Халел Досмұханбетовтың: «Исатай көтерілісі қазаққа өзінің ел екенін білдіртті, жұрттың ұлттық сезімін қозғады, қазақтың бірігуіне себеп болды. Бірақ Исатайдың өлімі артында қалған көптің, үкімет әскерінің айбарына шыдай алмай бытырауы, үкіметтің елге тарттырған жазасы қазақтың тауын қайтарды. Исатайдан соң көп қазақтың арасында орыс үкіметін күшпен жеңе алмаймыз қазақтың әлі келмейді деген пікір туды» деген сөзінің жаны бар.
Батыр ерлігін зерттеуде үлкен жұмыс жазған адамның бірі А. Рязанов болды. Ол Исатай туралы: «Қара халықтың бостандығы үшін, жанын құрбандыққа шалған айтулы күрескер. Исатай батырдың ерлігі мен есімі қазақ халқының ұлттық батырлары Сырым Датұлы, Кенесары Қасымұлы тағы басқалардың есімімен қатар асқақ тұруы тиіс» деп жазды. Осы тұжырым өкінішке орай, бүгіндері солғын тартып бара жатқанға ұқсайды.
Кейінгі қазақ өкілі Халел Досмұхамедов өзінің «Исатай-Махамбет» кітабында: «Патша үкіметінің құрығынан құтылу үшін Кіші жүз үшін еткен істерінің біз бір қатарын ғана білеміз. Бұлардың ішінде зорлары мыналар. 1780-1800-інші жылдардың шамасындағы байұлы байбақты руынан шыққан Сырым батыр Датұлының көтерілісі. Бұл бір. Екіншісі, 1830-1845-інші жылдардың шамасындағы байұлы беріш руынан шыққан Исатай батыр Тайманұлы һәм Махамбет батыр Өтемісұлы көтерілісі» деп жоғары баға берді.
Одан әрі Халел ағамыз «Халық үшін Исатай үй ішін, туған туысқандарын садақаға берді. Екі баласы, бір қатыны соғыста өлді. Екі баласы бір қатыны жаудың қолына түсіп, айдауда шіріді. Ағайындары шабылды. Тұтқындалды. Тырнақтап жинаған мал мүлкі бүтін қара орман дүниесі жаудың қолында қалды. Жәңгір ханға кәдірлі елдің билері, бірнеше рет ханмен бітістіремін деп араға түссе де Исатай болмады. «Халықтың тілегін орындамаған ханмен бітім болмайды» деп батырдың рухына барынша баға берді.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz