9-10 қазан күндері «Атамекен» өнер ордасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Донеділ Қажымов әндерін орындаушылардың ІІІ халықаралық «Ақ Жайық – ару мекенім» атты ән байқауы өтеді.
Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Еркін Өтегенов осы халықаралық байқау жөнінде айтып берді.
– Бұл байқау биыл облыс әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен және Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен үшінші мәрте өткелі тұр. Бұған дейін екі рет республикалық деңгейде ұйымдастырылса, биыл халықаралық деңгейде өтеді. Донеділ ағамыздың ауторлық әндері орындалатын байқауға үміткерлер Маңғыстау, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан, өзіміздің өңірден және Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласынан, көршілес Ресей елінен қатысуға ниет білдіруде. Байқауға елімізге танымал өнер майталмандары қазылық етеді, – деп атап өтті Еркін Бекмұратұлы.
Донеділ Қажымов – ел есінде сақталған сырға толы «Айлы түн», «Ақ Жайық – ару мекенім», «Екеуміз», «Махаббат», тағы басқа көптеген лирикалық әндердің авторы. Сондай-ақ өнер қайраткері кейінгі жылдары «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының директоры ретінде де Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттауда елеулі еңбек атқарып жүр. 2011 жылы өз жұмысын бастаған қордың ашылғанына да он жылдан аса уақыт өтіпті.
«2011 жылғы қараша айының басында ҚР Ұлттық музейінде фотосуретші Р.Халеловтың «Қазақтың Қадыры» атты фотокөрмесін өткіздік. Содан соң Қадыр Мырза Әлидің 18 томдық шығармалар жинағын шығарумен айналыстық.
Бұл іс жомарт азамат, қор құрылтайшыларының бірі әрі бас демеушісі, «КАТЭК» компаниясының бас директоры Құндыз Нуповтың демеушілігі арқылы жүзеге асты. Мұнан кейін «Ең алдымен – ел қамы» деген атпен Қадекеңнің афоризмдер кітабын шығардық. Кітап жазушы Мереке Құлкеновтың баспасынан әдемі безендірілген дизайнмен көркем жинақ болып шықты. Абай атындағы академиялық опера және балет театрында алғашқы еске алу кешін жоғары деңгейде өткіздік. Бірер жыл өткен соң Оралда, Астанада және Қызылорда қалаларында дәл осындай іс-шаралар ұйымдастырылды. Қордың ұсынысын қолдап, Алматы қаласының әкімдігі Қадыр Мырза Әли ширек ғасыр тұрған үйдің қабырғасына естелік тақта орнатты. Қадыр Мырза Әли атындағы медаль жасаттық. Ақиық ақынның туған жеріндегі Сырым аудандық мектебінде Қадыр ақын атындағы әдебиет сыныбының ашылуына атсалыстық. Қадыр ағамыздың өзі жете алмаған сексен жылдығына арналған алғашқы шараны Алматыдағы Ұлттық кітапхана ұжымымен бірге өткіздік. Содан кейін «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы шеңберінде Қадыр ағамыздың бірнеше жеке заты мен қолжазбаларын Астанадағы Ұлттық музейге табыстадық. Қадыр ақынның жеке кітапханасын Оралда арнайы салынған Қадыр Мырза Әли атындағы Мәдениет және өнер орталығына жеткізуде қордың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бұл туралы сол кезде «Алматы ақшамы» газетіне Қали Сәрсенбай «Қадыр көшіп барады» деген мақала жазғанын көкірегі ояу зиялы қауым ұмыта қойған жоқ. Қадыр ақынның 80 жылдығына орай қордың демеушілігінің арқасында екі кітап дүниеге келді. Олар – «Балаларға базарлық» және «Абыз ақын – аңыз ақын» атты жыр жинағы.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2015 жылы «Қазақфильм» киностудиясынан Қадыр Мырза Әли туралы «Мәңгі майдан сарбазы» атты деректі фильм шықты», – деп ой бөлісіпті Донеділ Ізмағамбетұлы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында. (16 қыркүйек 2021 жыл).
Донеділ ағамыз Қадыр Мырзалиевпен ағалы-інілі болып 30 жылдай араласқан. Нағашы-жиен болып қалжыңдасатын туыстығы да өнер адамдарының арасын одан әрі жақындата түседі. Әнші-сазгер Қадыр ағамыздың «Ата», «Жар», «Бажа», «Ана», «Орал – әнім сенсің шалқыған» атты өлеңдеріне ән жазған.
«Қадыр Мырза Әли» қорының ұсынысымен Алматы қаласының екі көшесіне Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиевтің есімдері берілген. Орал қаласының жаңа ықшамауданы Қадыр Мырза Әли атымен аталуына да бастама көтерген Қадыр қоры екенін айта кеткен жөн.
Биыл 70 жасын туған жер төсінде атап өткелі отырған өнер саңлағы алдағы уақытта жаңа шығармалар жазып, жұртшылыққа ұсынуды жоспарлаған.
– Донеділ ағамыздың ел арасында кең тараған әйгілі әндері жетерлік. Ақжайықтықтардың гимніне айналып кеткен «Ақ Жайық – ару мекенім» әнінің өзі неге тұрады?.. Бұл әнді білмейтін қазақ жоқ. Донеділ ағамыздың әндерін қазақ ән өнерінің корифейі Нұрғали Нүсіпжанов, белгілі әнші Рамазан Стамғазиев, қазақ эстрадасының жұлдыздары орындап жүр. Ағамыздың әндері әуезді, сыршыл, лирикалық, қазақи нақышқа негізделген. Ән-терме, дәстүрлі бағытта жазылған әндері де бар. Талай мәрте гастрольдік сапармен ағамызбен бірге ел аралап, өнер көрсеттік. Сол кездерде біз өнер майталманының ел-жұрттың арасында абырой-беделі жоғары екендігін байқадық.
Халық оны табиғи болмысы үшін, әуезді әндері үшін жақсы көреді. Халықтың сүйікті ұлына айналған ағамыз әлі талай көркем дүниелерді ұсынатынына сенемін, – дейді өнер саңлағы туралы ой бөліскен Еркін Өтегенов.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz