Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік органдардың әлеуметтік медианы жеке басының қамына пайдалану әрекеттерінің жетегінде кететінін сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тағы бір маңызды мәселе. Келіп түскен өтініштер нөпірімен жүйелі жұмыс ұйымдастыру қажет. Биыл ғана мемлекеттік органдарға нақты проблемалар мен адамдардың тілектері айтылған миллионнан астам өтініш келіп түсті. Мемлекеттік органдарға өтініш беруді жеңілдету үшін «E-Otinish» жүйесі іске қосылды.
Талдау көрсеткендей, азаматтар өз сұрақтарына жауап таба алмай, Президент Әкімшілігіне жазуға мәжбүр. Көбі «Жергілікті билік халықты естігісі келмейді, Президенттің саясатына саботаж жасайды» деп есептейді. Сондықтан бүкіл мемлекеттік органдар өтініштермен асқан жауапкершілікпен жұмыс істеуге тиіс», - деді Президент.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін ең әуелі мемлекет пен қоғам арасында жүйелі байланыс орнату керектігін еске салды.
«Мемлекет жүйелік мәселелерді шешіп, сигналдарға тиімді жауап беруі керек. Көптеген адамдар әлеуметтік медианың әлеуетін өздерінің жеке мүдделері үшін пайдаланады.
Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар соынң жетегінде кетіп жатады. Бұл көбінесе қолда бар ресурстарды ұтымсыз пайдалануға әкеледі. Бұл ретте туындаған проблемалар шешілмейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.