Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да орналасқан №187 сайлау учаскесіне келушілер легі сағат санап артуда. Мұнда барлығы 2327 сайлаушы тіркелген. Сағат түскі 12-ге дейін 1092 сайлаушы дауыс беріп үлгерген.
№187 сайлау учаскесінің төрағасы Ринат Окумбековтың айтуынша, еліміздің болашақ президентін таңдап, өз үміткеріне дауыс беруге келген халықтың белсенділігі сағат санап артуда. Аталмыш сайлау учаскесіне келушілердің қатарында жастардың үлесі басым.
-Еліміздің келешегі және әр қазақстандық азаматтың болашағы үшін аса маңызды саяси доданың барысын 17 бақылаушы мен БАҚ өкілі қадағалауда. Соның ішінде екеуі - халықаралық бақылаушы. Бұған қоса ҚР Президенттігіне үміткер 2 кандидаттың сенімді өкілдері сайлау комиссиясының жұмысын бақылауда, - дейді Ринат Серікұлы.
-Біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған жандармыз. Аға ұрпақтың тілегі - еліміздің тыныштығы, жұртымыздың амандығы. Түсіне білген адамға бейбіт өмір мен ауызбірліктен артық бақыт жоқ. Сайлауға қатысу - азаматтық парызым және ұрпақ алдындағы аталық, әкелік жауапкершілігім. Аяқ астынан облыс орталығына жол шыққан соң, ауылдағы сайлау учаскесінен уақытша тіркеу қағазымды алып, қаладағы сайлау учаскесіне келіп дауыс беріп тұрмын, - дейді Қазталов ауданына қарасты Қараөзен ауылының тұрғыны Ғиниятолла Әлпейісов.
Динара Есентаева
zhaikpress.kz