыл мектебінен сауатын ашқан. Алғыр жас кейін гимназияда оқып, ауыл шаруашылығы, заң салаларындағы білімін жетілдірген. Ол 16 жасында Жаңақала уезінде жер қатынастары басқармасында бастапқыда хатшысы, кейін меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1922-24 жылдары Жаңақала, Талов уездерінде халық соты, кейін 1925 жылға дейін Бөкей губерниялық сотында аға тергеуші, 1925-28 жылдары Орал губерниясында прокурордың Жымпиты уезі бойынша көмекшісі лауазымдарында болған. Екі жыл бойы Гурьев (Атырау), Қостанай округтік заң орындарында жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, 1930-33 жылдары Қазақ Орталық атқару комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Осы жылдарда Ахмет Дәкішұлы бай тәжірибе жинақтап, саяси, кәсіби білімін үнемі көтеріп отырған. Еліміздің ауыл шаруашылығы институтын агроном ма­мандығы бойынша бітіріп, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған.

Халық министрі (2)

Мақала авторы А. Дауылбаевтың қыздары және күйеу баласы Р. Бияшевпен бірге

Істе сыналған, саяси сауаты жоғары, орда бұзар отыз жастағы, ұстараның жүзіндей қылпып тұрған жас маманды жоғары басшылық Жамбыл облысының Мерке ауданындағы Луговой машина-трактор стансасына саяси бөлімге басшы етіп жібереді. Ол кезде бұл қызмет жауапкершілікпен бірге аса қырағылықты да қажет ететін еді. Бұл жас жігіт үшін сындарлы сынақ еді. Ел ішінде жаңа өкімет саясатына қарсылықтар көбейіп, кеңестік ұйымдарға қарулы қақтығыстардың да белең алған шағы еді. Тіпті ауқатты адамдар мал-жанымен шекара асып, көрші елдерге өтіп кетіп жатты. Ахмет Дәкішұлы бұл сыннан да сүрінбей өтіп, 1935-37 жылдары Меркі аудандық партия комитетінің бірін­ші хатшысы қызметінде болды.

Ахмет сынды жан-жақты білімді, сұңғыла саясаткер, Отанына шын берілген жандарды демде жоқ қылып жіберу ол заманда жендеттерге түк те емес еді. Ондай жандарды жалалы жасау үшін «Жапондардың жансызы», «Германияның тыңшысы» деген желеудің өзі жетіп жатыр еді. Шынында, Ахаңды 1937 жылы республиканың Қаржы министрі етіп тағайындарда оның бел немере ағасы, мемлекет қайраткері Сейітқали Мендешев жоғарыда айтылған жаламен тұтқынға алынған болатын. Осы жолдардың ауторы Алматы қаласында Ахаңның қыздарымен әлденеше рет дәмдес болып, біраз әңгімелеріне қаныққан еді.

Ахаңның үлкен қызы Райса апай: «Бала болсақ та, әлі күнге көз алдымда. Әке, әсіресе, түнді үреймен өткізеді. Жылы киім, күнделікті қолданыстағы бұйымдар салынған кішкене қапшық үнемі әкемнің кереуетінің жанында тұратын. Машина да­уысы шықса, терезеден сығалап қарап, ауыр күрсінетін-ді. Кейде анамыз қараңғы түсе жы­лы киініп, қолына түйіншегін алып, үйден шығып кететін. Сөйтсек кейін білдік қой, Сейітқали көкеміздің үйіне азық-түлік, ақша апарады екен».

Ахаңның сол кезде Орталық комитетке барып, «Мен «халық жауы» Сейітқали Мендешевтің інісімін» деп мәлім болуы, сол кезде зиялы қауым арасында аңызға айналғанын қуғын-сүргіннен аман қалған тұстастары күні кешеге дейін айтады екен. Бұл қызметті Ахаң 1940 жылға дейін атқарды. Сонымен бірге Ахмет Дәкішұлына 1939 жылдан бастап республика жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары қызметі қоса жүктеледі. Бір жыл, яғни 1940 жылы Жер қатынастары министрі болып тағайындалғаннан кейін, Ахаң 1952 жылға дейін, үзіліссіз 12 жыл республиканың Ауыл шаруашылығы министрі қызметінде болады. Ол ел басына күн туған ауыр кезең еді ғой. Жауға атылған оқтың әр тоғызыншысы Қазақстаннан шықса, майданды азық-түлік, киім-кешекпен қамтуда да еліміз алдыңғы шепте болды. Сол үшін де Қазақстанды Бас қолбасшының өзі басты назарда ұстап, үнемі республика басшыларымен байланыста болған.

Соғыс жылдарында Қазақстан майданға 6 миллион тонна бидай, 800 мың тонна ет, әскерге жарамды 150 мың жылқы тапсырды. Майдан жылдарында, тек 1942 жылы 1600-ге жуық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мемлекеттік марапаттарға ұсынылған. Ал осының бәрінің басы-қасында министр Ахмет Дауылбаев жүрген. Сондықтан да оны республика жұрты зор сүйіспеншілікпен «Халық министрі» деп атаған. Соғыстың қайнап тұрған кезінде Ахаң Ленин орденімен марапатталған. Ахмет Дәкішұлы – елімізде машина-трактор стансасының негізін қалаған қайраткер. Сол үшін де Шаяхметов пен Дауылбаевтың атына МТС-қа механизаторлар даярлайтын оқу орындарын ашу жөнінде жедел хат келеді. Орта буын механизаторлар дайындайтын оқу орны Ахмет Дәкішұлының ұйымдастыруымен алғаш рет Талғар қаласында ашылады.

Ахмет Дәкішұлы қызмет бабында Ж. Шаяхметов, Н. Оңдасынов, Д. Қонаев, Ж. Тәшенев сынды мемлекет басшыларымен, КСРО ғылым академиясының президенті Т. Лысенко, В. Бальмонт, К. Скрябин, Қ. Сәтбаев, А. Бараев, Ә. Марғұлан, М. Бутин, Ғ. Бияшев, Х. Арыстанбеков сияқты ұлы ғалымдармен ұдайы байланыста болған. Ахмет Дәкішұлы өмірден озған қаралы жиында Одақтың және республиканың әнұранының әуені ойналған. Бұл ол кезде мемлекетке, халыққа еңбегі сіңген қайраткерлерге сирек көрсетілетін құрмет еді.

Ахаң денсаулығына байланысты 1953-54 жылдары еліміздің Су шаруашылығы министрі, ал өмірінің соңғы кезеңінде ВАСХНИЛ-дің қазақ филиалы президиумының төрағасы болды. Отан алдындағы еңбегі үшін Ахаң Ленин, екі дүркін Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

Ахмет Дәкішұлы жұбайы Жамал Кенжетайқызы екеуі екі ұл, үш қыз өсірді. Үлкен ұлдары Файзи – медицина ғылымдарының докторы, профессор, екінші ұлы Ерлік – Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, биология ғылымдарының кандидаты. Ал осы Ерліктің «Ботакөз» фильмінде Асқардың рөлін ойнағанын екінің бірі біле бермейді. Үлкен қызы Райса – Мәскеудің Ломоносов университетінің түлегі, филология ғылымдарының кандидаты, ортаншы қызы Райхан Алматы шет тілдер институтын, кенже қызы Роза Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған, доцент. Қазір Ахаңның немере-жиендері ғылымның әр саласында еңбек етіп жүр.

Халқы үшін қалтқысыз қызмет істеген перзентін елі де естен шығарған емес. Қазір Алматы, Орал қалаларында өзінің туған өлкесі Жаңақала ауылында ұлы қайраткердің атында көшелер бар. Міне, кешегі күндері ел үшін аянбай еңбек етіп, Отанының ардақ тұтар ұлына айналған ұлық тұлға туралы үзік сыр осындай.

Закария Сисенғали,

журналист, еңбек ардагері,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале