Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының мәжіліс залында облыстық және Орал қалалық мәслихаттарындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракцияларының біріккен жиналысы өтті.
Жиналыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе-партияның XXI кезектен тыс сиезінің құрылтай шешімдерін және онда қойылған міндеттер, елді жан-жақты жаңғырту мен Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған Президенттің бағдары мен партияны реформалауды түсіндіру бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов, Мәлік Құлшар, Снежана Имашева баян етті.
Олар бүгінгі таңда партияның алдында жаңа мақсаттар қойылғанын айтып, Жаңа Қазақстанды, жаңа экономиканы, жаңа саяси жүйені құруға партияның атсалысып, осы жолда аянбай жұмыс істейтіндігіне сендірді. Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ Қазақстан Президентінің күні кешегі эксклюзивті сұхбатында елде қалыптасқан жағдай туралы бірқатар мәселелердің ашық та бүкпесіз айтылғанын, барлық деңгейдегі депутаттар сұхбаттың мән-мазмұнын елге түсіндіру үшін алдымен өздері бұған жіті ұғынып алуы керек екендігін мәлімдеді.
Жиында республикалық жол картасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысындағы жобалардың, дәлірек айтқанда 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыру, облыстағы қалалар мен аудандарды елдің бірыңғай энергия жүйесіне қосу жайында сөз болды. Бұл мәселеге сәйкес ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежана Имашева Жайық өзенінің жай-күйі республикалық «Нұр Отан» партиясының бақылауында тұрғанын, өзенді қалпына келтіру мақсатында бағдарлама қабылданғанын баяндады.
–Әзірше өзенді ғылыми-зерттеу бағытына қаржы табылмауда. Бұрынғыға қарағанда бүгінде өзенге су түсіңкіреді. Өзеннің тартылуына қатысты кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы судың сапасы 4-ші және 5-ші класс деңгейінде болып танылды. Қазір Қазақстан-Ресей сарапшылары бірлесіп қызмет атқаруда. Еліміздегі өзендерді қалпына келтіру, сауықтыру бағытындағы жұмыстар тоқталмастан жүргізіле береді. Бұл мәселе Үкімет пен Парламент депутаттарының ұдайы назарында. Энергия жүйесіндегі жағдай баяғыдан айтылуда. Соның арқасында қатып қалған сең орнынан қозғалды, дегенмен көп нәрсе істелді деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Бұл мәселе бойынша да әзірге зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қаржы бөлініп, алғашқы қадам жасалды,-деді ол.
Жиналыста «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев облыс бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының орындалуының барысы туралы баяндама жасады. Баяндама айтылғанындай, өткен жылы республикалық бюджеттен қаржы жетіспеуіне байланысты 37,6 млрд теңге құрайтын 16 жоба орындалмаған. Соның ішінде, жол құрылысы бойынша Ақжайық ауданы Чапай ауылында Жайық өзені арқылы өтетін аутомобиль көпірінің құрылысын, Бударино ауылына кірме жолын күрделі жөндеу, Бәйтерек ауданының Раздольное ауылына кірме жолды орташа жөндеу, Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу, Теректі ауданының Юбилейный, Магистральный, Шағатай, Аңқаты, Покатиловка ауылдарының кіреберіс жолдарын күрделі жөндеу қажет. Осындай барлығы 9 жоба 35,2 млрд теңге қаржы құрайды. Сол сияқты тұрғын үй құрылысы бойынша 1,8 млрд теңгенің 3 жобасы бар. Атап айтсақ, Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылы «Темір ауыл-1» тұрғын кешеніндегі 83 бір пәтерлі тұрғын үйді салу, Сырым ауданы Алғабас ауылында 10 тұрғын үйдің құрылысы, Тасқала ауданы Тасқала ауылында 2 үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы.
Сондай-ақ Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылындағы Еңбекші елді мекені, Сырым ауданы Шағырлыой ауылы, Қаратөбе ауданы Шалғын ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамтуға 571,5 млн теңге және Ақсай қаласының көппәтерлі тұрғын үйлердің күрделі жөндеуіне 87,1 млн теңге бөлінуі қажет. –Көп жағдайда республикалық министрліктер және ведомствалар жергілікті деңгейдегі «Жол картасы» бағдарламаларының орындалуына ықпал жасамайды. Соның салдарынан орындалмау қаупі бар шаралар қатары көбейе түседі. Аталған жобалар халыққа берілген уәде болғандықтан міндетті түрде орындалуы қажет. Сондықтан құрметті Мәжіліс депутаттары,қаржы жетіспей отырған жобаларды Үкімет мүшелерінің алдында көтеріп, оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз. Сіздердің өңірімізге сапарыңыздың соңына дейін барлық өзекті мәселелерді қолдарыңызға ұсынатын боламыз,-деді Мұрат Мұқаев.
Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттарының тарапынан жиі қойылған бюджет, мемлекеттік сатып алу жөніндегі сұрақтарға жауап қайтарып, бұл тұрғыда республикалық қаржы министрлігімен бірлескен түрде жұмыс істеу туралы ұсыныстарына ден қойды.
Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов былай деді:
–Сіздер айтып өткендей, министрлерді облысқа алып келу қолымыздан келмейді. Дегенмен Мәжілісте бұл іспен шұғылданатын комитет бар. Сол комитеттің отырысын биыл біздің облыста өткізуге тырысамыз,-десе, депутат Мәлік Құлшар Жайық өзені мәселесі алдағы уақытта жоғары құрылымдар алдында тағы да қаралатынын, Подстепное-Орынбор трассасының қаржы мәселесі толықтай шешіле қоймағандығын айтты.
–Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарындағы жолға былтыр игерілмеген қаржы биыл іске асырыла бастайды. Асфальт өтіп жатқан күре жолдардан ауылға кірме жолдарға тас жол төсеу қолға алынып, ауылға кіреберіс 5 немесе 10 шақырым жолдардың сапасы түзеліп қалмақ. Көшеішілік жолдарға да қаржы қарастырылады. Электр энергиясы жүйесінің 70-80 пайызының тозығы жеткендігін жақсы білеміз. Облыстық электр тасымалдау компаниясы екі жыл жеке қолда болды. Енді облыстық бюджетке берілді. Қазір жоба жасалуда. Қай ауылға баған, сым ауыстыру, жаңа трансформатор қажеттілігі анықталуда. Бұған республикалық, облыстық бюджеттен де қаржы бөлінеді деп отырмыз. Сол сияқты оңтүстік аудандарға Еділдің суын жеткізу мәселесіне тоқталсақ, өткен жылы 145 млн текше метрге 4,1 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл 145 млн текше метр су алуға 5,1 млрд қаржы қарастырылды. Алайда бұның аздығына байланысты қазір министрлікке өтініш беріліп, қосымша 1 млрд теңге бөлінеді. Сөйтіп биыл бұрынғыдан көп су алуға тырысатын боламыз. Киік мәселесін шешуге сәйкес министрлік арқылы Ащыөзек және Бөкей ордасы резерваты мен Ащыөзек қауымдастығына Үкіметтің қаулысы дайындалып, қазір қол қою қалды. Экология министрлігі арқылы осы екі мемлекеттік табиғи қорға, резерватқа, қауымдастыққа қосымша штаттар алу үшін қаржы бөлінетін болды,-деді Мәлік Иманқұлұлы өз сөзінде.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz
Фотосурет: Равхат Халелов